Аймақ

Жолдың жыры бітпей тұр

Саран мен Шахтинскіні жалғайтын 19 шақырымдық жолдың жыры бітпей тұр. 2019 жылы басталған жөндеу жұмыстары әлі аяқталмаған. Жолаушылар сол баяғы шұрық-тесік, сиқы қашқан жолмен қатынауға мәжбүр. Бұқараның жанайқайын біз де тыңдап қайттық.

Саран қаласы

Бұл жол – Саран мен Шахтинск арасындағы негізгі күретамыр. Әбден тозғаннан кейін 2019 жылы жөндеу жұмыстары басталған. Бірақ, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы өкілдерінің сөзінше, жолдың әлі күнге дейін тапсырылмауына мердігер кінәлі. Компанияның аты – «СейСер» ЖШС. Олар жоспардың жартысына жетпей жатып, өздерін банкрот жариялаған. Осыған байланысты тапсырыс беруші тарап сотқа жүгініпті. Сот өз кезегінде істі сараптай келе, мердігер компанияны кінәлі деп тауып, қара тізімге енгізген. Ал, қара тізімге жазылғандар тендерлерге қатыса алмайды. «Қарағанды-Саран-Шахтинск» тасжолының қотыр­ланған 19 шақырымын жөндеуге облыстық қазынадан 4,5 млрд. теңге бөлініпті. Берілген соманың 1,5 млрд. теңгесін «СейСер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмсаған. Сол қыруар қаражатқа жасалған жұмыс әлі қабылданбай жатыр. Өйткені, шала-жансар хәлде. Айтып отырған 19 шақырымның ішінде 3 көпір бар. Екеуінің жағдайы тіпті, нашар. Көпір үстінде асфальт түгілі, жиегінде қоршау да жоқ.

Тұрғындар шұрық-тесік, шаңы көтерілген жол қажытты деп отыр. Көктем кезінде асфальт жабындысы жоқ шақырымдары әбден әуреге салады екен.

– Өткен аптада көршімнің баласы қатты ауырып, жедел жәрдем шақырған едік. Дәрігерлер кешігіп келді. Ашуланып, ақ халаттыларға өкпемізді айтқанда, олар нашар жолдың кесірінен жылдам жүре алмағандарын айтты. Содан ештеңе дей алмадық. Оларда кінә жоқ. Мына жолда сәл жылдам жүрсең, көліктің асты соғылады. Адам өлім аузында жатса, не болады? Жедел жәрдемнің кешіккеніне кім жауап береді? – дейді Шахан кентінің тұрғыны Светлана Ежуманова.

Саран қаласы

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының қызметкері Ақылжан Уахитовтың айтуынша, жөндеу жұмыстары биыл қайта жанданады. Мердігерлер табылып, қажетті құжаттарға қол қойылған. Тек, жұмысты бастау ғана қалды деп отыр. Келесі жылы 19 шақырымды толығымен жөндеу үшін осы жаз аяқталғанша айналма жолдар төселмек. Ағынды суды өткізетін құбыр мәселесін де біржақты қылмақ.

– «Көкшетауавтодор» ЖШС мердігерлік ұйымы ағымдағы жылға уақытша айналма жолды, су өткізгіш құбырларды орнату, желілерді көшіру, көпірлерді абаттандыру және т.б. бойынша жұмыстарды жоспарлады. Бүгінгі таңда жоғарыда аталған жұмыстар басталды, – дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы Ақылжан Уахитов.

Жаңа мердігердің жұмысы әкімдіктен бөлек, Қарағанды облысы бойынша «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» бақылауында болады.

– Жасалатын жұмыс қадағаланады. Қолданылатын материалдардың сапасы тексеріледі. Стандарттың толық сақталуы маңызды, – дейді ұлттық орталықтың ­маманы Талғат Тәукеханов.

Ерік НАРЫН,
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button