Жомарт кесенесі жаңғыртылды

         Заманында жомарттығымен бүкіл қазақ даласына танымал болған Нұрлан Бәйсейітұлының есімі тарихта қалған. 

Нұрлан мырза 1818 жылы туған, 1851 жылы 33 жасында Кәрсөн-Керней елінің болысы болып сайланған.

Бірде Ағыбай батыр жер алып, қоныстойын жасағанда батырды көкке көтеру үшін Нұрлан жомарт батырдың қоныстойына деп жүген-құрық тимеген қырық қысырақ ту биені айдатып келіп, Теректі өзенінің бойына иіріп, өзі бұрын көрмеген Ағыбай батырды іздеп тауып «мен Байсейіт бидің баласымын, атым Нұрлан» деп таныстырған екен.

Ағыбай батыр: «атақты Нұрлан мырза сен екенсің ғой», – деп қолын ұсынған.

– Қоныс тойын жасап жатқаныңызға қуанып, «сойыс малыңыз» деп қырық қысырақ айдатып келдім.

– Рахмет, балам. Алладан қайтсын. Әкеңнің жасап жатқан қызметінің өзі қырық қысырақтық емес пе?, – деп риза болған батыр арқасынан қағып, бөлек үйге түсіріп, ерекше құрмет көрсеткен екен.

Нұрлан мырза туралы ел жадында қалған әңгімелер көп. Нұрлан қатарынан озық туған, сауатты әрі әділ азамат еді деп айтылады, ең бастысы, жарлы-жақыбайларға көп жақсылық жасаған. Сөйткен Нұрлан бай десе бай, жомарт десе жомарт, алды кең, елге мырза атанған. Ер көңілді қайран азамат әкесі Байсейіттен бұрын қайтыс болады. Қоянды жәрмеңкесінен қайтып келе жатқанда.

Жуырда Нұрлан мырзаның Кеншоқы ауылының іргесіндегі Қызылшоқыда бір ғасырдан астам тұрған мазары «Мәдени мұра» бағдарламасы арқылы қайта көтеріліп, қалыпқа келтірілді.

Атақты бабамыздың кесенесінің ашылу салтанатына ел көптеп жиналды. Салтанатты жиында ақын Амантай Рәшитов өзінің арнау өлеңін оқыды, бабамыздың ұрпағы жасы 92-дегі Сарқыт әжей, ауыл ақсақалы Қайыргелді Мусин, жазушы Төрехан Майбас ағаларымыз, аудан әкімінің орынбасары Азамат Әбілдин және басқалары игі тілектерін білдіріп, құтты болсын айтысты. Кесенені қалпына келтірген «Казрестовратор» мекемесінің құрылысшылары түркістандық Қуаныш, Азат бауырларымызға, осы істің басы-қасында болып, көмектесіп, атсалысқан Кеншоқы ауылдық округінің әкімі Боранбай Жұматовқа және барша кеншоқылық азаматтарға алғыстарын білдірді.

Соңында Кеншоқы азаматтары және ұрпақтары ас беріп, баба рухына құран бағышталды.

Күннің суытып кетуіне байланысты кесененің ішкі әрлеу жұмыстары көктемге қалды.

Мейрам ДӘУЛЕТБЕКҰЛЫ.

ШЕТ ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.