Жекеменшікке өткен университет жоқ

Мемлекеттік жоғары оқу орындары коммерциялық емес акционерлік қоғамға айналғалы ел ішінде сол университеттердің жекеменшікке сатылуы мүмкін деген күдік пайда болғаны рас. Алайда, Президент мемлекеттік жоғары оқу орындарының сатылмайтыны туралы нақты айтты. Себебі, сол мекемелерде еліміздегі студенттердің 40%-ы оқиды және 35 мыңнан астам оқытушы мен қызметкер жұмыс істейді.

«ЛИЦЕНЗИЯНЫ ҚАЙТАРЫП АЛАМЫЗ»

Бұған дейін жоғары оқу орындары не себепті жабылды? Бұл жөнінде Білім және ғылым министрі ашық айтты.

– Жоғары оқу орнында белгілі бір бағыт бойынша сапалы білім беру үшін жеткілікті ресурстары, материалдық-техникалық базасы, оқытушылары болмаса, онда ол студенттерді оқыта алмайды. Мұндай жағдайларда біз бірден бас лицензияны емес, белгілі бір дайындық бағыты бойынша лицензияны қайтарып аламыз. Мысал ретінде болашақ мұғалімдерді даярлау бойынша айтуға болады. Егер, бір жыл бұрын елімізде 86 жоғары оқу орны педагог даярлаған болса, бүгінгі таңда олардың саны 60-қа дейін қысқарды, – деп атап өтті Асхат Аймағамбетов.

ЖОО толық жабылған жағдайда, онда оқыған студенттер басқа оқу орындарына ауыстырылады. Бұл ретте олардың гранттары мен стипендиялары сақталады. Ақылы негізде оқыған студенттер үшін ауысып барған ЖОО-да оқу құны да бұрынғы деңгейде қалады.

– Грантта оқығандардың гранттары сақталады. Ақылы негізде оқығандар оқу ақысын бұрынғы деңгейде төлейді, кейбір ЖОО-лар, тіпті, оқу құнын төмендетті. Олар өздерінің білім беру траекториясы, білім беру бағдарламасы бойынша оқуын жалғастырып жатыр. Бұл жұмыстардың барлығы тиісті түрде жүргізіледі, – деді министр.

Әрине, оқытушыларға лайықты жалақы төлеп, олардың қалыпты жұмыс атқаруы үшін жағдай жасау – жоғары білім сапасын арттыру үшін маңызды. Себебі, көптеген оқу орындарының жабылуы – педагогтардың сапалы қызметімен тікелей байланысты. Жалақысы аз болғандықтан, білім саласының қызметкерлері студенттердің білім-біліктілігіне де немқұрайлы қарауы мүмкін…

Осыны ескерген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында жоғары оқу орындарындағы педагогикалық-оқытушылық құрамның жалақысын арттыруға қатысты тапсырма берген. Нәтижесінде 2019 жылы Білім және ғылым министрлігіне тікелей бағынышты жоғары оқу орындары оқытушыларының жалақысы 20%-ға, кейін 2020 жылы 20%-ға ұлғайды.

ЖАЛАҚЫ КӨЛЕМІН АРТТЫРУ ҚАЖЕТ

Білім және ғылым министрінің сөзіне сүйенсек, жалақы көлемін әлі де арттыру қажет. Өйткені, бұған дейінгі жалақының базасы төмен.

– Мәселен, ҚазҰУ-да оқытушының орташа жалақысы 108 мың теңге болса, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде 105 мың теңге, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде – 101 мың теңге, ал Қарағанды индустриалды университетінде 99 мың теңге. Мұндай жалақы мөлшері оқытушыларды аса ынталандыра қоймайтыны анық, – деді министр.

Министр сөзінің жаны бар. Бірқатар жоғары оқу орындары жалақыны тек педагогикалық жүктемені қосып беру арқылы арттырады. Көбісі оқытушылардың жалақысы түрлі қосымша ақыларды қоса алғандағы нақты жалақысынан төмен екенін айтады.

Биылғы қыркүйектен БҒМ-ге ведомстволық бағынышты жоғары оқу орнында штаттағы оқытушы айына кем дегенде 200 мың теңге, аға оқытушы – 230 мың теңге, қауымдастырылған профессор – 260 мың теңге, профессор 350 мың теңге (ұлттық жоғары оқу орындарында – 400 мың теңге) алатын болып есептелді. Әрине, педагогикалық жүктеменің максималды көлемін 1 ставка үшін 680 сағаттан асырмау да міндеттелді.

ГРАНТТЫ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ ҚАЛАЙ ЖҮРЕДІ ?

Статистика мәліметтерінше 2019 жылы Қарағандыдағы 9 жоғары оқу орнында 43 462 студент оқыған. Ал, оқу орындарын бітірген түлектер саны –12 552.

Облыстағы тоғыз оқу орнының бірі ҚарТУ-де өткен жылы бакалавриатты 1600 түлек оқып бітірсе, оның 797-сі грантта білім алған. Өкінішке орай, техникалық пәндерге оқытатын оқу орны өткен жылғы жұмысқа орналасқан түлектердің есебін шығармапты.

Ал, еліміздің үздік жоғары оқу орындарының ондығына кірген Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетін 3 422 түлек бітірсе, 2 961 бакалавр, 407 магистрлерді және 54 PhD докторларын оқытып шығарды. Ондағы бакалавр бітіргендердің 80,4%-ы жұмысқа орналасқанын айтады оқытушылар.

 Алдағы бес жылда елдегі 5 жоғары оқу орны әлемнің үздік 500 университетінің қатарына қосылуы керектігі де жоспардағы іс.

– Осыған орай біз білім гранттарының орташа құнын 340-420 мың теңгеден 1 млн. теңгеге дейін көбейту туралы шешім қабылдадық. Яғни, грант құны үш есе артады. Сол арқылы оқытушылардың жалақысын кезең-кезеңмен арттырып, университеттердің материалдық базасын нығайтуға болады. Бұл – маңызды қадам. Өйткені, грант құны 2011 жылдан бері өскен жоқ, – деді Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында.

Президенттің сөзінен өткен жылы гранттық қаржыландырудың жаңа түрлері енгізілгенін, оның ішінде, шағын және халықаралық коллаборация бойынша гранттар бар екенін білдік. 2020 жылы ғылыми жобалар бойынша 5 конкурс өткізілуі нәтижесінде жас ғалымдарды қолдауға да ерекше көңіл бөлінді.

– Біз ғалымдардың тағылымдамадан өтуі үшін 500 грант бөлу туралы тапсырма шеңберінде іс-шаралар ұйымдастырамыз. Сонымен қатар, Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі отырысында жас ғалымдарға кемінде 1000 ғылыми грант бөлуді тапсырды. Қаржыландыру бар, жұмыс жүргізілетін болады. Жас зерттеушілерге қолдау көрсету үшін біз ғылыми гранттарға конкурстар жариялау кезінде арнайы квота енгіздік. Қазір біз жас ғалым әйелдердің санына қатысты да дәл осындай квотаны енгіземіз деп шешім қабылдадық. Бұл туралы біздің ғалым әріптестерімізбен кездесулерде бірнеше мәрте айтылған болатын, – деді министр Асхат Аймағамбетов.

Түйіндесек, мемлекеттік жоғары оқу орындары коммерциялық емес акционерлік қоғамға айналғанымен, университеттер жекеменшікке сатылмайтын болды.

Алдағы уақытта педагогтардың жалақысы артса, педагогикалық мамандықтарға да сұраныс жоғары болары сөзсіз. Соған орай грант құнының бірқалыпты жүйені сақтауы – студенттерге мамандық таңдауда дұрыс қадам жасауына септігін тигізеді.

Аяулым СОВЕТ.