Тұлға

Желдей ескен жерлесіміз

Жуырда Алматыда «Бірінші болу – батылдық!» VІ марафоны өтті. Халықаралық шараға желаяқ жерлесіміз Төлеутай ЖАМАНБЕК те қатысып қайтты.

Төлеутай ағамыз жарысқа барып қайтқан соң үнемі редакциямызға соғады. Қуанышты сәттерімен, алған әсерімен бөліседі.

Бұл жолғы жарыс ерекше өтті. Облыстан бірнеше спортшы Алатау бөктеріне барып, өнер көрсетті. Олардың қатарында Қарағанды, Теміртау, Саран, Шахтинск қалалары мен Осакаров ауданының кәсіби және әуесқой спортшылары бар. Бұған қоса, облыстан арнайы барған жанкүйерлеріміз де ерекше қолдау көрсетті, – дейді Төлеутай ағамыз.

Халықаралық марафонға 38 елдің желаяқтары жиналған екен. Барлық қашықтықтардағы спортшылардың жалпы саны – 20 мыңнан астам.

Ал, Төлеутай Жаманбек өнер көрсеткен классикалық қашық­тықта жүгіруге 1015 спортшы ниет білдіріпті. Бұл бағыттың қашық­тығы – 42 шақырым, 195 метр.

Төлеутай Жаманбек біздің басылым арқылы облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасына ерекше алғысын жолдады.

Спортшы ағамыз сөз арасында демеушілердің жоқтығына қынжылатынын айтты. Облыстың атын халықаралық, республикалық деңгейдегі марафондарда жалау етіп жүрген желаяқ жерлесіміздің бұл сөзін естігенде, «әттеген-айымызды» жасыра алмадық.

Алпыс бес жасында алпыс марфонға қатысқан Төлеутай Жаманбек күні кеше тағы да жолға шықты. Қырғызстанға. Кезекті марафонға қатысу үшін.

Ақ жол тіледік!

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button