«Жазғы мектеп оқушыны мәжбүрлемейді»

Білім және ғылым министрлігі ата-аналардың өтініштері бойынша оқушылар 19 маусымға дейін жазғы мектептерде сабақ оқи алатынын мәлім етті. Бұл, әсіресе үлгерімі нашар оқушыларға жақсы мүмкіндік. Мамырдың соңында ашылатын жазғы мектептер осылайша қашықтан оқыту кезінде оқу үлгерімі нашарлағандарға олқылықтың орнын толтыруға мүмкіндік береді.

Алайда, пандемия уақытында қашықтан білім алған оқушылар үшін жазғы мектепте қатарластарымен жүріп оқыған қалай болар екен? Санитарлық талаптар сақтала ма? Мәселе ата-аналардың наразылығын тудыруда.

ЖАЗҒЫ МЕКТЕПКЕ КЕЛУ – ОҚУШЫНЫҢ ӨЗ ЕРКІ

– Жыл бойы қашықтан білім алған оқушылар үшін жазғы мектепте замандастарымен бірге білім алу қалай болар екен? Пандемия уақытында арақашықтық сақтау талаптары ескеріле ме? Қашықтан білім беру уақытында мұғаліммен жиі байланыс орнату мүмкіндігі болмағандықтан, көптеген тапсырмалар орындалмай қалғаны рас. Бірақ, оқушы жыл бойы меңгермегенді 2-3 аптада меңгере ала ма деген сұрақтар туады, – дейді көпбалалы ана Гаухар Сәбитқызы.

Көпбалалы ананың сауалын облыстың білім басқармасы мамандарына жолдаған едік.

– Жазғы мектеп оқушыларға білім берудегі олқылықтың орнын толтыруға, сондай-ақ, балалардың бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік береді. Баланы жазғы мектепке қабылдау үшін ата-ана алдымен өтініш жазуы керек. Сабақ оқуға ниет білдірген барлық бала қатыса алады. Тегін оқуда үлгерімі төмен балаларға басты назар аударылады. Жазғы мектепте сабақтар санитарлық талаптарға сай өтеді. Оқушыларға үй тапсырмасы берілмейді. Олар мектепке еркін киініп келе алады, – дейді облыстық білім басқармасының маманы Гүлдана Ерболат.

ҮЛГЕРІМІ ТӨМЕНДЕРГЕ КӨҢІЛ БӨЛІНЕДІ

Білім және ғылым министрлігі мамандарының айтуынша, «жазғы мектепке қатысу міндетті деген талап қойылмауы тиіс». Балалар өз қалауы бойынша, ата-аналарының өтінішімен 19 маусымға дейін сабақтарға қатыса алады. Барлық жұмыс заң аясында, құқықтық нормаларды сақтай отырып ұйымдастырылады. Бұл орайда, «Біз келесі жылы да пандемияның салдарын ескеруіміз керек. Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы тиісті жұмыс атқаруы қажет», – деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Министрлік мамандары жазғы мектептегі сабақ үш аптадан аса уақытқа созылатынын айтады. «Бізде әдетте талантты, дарынды, үлгерімі жақсы балаларға көп көңіл бөлінеді. Ондай балалармен жұмыс істеу оңай әрі қызық екені түсінікті, алайда бұл жағдайда басты назар үлгерімі төмен балаларға аударылуы тиіс», – дейді Асхат Аймағамбетов.

ҚОСЫМША ҚАРЖЫ ЖОСПАРЛАНБАҒАН

«Жазғы мектептер іске қосылса, онда жұмыс істеген мұғалімдерге қосымша ақы тағайындала ма?» деген де сауалдар жолдануда.

Бұған министрліктегілер жазғы мектепте сабақ беретін мұғалімдерге қосымша ақша бөлу жоспарланбағанын айтты. Педагогтер жылға бекітілген жүктеме аясында жұмыс істейтін болады. Тиісінше, 19 маусымнан кейін жазғы демалысқа шыға алады. Соған сай жазғы мектептердің жұмысына қатысатын мұғалімдердің есеп беру жұмыстары азайтылады.

– Жазғы білім беру бойынша өтініштер берудеміз. Санитарлық талаптарды сақтай отырып, мұғалімдер балалар математика, қазақ тілі, орыс тілі пәндері бойынша дайындалғысы келсе, соған сай оқу ұйымдастырып беретінін айтады, – дейді ана Гүлжазира Ізтілеуқызы.

Жазғы мектеп барысында келер жылы толығымен қашықтан оқыған кейбір сыныптардың білім беру бағдарламасына түзетулер енгізілмек. Олар биылғы оқу жылы мен пандемия салдарын ескере отырып жүзеге аспақ.

– Бүгінде облыста 505 мектеп бар екенін ескерсек онда 204 мың оқушы білім алады. Оның ішінде 22 мың 22 050 бірінші сынып оқушылары. Облыстағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты оқыту қашықтан және штаттық форматта ұйымдастырады. Ал оқушылар саны 300 адамға дейінгі мектептерде (276 мектеп) штаттық режимде оқыды, ондағы оқушылардың саны – 43 465 оқушы, 229 мектеп – аралас форматта (160 709 оқушы) жұмыс істеді.

Оқушылардың білімдеріндегі олқылықтардың орнын толтыру мақсатында 25 мамыр мен 19 маусым аралығында барлық 1-11 сынып оқушылары үшін жазғы мектеп ұйымдастыру жоспарлануда. Барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып, жеке кесте бойынша оқу ұйымдастырамыз, – дейді Гүлдана Ерболат.

Аяулым СОВЕТ.