Жаңалықтар

Жол сапасын жүрген білер

«Адам үйінен қырық қадам шыққаннан кейін кіріптар болады», «Жол азабын жүрген біледі» дейді дана халқымыз. Абай ауданындағы жол сапасы мен күтіміне жауап беретін, жолаушылардың діттеген жеріне еш қиналмай жетуін қамтамасыз ету үшін қысы-жазы тыным таппай жұмыс істейтін кәсіпорын – «Қазавтожол» ЖШС Қарағанды облыстық филиалының 42-ші жол пайдалану бөлімі.

Кәсіпорынды «Жас келсе – іске» демекші, осы салада ысылған маман, іскер азамат Нұргелді Сейфулғазин басқарады. Жаңаарқа ауданының Атасу кентінде туып-өсіп, орта мектепті бітірісімен алғаш еңбек жолын жүргізушіліктен бастап, 2010 жылы Алматыдағы Қаныш Сәтбаев атындағы техникалық университетінің көлік техникасы мен технологиясы факультетін ойдағыдай бітіреді. Жас маман осы жол пайдалану кәсіпорнында екі жыл жол шебері, екі жыл механик болып істеп, 2015- 2017 жылдары Нұра ауданының 48-ші жол пайдалану бөлімінің басшысы қызметін атқарды. Енді Топар кентінде орналасқан осынау кәсіпорынның тізгінін қолға алды.

42-ші жол пайдалану бөлімінің қызмет көрсету аймағына республикалық маңызы бар Қызылорда – Павлодар бағыты бойынша асфальт жолдың 172 шақырымы кіреді. Жыл басталғаннан бері осы жолдың бетіне 670 тонна көктайғаққа қарсы құм қиыршығы, 142,51 тонна тұз араласқан қиыршық себілген. Сондай-ақ, жаз мезгілінде екі айға арналған кешенді-мақсатты бағдарламаны жүзеге асыру барысында жолдың 24 961 шаршы метр болатын ой-шұңқыры бітеліп, 172 шаршы метр жолдың беткі қабаты тегістелді. Сол сияқты автопавильондардың тиісінше 20-сы әктеліп, сырланған. 93 дана жол белгілері, 6 дана панно, 170 дана дабылдық бағаналар, 40 дана шақырымдық белгілер орнатылды. Жол жиегіндегі ойпаңдар тегістеліп, шөп, бұталары оталып, жоласты су өткізгіштері тазаланыпты. Биылғы атқарылған шаруалардың ең бастысы жолдың 912-ші шақырымында, яғни Қарабас кентінің ішімен өтетін жолдың бетіне жаяу жүргіншілер үшін түнде жанатын проекциялық жолақтың салынуы. Жалпы кәсіпорын ұжымы биылғы 11 айда 382 миллион 475 мың 700 теңгенің жұмысын тындырған.

Бізге осы атқарған істері жайлы баяндаған Нұргелді Көшімханұлы:

– Қылышын сүйретіп жеткен осы қысқа да, алдағы жылға да қапысыз, сақадай сай дайындалдық. Біздегі 46 адамның әрқайсысы өз міндетін жақсы біледі. Ал, қолдағы техникаларымыз қар тазалап, құм себетін 5 КДМ, 1 автогрейдер, 3 МТЗ тракторы, 1 жүк тиегішіміз тегіс әзір. Олардың 100 пайыз даярлығын бас механигіміз Мәди Қабаханов бастаған жүргізушілер Харият Еркебұлан, Оразбек Серіжан, автогрейдерші Сайран Рахымбергенов, механизатор Игорь Колодкин тағы да басқа жігіттер қамтамасыз етті.

Ал, жұмысқа қажетті асфальтті өз заводымыз шығарып, битум мен қиыршық құмды, тасты, әкті, қазандығымызға көмірді сырттан сатып аламыз. Қазіргі күнге дейін жоспарлы 930 текше метрдің орнына 1500 текше метр қиыршық тас пен құмды, 20 тоннаның орнына 29 тонна тұзды, 210 тонна көмірді жеткізіп, қоймаларға төгіп алдық.

Негізінен біздің жол бөлімі Абай, Шет, Бұқар жырау, Жаңаарқа аудандары аумағындағы жолдарға қызмет етіп, жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, – дейді.

Расында да, өткен қыстың қарлы бораны мен қақаған аязында бұл бөлім қызметкерлері мен жұмысшылары қар құрсауынан жоғарыдағы жолдың 906-946 шақырымы аралығында 10 адамды, 906-774 шақырымында 8 көлікті қар құрсауынан шығарып, құтқарып қалған. Одан кейін қардың күрт еруіне байланысты Құлайғыр мен Южный ауылдары аралығындағы тас жолдың 889-899 шақырымында жолдың бетінен су жүріп кетіп, көлік қозғалысы уақытша тоқтатылған еді. Жол үстінен ағып жатқан судың деңгейі 40 сантиметрге дейін көтеріліп, ол 850 метрді қамтыған. Міне, табиғаттың осы тосын мінезіне тойтарыс беруге аталған бөлім ұжымы да білек сыбана кірісіп, аз уақытта көлік қозғалысын қалпына келтірді. Атап айтқанда, ағын су жолына қиыршық тас, құм төселіп, бөгеліп, тас жолдың су шайып кеткен жиектері жөнделіп, тегістеледі.

Енді биылғы қыс басталғалы да 845 шақырымда жолдан шығып кеткен 1 жүк автокөлігі мен 865 шақырымда 1 жеңіл көлікті сүйреп шығарып, аман-есен жолға салып жіберген.

Ержан ИМАШ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button