Жаңалықтар

Жол сапасы бақылауда

Кез келген жұмысқа бақылау мен талап керек. Бақылау бар жерде, сапа бар. Әсіресе, ел экономикасының күретамыры саналатын жолдардың сын көтеруі – маңызды. Қауіпсіздік – бірінші орында. Төселіп жатқан тас жолдардың талапқа сай жасалуын «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» қадағалайды.

Орталықтың облыстағы филиалы түрлі деңгейдегі сынамаларды жасауға арналған заманауи зертханамен қамтамасыз етілген. Зертханада жол төселген жердің қыртысы мен топырақтың құрамы толық тексеріледі. Асфальтты да сынамадан өткізетін арнайы бөлім жұмыс істейді. Жөнделген жолдың сапасы сын көтермесе, қайта салғызуға құзыреті жетеді.

Орталық асфальтты ғана емес, жол бойындағы белгілердің де дұрыс қойылуын қадағалайды. Мұнда рефлектометр деп аталатын құрылғының екеуі бар. Біреуі асфальт үстіндегі жолақтардың, екіншісі жол бойындағы белгілердің түнде жарқырау деңгейін өлшейді. Екеуінің құны – 16 миллион теңге. Тілін табатын мамандар да жеткілікті. Биыл университет тәмамдаған жастарды жұмыспен қамтыған. Олар қазір өз қызметтеріне төселді дейді басшылық. Біліктіліктерін арттыру мақсатында оқу курстарына да жіберіледі екен. Өйткені, орталықтың атқаратын міндеті сауатсыздықты кешірмейді.

Зертханада жылына шамамен алғанда 1000-2000-ға жуық сынама жасалады. Мәселен, былтыр сынамалардың саны 2292-ге жеткен. Ал, жыл басталғалы 1239 сынама жасап үлгерген.

Қазір зертхана толығымен цифрландырылып жатыр екен. Сынамалардың нәтижелері бірден арнайы қызметтік порталға енгізіледі. Ақпаратты Астанадағы басшылық көреді. «Бұл – жұмыстың сапасын арттырады» дейді мамандар.

жол сапасы

– Цифрландырылған жүйе – ашықтықты қамтамасыз етеді. Жұмыс барысында болуы ықтимал «көз қысты, бармақ бастының» алдын алады. Сынаманың нәтижелерін бірінші басшыдан бастап, зертханашыларға дейін көруге мүмкіндігі бар. Қазіргі уақытта жаңа жүйенің жемісін көріп отырмыз, – деді зертхана жетекшісі Алексей Райлян. Оның үстіне, зертханаға әкелінген материалдардың қайдан алынғанын ешкім білмейді. Қай жол, қай мердігер екені айтылмайды. Жеткізушілер бұл ақпаратты құпия сақтайды.

Бүгінде орталық мамандары жөндеу жұмыстары былтыр басталған Нұра мен Осакаров ауданын жалғайтын облыстық маңызы бар жолдың төңірегінде жұмыстар атқарып жатыр. Төселген жол сынамадан өтпеген. Сапасы нашар, талапқа сай келмейді екен.

– «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» жұмыстың сапасын төмен деп бағалады. Қазір мердігер біз берген ескертулерді ескеріп, ақауларды жойып жатыр. Яғни, барлығын басынан бастап, талапқа сай етіп жасайды. Атқарылған жұмыстарды бақылауға алдық, – деді бөлім басшысы Тұрар Манас.

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығында» арнайы сайт бар. Сайттан атқарылған жұмыстар жөнінде ақпарат алуға болады. Сынамалар саны мен анықталған ақаулар тайға таңба басқандай ашық көрсетілген.

Ерік НАРЫН,
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button