Басты тақырып

Жеті

Жеті«Жеті қат көк», «Жеті қат жер», «Жеті қазына», «Жеті ата», «Жеті жұрт», «Жеті Жарғы», «Жетіген», «Жетіқарақшы». Атамыз қазақ ықы­лым заманда жеті санына бірталай мәселелерді қоғамдап, қозыдай көгендеп тастапты. Соның ішінде «Жеті жұрттың тілін біл» деген ақылы бүгінде елімізде үстемдеп тұр.

Біз студент кезімізде күн көсем Владимир Ильич Ленинді әлемдегі ең көп тіл білетін (полиглот) ерекше жаратылған адам деп оқытты. Обалы не керек, Ильич алты тіл білген екен. Бертінде білдік. Әлихан Бөкейханов атамыз тоғыз тіл білген. Сол тілдерде оқып, мүдірмей сөйлеп қана қоймай, тоғыз тілде мөлдіретіп ғылыми еңбектер, мақалалар жазған. Әлихантанушы Сұлтанхан Аққұлы жазғандай Әлекең Францияның ең көне газеттерінің бірегейі «Фигароға» мақала жазып тұрған. «Парижге барып, сол мақалалардың көшірмелерін архивтен алып, еліне жеткізуге қаражат жоқ», – деп қамығады Сұлтанхан. «Фигаро» газеті әлі күнге дейін шығып келе жатқан таралымы ең көп, беделді басылым. Той-томалаққа, сарайлар салуға ақша аямайтын (Астанадағы ресторанда бір шөлмек коньякты 2 млн. теңгеге алатындар бар) жаңа қазақтар осындайда қалтырап шыға келеді. Өз қолыңды өзің кесе алмайсың. «Алып-алып тастайтын апандағы саз емес, атып-атып тастайтын жапандағы аң емес», деп отырушы еді жарықтық әкем.

Біздің ұрпақ екі тілді жақсы біледі. Ана тілі мен орыс тілін. Заманымыз солай болды. Қазір қала қазақтарының басым көпшілігі бір тілді – орысша ғана сөйлейді.  Ата- әжелер қазақша бақшаға баратын немерелерімен орысша тілдеседі. Парадокс.

Тағы Әлекеңе жүгінеміз. Ә.Бөкейхановтың орысша жазған ғылыми еңбектерін, мақалаларын асықпай бір бажайлап оқып көрдім. Орысшасынан қазақ тілінің иісі бұрқырап тұр. Әлекең жазатын дүниелерін әуелі қазақша ойлап, содан кейін ғана басқа тілге аударып (ойында) қағазға түсіргені менмұндалап тұр.

Міне, латын әліпбиіне көшіп жатырмыз. Талқылауды «Орталық Қазақстан» бастаған. («Латынның өзі жоқ, қарпі қалған». 18 сәуір, 2017 ж.) Газетіміз әу баста латын қарпімен шыққан. Бұйыртса қотанымызға қайыра ораламыз.

Сонымен жеті жұрттың тілін әркім біле қоймас. Ана тілімізді бар мәйегімен, шұрайымен меңгеріп алсақ, мұртымыз көкке шаншылып, алқалы жиында суырылып шығып сөз бастармыз (Ақтамберді). Әйтпесе жеті ағайынды жұтқа ұшырайтынымыз анық.

Мағауия СЕМБАЙ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button