Жеңіс тұғырында – балқаштық дзюдошылар
«Балқаш» спорт кешенінде балалар мен жасөспірімдер арасында дзюдодан облыстық турнир өтті. Аталған турнир дзюдодан облыстық, республикалық турнирлердің жеңімпазы, Қарқаралы хан Бертістің ұрпағы Руслан Ильдебаевты еске алуға арналған. Осымен VIII мәрте өткізіліп отырған турнирге биыл 150-ге жуық споршы қатысты. Қарағанды, Балқаш, Приозерск қаласы мен Шет ауданы және Ақжал кентінен командалар келіп, өзара мықтыны анықтады.
Турнирдің ашылу салтанатына облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы Бұқаралық және балалар спортын дамыту орталығы басшысының міндетін атқарушы Талғат Абдишов пен Балқаш қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ізбасар Шакенов арнайы қатысты. Сонымен қатар, Руслан Ильдебаевтың алғашқы жаттықтырушысы Руслан Инаркиев, Қарағанды қаласынан келген жаттықтырушы Нұрлан Омаров және әкесі Рымбек Ильдебаев пен туған ағасы Роллан Рымбекұлы да келіп, жас спортшыларға жылы лебізін білдірді.
– Қазақстанның дзюдошылары бүгінгі таңда биік белестерді бағындырып, олимпиададан алтын әкеліп жатыр. Сол сияқты олимпиада чемпиондары осы Балқаштан да шықса екен деген тілектемін. Осы жарыстар соның бастамасы болсын. Қандай да бір жетістікке жету үшін білім алып, еңбек ету керек. Үлкен жеңіс те еңбектенумен келеді, – деді Талғат Қыдырбайұлы.
Русланның алғашқы жаттықтырушысы Руслан Инаркиев болса өз шәкіртінің еңбекқор, жауапкершілігі мол спортшы екендігін баса айтты. Сонымен қатар, шәкіртінің дзюдодан бөлек самбо, қазақша күреспен де шұғылданып, әрі жақсы нәтиже көрсеткенін атап өтті.
– Спортқа әуес балалар Руслан шәкіртім сияқты жалықпай еңбектеніп, биіктерге ұмтылып, олимпиадалардың жеңіс тұғырынан көрінсе екен деймін. Бұл жарыс халықаралық олимпиадалардың жүлдегері атануға серпін берсін деп тілеймін. Біз Русланды қай уақытқа дейін еске алатын болсақ, сол уақытқа дейін әрқайсымыздың жүрегімізде болады. Осы турнирдің дәстүрі үзілмесін, – деді Руслан Николаевич.
Жарыс 28 келіден бастап 60 келіден жоғары салмақ дәрежесі бойынша өтті. Дзюдо күресінен жаттықтырушы Ерсін Төлеутай турнирге бас төрелік етті. Жарыс қорытындысына бойынша ең жеңіл салмақта Хабиб Маканалин жеңімпаз атанса, ауыр салмақта Артем Чернышев қарсылас шақ келтірмеді. Айта кетейік, екеуі де Балқаш қаласының дзюдошылары.
Қуандық МАҚСҰТҰЛЫ.