Жаңалықтар

Желідегі журналистика

Ақпарат таратуды мақсат ететін журналистика саласын әлеуметтік желісіз елестету мүмкін емес. Тіпті, қазір мерзімді басылымдардың да әлеуметтік желіде өз орны бар. Біз бүгін желідегі журналистика жайлы сөз қозғамақпыз.

 

Дөңгеленген дүниені алақандағы смартфонға сыйғызған заман қазір. Әлеуметтік желіні пайдаланатын көпшілікте шектен тыс еркіндік бар. Бір күнде әлеужеліде мыңдаған жазба жарияланады. Алайда, ақпараттың шын-өтірігін бажайлап, байыбына барып жатқан ешкім жоқ. Шындығында, әлеуметтік желі арқылы қоғамдық мәселелер шешіледі. Белгілі журналист Төлен Тілеубай осы ойды қуаттайды. «Әлеуметтік желі журналистік зерттеу, сараптама жасауға мүмкіндік береді» дейді ол.

– Шетелдік тәжірибеге сүйенсек, АҚШ-та қариялар жол ережесін бұзған жолаушыны түсіріп, әлеуметтік желіге жария­лайды. Оны көрген тиісті орган өкілдері оқиғаны дереу анықтап, шара қолданады. Біздің еліміз әлеуметтік желінің көмегімен мұндай мүмкіндікке әлі де болса жете қойған жоқ. Өйткені, біздің қоғамда дағдарыс бар. Яғни, ақпарат таратушыларға, ақпараттың рас-өтірігіне сенбеушілік бар. Осындайдан дағдарыс әлеуметтік желідегі журналистиканың дамуына тұсау салады. Қытай, Америка секілді алпауыт елдерде әлеуметтік желіге салынатын ақпараттар қатаң бақыланады. Біздің елімізге де сондай жүйе керек. Сонда ғана желі арқылы ақпарат тарату өз арнасына түседі, оның ақ-қарасын ажыра аламыз, – дейді белгілі журналист Төлен Тілеубай.

Журналистер мен блогерлер үшін әлеуметтік желі – қоғамға хабар жеткізуде құнды инструмент. Оны қолдануда кәсіби журналистер дұрыс стратегияны ұстануы шарт, яғни бейтарап пікір білдіріп, кәсібиліктен аттамауы керек. Кәсібилік пен этиканың шекарасын аттаса, қоғамның журналиске деген сенімі азаяды.

– Әлеуметтік желіде журналист этиканы сақтауы қажет. Мыңдаған, миллиондаған аудиториясы бар белгілі бір тұлғалар ақпараттың ақ-қарасын ажыратпай, белгілі бір мәліметті, деректі көпшілікке жариялап жатады. Бізде әлеуметтік желіде этика жоқтың қасы. Сондықтан, кез келген маман кәсіби жағынан дамуы керек. Этика сақталмаса, ел сенетін адамға да сенімділік жойылады, – деді Төлен Тілеубай.

Қарағанды облысына белгілі блогер, қоғамға салмақты ой тастап жүрген журналист Айсұлтан Жақыпов азаматтық журналистикада жүргендерді блогер деп айтуға келеді дейді.

– 2009 жылдан Facebook қолданушысымын. Қазір оқырмандар саны 10 мыңға жуықтап қалды. TikTok-та жарты жылды, ал, Youtube-та үш жылда оқырман жиналды. Талай блогерлердің журналист деген дипломы бар. Яғни, журналист адам блогер бола алады, немесе керісінше. Ал азаматтық журналистикада жүргендерді блогер десе, мен соны қолдайтын едім. Әрине, блогер деген сөзді барлығына қолдана беруге болмайды. Жалпы, көп нәрсені жаза беруге болмаса да, ұлттық мүдде дегенге келгенде бас бұғып қала алмаймын, – дейді Айсұлтан Жақыпов.

Ол ақпаратты жариялайтын кезде журналистік этиканы сақтауға тырысатынын айтады. «Жариялауға болмайтын ақпаратты жариялап қойған кезім болған, содан аузым күйген. Жалпы, блогерлікте пайдадан гөрі, қауіп-қатер көп. Үйімнің терезесін сындырған кездер, машинамның төрт дөңгелегін жарып кеткен күн болды», – дейді ол. Айсұлтан Жақыпов қарапайым адам­дардың арасында жүріп, көп мәлімет жинауға болатынын айтады. «Әсіресе, такси жүргізгенде көп мәліметке кезігемін. Сондай ақпараттардың бірін ең бірінші болып жариялаған кездерім болды», – дейді ол.

Желідегі журналистиканың жайы – осы. Қазақ журналистикасының алға басуы үшін талай шаруа тындырылып, жүйе жетілуі керек секілді.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button