Брифинг

Жол құрылысы – маңызды мәселе

Қарағанды облысындағы автокөлік жолдарының ұзындығы – 12 422 шақырым. Бұл жағынан аймақ республикада 5-ші орында тұр. Оның 1 507 шақырымы биыл жөнделді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте облыстық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мақсат МҰҚАШЕВ айтты.

– Жөнделген жолдың 674 шақырымы республикалық маңызы бар жолдар, 506-сы облыстық маңызы бар жолдар болса, 278 шақырымы – облыс қалалары мен аудандарына тиесілі. Қарағанды қаласының басында 49 шақырым жол жөнделді, – дейді М.Мұқашев. Спикердің айтуынша, жол жөндеу жұмыстарына 3 мың арнайы техника, 59 асфальт зауыты және 5 мың жұмыскер тартылған.

– Жөнделіп жатқан республикалық маңызы бар жолдардың негізгісі Орталық-Оңтүстік коридорының учаскесі – Қарағанды-Балқаш және Балқаш-Бурылбайтал. Қазіргі уақытта аталған жол учаскелерінде жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жыл соңына дейін елдің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жекелеген учаскелер бойынша жүру мүмкіндігін жасайтын болады. Сонымен қатар, Жезқазған– Қызылорда бағытындағы автожол мердігерін анықтау бойынша конкурстық жұмыстар жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары келесі жылға жоспарланған, – деп атап өтті Мақсат Әділұлы.

Жол бойындағы сервистерді жетілдіру бойынша да жұмыстар атқарылуда. Спикердің айтуынша, барлығы желідегі 164 сервистің 89-ы, яғни, 55%-ы стандартталды. Қалған 75-не қатысты жұм жылдары қолға алынбақ. Облыстық маңызы бар жолдардың жөндеу жұмыстарына қатысты тоқталған маман жалпы ұзындығы 506 шақырым болатын 32 нысанның жөнделгенін атап өтті.

– Оның ішінде, 107 шақырымдық 6 автокөлік жолы учаскесі мен 3 көпірді қайта жөндеу. Осакаров-Молодежный жолының жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Ново[1]долинка – Шахан – Молодецкая жолдарының 17 шақырымы жөнделіп жатыр. Сондай-ақ, Нұра мен Соқыр өзендерінен өтетін көпірлер де жөндеу жұмыстарымен қамтылған. Қарағанды-Үштөбе-Құрылыс учаскесі бойынша жұмыстар да жүріп жатыр. Нұра-Шахтер-Пржевальское, Қарабас-Жартас-Долинка жолының қалған учаскесі де жөнделуге алынды. Қаражал-Атасу бағыты бойынша былтырдан қалып қойған 28 шақырым жөнделуде, – деді спикер.

Бұдан бөлек, автокөлік жолдарының орташа жөндеу жұмыстары 22 нысанда жүріп жатыр. Оның жалпы ұзақтығы 380 шақырымды құрайды. Биылғы жылы оның 160 шақырымы қолданысқа беріледі және 102 шақырымы ашылатын болады. Қалған 118 шақырымының жұмыстары келесі жылға қалмақшы. Ауылдық елді мекендердің көлік инфрақұрылымын жақсарту мақсатында «Ауыл – Ел бесігі» арнайы бағдарламасы жүзеге асырылады. Аталған бағдарлама қабылданған 2 жылда ауылдық елді мекендерде 105 шақырым жол жөнделді.

– Биыл 25 елді мекеннің 120 шақырым болатын ауыларалық жолдарын жөндеуге қаражат бөлінді. Бүгінде оның 80%-ы орындалды. Ал, облыс орталығына келетін болсақ, 49 шақырым болатын 16 учаскеге жөндеу жұмыстары жасалды. Оның негізгілері Волочаевск көшесі, Сұрыптаудағы айналма жол секторы, 14-ші шағын аудандағы автостанциядағы жөндеу жұмыстары, сонымен бірге, Маркс-Магнитогорск автокөлік жолының жөндеу жұмыстары. Орташа жөндеу жұмыстарына 11 учаске ілікті, – деген Мақсат Мұқашев жүргізілген барлық жол құрылыс жұмыстарының сапасы үнемі бақылауда болатынын жеткізді.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button