Жерлесіміздің жарқын жеңісі
Египеттің астанасы Каир қаласында өткен «CAIRO EGY 12 SMASH ITF JUNIOR TOURNAMENT J100» халықаралық теннис турнирінде қарағандылық Әмір Омарханов чемпион атанды.
Аталмыш турнирге Сербия, Испания, Марокко, Австралия, Германия, АҚШ, Франция, Румыния, Ресей елдерінен жүздеген спортшы қатысқан.
Жұптасып өнер көрсету сынында ресейлік Артем Богомолов пен жерлесімізге тең келер қарсылас болмаған. Ақтық сында египеттік Мохамед Насер Абузид пен Испания елінің өкілі Бернардо Мунк Меса жұбын 6:3, 6:3 есебімен ұтып, ресейлік әріптесі екеуі турнирдің чемпионы атанып отыр.
Әмір Омарханов – 16 жаста.Келешегінен кемел үміт күттірер жас талант спортпен 5 жасынан бастап айналысады. Бұған дейін де көптеген халықаралық беделді турнирлерде топ жарған.
– Турнир тамыздың 7-11-і аралығында өтті. Бұл алғашқы жеңісім емес. Мәселен жақында ғана Иранда өткен үлкен додада жұптасып өнер көрсету сынында болгариялық әріптесім екеуміз жеңіске жеткен болатынбыз. Осындай жарыстарға қатысу арқылы мол тәжірибе жинаймыз. Сонымен қатар, жеңістің биік тұғырына көтерілу арқылы әлемдік рейтингтегі орнымыз да жақсара түседі, ал, ол біз үшін осындай беделді турнирлерге қатысуға жол ашады, – дейді талантты спортшы.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ,
ortalyq.kz