Жазасын өтеушілер жұмыспен қамтылуда
Абай ауданының аумағындағы бас бостандығынан айыру орындарында еңбекке тарту арқылы адамды лайықты түрде ынталандырып қана қоймай, оның жаңа мамандық алуына, түрлі өндірістік кәсіпті игеруіне, келтірілген шығынды өтеу және қаражат жинау тәрізді өзге де маңызды мәселелерді шешуіне мүмкіндік жасалып отыр. Бұл жөнінде Абай ауданының прокуроры Төлеген ТҮСІП аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.
– Қоғамға оңтайлы бейімдеу, жұмыспен қамту сотталғандарды асырап ұстауға мемлекеттің жұмсайтын шығындарын азайтуға сеп. Абай ауданына қарасты үш түзеу мекемесінде 2500 адам жазасын өтеуде. Қазіргі уақытта жазасын өтеушілердің 80 пайызы жұмыспен қамтылған. Сотталғандардың жеке істері бойынша атқару парақтары болса, еңбек жалақыларынан белгіленген сома ұсталып отырады. Сотталғандардың жалақысынан сот тапсырыстары үшін әр түрлі сомаларда шегерім жасалады. Сотталғандардың туыстары үшін материалдық қолдау көрсету үшін, жеке басына қатысты қажетті заттарды сатып алу үшін еңбекпен тапқан қаражаттарын пайдалануға мүмкіндік беріледі. Тұтқындардың құқығын қорғау мақсатында, облыста «Колонияда жұмыспен қамтылу», «Түрме тұрғындарын азайту», «Заңдылық», «Процессуалдық прокурор», «Қылмыстық процесті оңтайландыру» жобалары жүзеге асырылып отыр. Биылдың өзінде тәртібіне байланысты 145 адам мерзімінен бұрын үйлеріне босатылды,– деді Төлеген Түсіп.
Спикерлердің айтуынша, былтырғы жылы Абай ауданының қазынасына істі болғандар 161 миллион табыс әкелген. Түзеу мекемесіндегі жұмыскерлердің еңбекақылары төлем карточкасына аударылады. Бүгінгі күнде түрмедегі металл пластикалық терезе шығаратын цех, тігін цехтары, жиһаз жасайтын ағаш цехтары, кірпіш, құйматастарды өндіретін цехтардың жұмысы жандана түскен.
Нұрдос КӘРІМ