Жаңалықтар

Әженің мейіріміне зәруміз

«Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Бүгінгі интернет дәуірінде бұл оңай шаруа емес. Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс…»

Қасым-Жомарт Тоқаевтың
Түркістандағы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінен

8 наурыз келсе, «ана» дейміз, «әйел» дейміз. Осы бір мейрамды екі-ақ сөзбен ажарландырамыз. Бірақ, қазақ баласының жұмыр жүрегін ғұмыр жұлдызы ағып түскенге дейін мекендейтін әже деген жарық жалғандағы ең аяулы сөзді ұмытып кетеміз. Әженің берген тәрбиесін, тәлімін, өнегесін жалпақ жаһандағы ешбір университет, академия алмастыра алмас, сірә. Өйткені, «Махаббатпен жаратқан адамзатты» (Абай)! «Махаббатсыз – дүние дос» дейді тағы. Бәрінің бастауы – махаббат! Онсыз бәрі бекер. Сол құдірет балаға әжесінің құшағынан, жанарынан, алақанынан, сөзінен дарыса керек.

Суретті түсірген автор

«Пәленшені өлтіріпті, пәленшені соққыға жығыпты, тонапты, қорлапты…» Қазақстанның түпкір-түпкірінен жаңбырша жауған осындай жаңалықтарды естіп отырып, жаныңыз түршігеді. Мына қоғам алжасып бара жатқандай. Адамдар неге сонша қатыгез болып барады деген сауал өзегіңді тырнайды. Жауап іздеу жолында кәнігі психолог мамандардың сараптамасына еріксіз аялдадық. Себебі, бүгінгі адамның ішкі әлеміне үңілуіміз керек болды. Бүгінгі адам, қандай адам? Мамандардың сөзіне сенсек, есірткіге, алкагольдік ішімдікке, қатыгездікке көбіне махаббатқа зәру болып өскендер ұрынады екен. Кеуде түпкіріне қатқан кек, ашу, жалғыздық сырт­қа шықпай қоймайды-мыс. Әлеу­меттік желі қайда қалды дейсіз ғой? Махаббат пен мейірімге қанып өскен бала, күніне мың бір сандырақ, пәле көрсе де ізгіліктен, иманнан ажырамайды екен. Діңгегі жуан ағаштай. Үдей соққан дауыл болмаса, анау-мынау желден тербеле қоймас. Мұны да әлгі психологтарыңыз айтып отыр. Үңілсеңіз, қанпезерлер мен жауыздар туралы түсірілген фильмдердің барлығында дерлік осы мораль. Қатыгездік – мейірімге зәру кеудеден шыққан жаңғырық…

Жауап іздеу жолында алты құрсақ көтерген, бүгінде немере мен шөбере бағып отырған Жұмақанқызы Қуанай есімді әжейдің үйіне ат басын тіредік. Өзі де атасы мен әжесінің қолында өскен екен. Жалғыз ұлының алты баласын өзі бағып-қаққан. Еңбекке баулып, өмір туралы толғамды ойларын күнде айтып, саналарына құйып отыр. Шәй ішіп отырып, қоңыр әңгімені бастап кетті.

– Менің көргенім көп. Өткерген ғұмырды саралап, түйгенім бар. Бала тәрбиеледім. Балаларым жаман болмады. Жаратқанға тәубе, жерге қаратпады. Жалғыз ұлым үйленгеннен кейін бар білгенімді келініме үйреттім. Қажет жерде жол нұсқадым. Ақылымды айтып отырамын. Келінінің ақылды болғанын әр ене қалайды ғой. Өйткені, келешек ұрпақты құрсағында көтереді. Ол ұрпақ бір ғана әулеттің емес, ұлттың жалғасы деп қарауымыз тиіс. Ұлтыңа жаның ашыса, балаңды тиісінше тәрбиелеген жөн. Қазір міне, көзімнің қарашығындай немерелерімді бағып отырмын. Үлкен немерем өзіме тартыпты. Қол­өнерге жақын. Менімен бірге құрақ құрайды, іс тігеді. Бала ес білген сәттен бастап ала жіпті аттамау, біреудің ақысын жемеу деген сөздерді естіп өсуі тиіс. Обал мен сауаптың не екенін айту керек. Осылардан артық өсиет жоқ бала үшін. Иман деген осылардан құралады. Сосын, бала деген қашан да махаббатқа зәру. Әкесі жұмыста, шешесі күнделікті үй шаруаларымен айналысып жүріп, балаға қажетті уақыттарын бөле алмай жатады. Оған түсіністікпен қараймын. Заманның келбеті сол болып тұр. Меніңше, баланы балабақша емес, әжесі қарау керек. Халқымыз «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деп тегін айтпаған. Балабақшада не үйретеді дейсің?! Әжелер, тіпті, баланың анасынан да артық тәрбиелейді. Өйткені, әжеде өмірлік тәжірибе көп. Осыны көбісі ескермейді. «Балаң – өскенше, немерең – өлгенше» дейміз тағы еміреніп. Ата мен әженің қолында өскендер жаман болмайды.

Менің үлкен уайымым бар. Қазірде балалар әлгі смартфондардан көз алмайды. Бұл – үлкен қатер. Күні бойы осылардың экранға көп қарамауын қадағалаймын. Тиып тастап отырмаса, ақымақ боп өседі. Баланы қатыгездікке үйретеді. Бос күлкі, орынсыз қылжақ… Сондайды сіңіріп өскен баладан не қайыр күтесіз?! «Балаң жақсы болсын десең, аяма» деппіз тағы. Қарап отырсаңыз, қазақтың әр сөзі – тәрбие мектебі. Ұрпағы­ңыздың қолында әдемі қартайғыңыз келсе, ел алдында еңсем тік болсын десеңіз, перзентіңіздің жүрегіне мейірімді молынан құ­йыңыз, – деді әжей.

Бізге дейінгі қоғам жөнінде тек оқулықтар сөйлейді. Бірақ, ол өткен шақ. Әр буын өз қоғамын өзі қалыптастырады.

Баһадүр бабаларымыз шет-шегі көрінбейтін байтақ даланы қасық қаны қалғанша қорғады. Ұлы рухтың алауын өшірмей, ғасырдан ғасырға жеткізді. Ұрпағының келешегін ойлады. Жүйрікті құлынынан танығандай, баланы да танып, сол дара туған ерлерін осы бір жаратқанның назары түскен ұлтты сақтау үшін жауға да, дауға да дайындады. Қазаққа қой үстіне бозторғай ұялаған заман сыйлаған Абылайды Төле бидің танығаны секілді. Батыр болады-ау дегендеріне – тұлым, би, шешен болады-ау дегендеріне – айдар тақты. Болжамына қарай тәрбиеледі, баптады. Ұрпағына ерлігі үлгі болсын деп, ерліктерін балбалдарға қашап жазды. Кішкентайынан батырлық жыр-дастандарды жаттатты. Сол арқылы баланың кеудесіндегі рух қанжарын қайрады. «Қалың қолдан қайтпаған» дейді батырлар жырында. Артыңдағы қасиетті Атамекен үшін, есіл ел үшін қалың қолдан қайтпайтын нендей рух?! Қайдан келген алапат күш?! Ерді ер ететін – махаббат! Жауабы – осы ғана. Әке мен анаға, бауыр, қарындасқа, ағайынға, ұлт келешегін дүниеге әкелген жарға, әруақты бабасы мәңгілікке дамыл тапқан төбелерге деген шексіз махаббат! Ұлым – құл, қызым – күң болмасын дейді. Құдіретті махаббат жігіттің басына төбеден түсе салмасы анық. Шаңырақтағы ата мен әженің, тар құрсағын кеңіткен ананың мейірімді, жылы жүрегінен дарыса керек. Мұны қазақ екі-ақ ауыз сөзбен қайырып қойған. «Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» дейді.

Алай-дүлей заманалардан аман шығып, бүгінде осындай жар­қын күнде түтінін түзу ұшырып отырған қазақтың келешегі әр саналы азаматтың уайымы екені сөзсіз. Батыр бабамның өзендей аққан қанымен, перзентін аңсаған, жоқтаған аналардың селдей жасымен келген осы елдік ғасырдан ғасырға жетсе дейміз. «Елу жылда ел жаңа» деген. Елу жылдан кейін келетін ұрпақтың келбеті қандай болмақ? Елдікті сақтай ала ма? Сақтай алады әрине! Тек, тәрбиелей білсек болғаны.

Бүгінгі қоғамға әжелер институты керек секілді.

Қазақтың жас ұрпағы – әженің махаббатына зәру.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button