Бас тақырып

Жол апаты азаймай тұр

Қазір әлеуметтік желіде, сайттарда жан түршігерлік жол-көлік апаттары туралы хабарды жиі оқитын болдық. Көліктен ұшып кеткен немесе ішінде жан тапсырған адамдардың қанға бөккен суреті, ұялы телефонға түсірілген видеолар бірге салынады. Бұрын мұндай деректер тек полицияның қолында болатын. Арнайы топ келіп, оқиға болған жерді қоршап, өздері сараптама жасайтын. Ал, қазір…

1493 АДАМ ҚАЙТЫС БОЛҒАН

Еліміздегі жол апаттарының саны жыл өткен сайын артып барады. Статистика комитетінің мәліметінше, жыл басынан бері 5626 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 1493 адам қайтыс болған. Ал 12917 адам түрлі деңгейдегі жарақат алған. Бұл – тоғыз айдағы статистика. «Көлік санының артуынан» деген жалған пікір бар. Алайда, сол апаттардың қалай болғанына зер салсақ, ойымыз өзгерер еді. Мысалы, 31 қазан күні Қарқаралы ауданының полиция бөліміне Егіндібұлақ пен Теректі ауылдары арасындағы жол-көлік оқиғасы туралы хабарлама түскен. Жедел келген топ 23 жастағы жігіт тізгіндеген көлік белгісіз бір себептермен жолдан шығып кетіп, аударылып қалғанын анықтады. Жүргізуші жарақаттан көз жұмды. Оқиға орнын тексеру кезінде, белгісіз біреудің күтпеген жерден қарсы жолаққа шығып кеткені, ал қайтыс болған жүргізуші бетпе-бет соқтығысудан қашып, рульді қатты бұрып жібергені белгілі болды. Оқиғаға кінәлі адам қашып кеткен. Жедел-іздестіру іс-шараларының барысында полиция қызметкерлері ізін суытпай 36 жастағы ауыл тұрғынын анықтап, ұстады. Ол маневр жасау кезінде қарсы жолаққа шығып кетіп, қарсы беттегі көлікпен соқтығысқанын айтты. «Жол қозғалысы ережелерін бұзу» және «Жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалу» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ал, осы оқиға көлік жүргізушінің ережені сақтамауынан болған.

«ҚАУІПСІЗ ЖОЛ» АПАТТЫҢ АЛДЫН АЛАДЫ

Қарағанды облысында «Қауіпсіз жол» шаралары жұмысы басталғалы бері 3735 заң бұзушылық анықталған. Бұл 8-17 қараша аралығындағы ғана көрсеткіш. 4 күнде қауіпсіздік белдігін пайдалану ережесін бұзғаны үшін 328 жүргізуші, ұялы телефон пайдаланғаны үшін 224, жаяу жүргіншіге жол бермеген 62 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, жаяу жүргіншілер тарапынан 405 ереже бұзушылық тіркелді. Сондай-ақ, профилактикалық мақсатта полицейлер 1415 дана парақшалар мен буклеттер таратып, 800 шақырым қауіпті жол учаскелері тексерілді. «Иә, айналдырған төрт күнде бір ғана аймақта 4 мыңдай ереже бұзылса, жалпы елімізде қанша тәртіпсіздік болды екен?» деген сұрақ туындайды.

ЖОЛ САҚШЫСЫ ДА ЕРЕЖЕ БҰЗДЫ

Қарағандыда полиция қызметкері ауысымнан кейін үйге келе жатып, қиылыста бағдаршамның сары түсіне қозғалып кетті. Ол ішінде бір жасар бала бар көлікпен соқтығысты. Қайғылы оқиға Республика даңғылы мен Дүйсембеков көшесінің қиылысында болған. Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі «Mercedes көлігінің тізгінінде отырған 37 жастағы полиция қызметкері қиылыста сары түске өткен. Рулінде 29 жастағы жүргізуші отырған «ВАЗ-2114» көлігімен соқтығысты. Жол апаты салдарынан «ВАЗ-2114» көлігінде болған бір жасар бала алған жарақаттан көз жұмды. Автокөлік жүргізушісі мен 27 жастағы жолаушы түрлі жарақатпен ме дициналық мекемеге жеткізілді», – деп хабарлады. Қылмыстық кодекстің 345- бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

ТАҒЫ ДА АДАМ ӨЛІМІ

Қарағандыда ірі жол апаты болды. Ақтас кенті маңындағы Қарағанды-Саран-Шахтинск тасжолында Nissan Sunny жеңіл автокөлігі мен «ПАЗ» автобусы соқтығысты. Nissan Sunny автокөлігінің 33 жастағы жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен. Жол апатынан жеңіл автокөліктің жүргізушісі оқиға орнында көз жұмған. Көлік қатты бүлінген, қайтыс болған адамның мәйітін құтқарушылар алып шыққан. Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желілерде таралды. Бұл оқиғаның алдында Қарағанды облысында бес көлік соқтығысып, ірі жол апаты болып, екі адам қаза тапты. 21 қарашада Жезқазған-Есіл-Петропавл тас жолының көлік көп жүретін бөлігінде Hyundai Creta көлігінің 26 жастағы жүргізушісі Сәтбаевқа қарай келе жатып, оң жақ шеткі жолақтан екінші жолаққа ауысып келе жатқан Chevrolet Nexia көлігімен соқтығысқан. Соққыдан Hyundai үшінші көлікке, яғни Daewoo Nexia көлігіне соқтығысады, көлікті 55 жастағы ер адам басқарған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан төрт адам зардап шекті: Hyundai жүргізушісі мен екі жолаушысы, Daewoo Nexia жүргізушісі. Олар медициналық мекемеге жеткізілді. Факті полицияда тіркеліп, сараптамалар тағайындалды, оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады. Жүргізушілерді жылдамдықты шектеу мен жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырамыз», – деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.

«САҚТЫҚТА ҚОРЛЫҚ ЖОҚ»

Жол-көлік оқиғалары жаяу жүргіншілер кесірінен де болып жатады. «Жақында, бағдаршамға тоқтадым. Жанымыздан «Жедел жәрдем» көлігі дабылдатқышты қосып өтті. Сырқат адамға асыққан оларға жол берілу міндет. Бірақ, жаяу жүргіншілер оған қарар емес, астына түсіп қала жаздады. «Жедел жәрдемнің» ішінде өздері кете жаздады. Қазақ «періштесі қақты» дейді. Олар емес, қайта көлікті тізгіндеген жігіт оларды өткізіп жіберіп, алға жылжыды. Сонда көргенім, өтіп бара жатқан адамдар қолындағы ұялы телефонға үңіліп алған, енді бірінде құлаққап. Осыдан кейін кімді кінәлаймыз?», дейді көлік жүргізуші Нұрқанат деген азамат. Көлік апатына түскендер қатарында жастардың үлесі басым деп дабыл қағады тәртіп сақшылары. Бұл нені білдіреді? Яғни, жастық албырттықпен жылдамдықты асыруды мақтан көру деген сөз. Жол ережесін білмейтіндердің көлік тізгіндеуі де ақиқат. Сонымен қатар, жолда келе жатып, бір қолында ұялы телефон, екінші қолда шылым, рулді ұмытып кететіндер де жастар. Айтылуын айтылады, сонда да тәртіп сақтау, ережені бұзбауды ұмытып кетеміз. «Сақтықта қорлық жоқ…».

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button