Брифинг

Жазғы демалыс – эпиджағдайға байланысты

Қала мектептеріндегі оқушылардың қауіпсіздігі қаншалықты көңілге қонымды? Пандемия жағдайында санитарлық талаптарды бұзған мектептер қалай жазаланды?

Биыл оқушылардың жазғы демалысы қалай өтеді?

Білім саласына қатысты БАҚ өкілдерінің сауалдарына облыстың білім басқармасының басшысы Гүлсім ҚОЖАХМЕТОВА онлайн кездесу барысында жауап берді. Спикер аймақтағы эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, биыл білім саласында жүзеге асатын жұмыстарды атады.

Қауіпсіз мектеп

Білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова биыл мектептердің қауіпсіздігін күшейтуге 608 млн. теңге бөлінетінін айтты. Барлық мүдделі құрылымдармен пысықталуы тиіс жұмыстың нәтижесі биыл күзге дейін белгілі болмақ.

– Қазір мектептегі қауіпсіздікті күшейту мәселесіне қатысты дабыл түймелерін, турникеттерді, хабардар ету жүйесін және басқа да қажетті дүниелерді орнату жұмыстары талқылануда, – деді Гүлсім Шабданқызы.

Басқарма басшысының айтуынша, облыс әкімі Жеңіс Қасымбек мектептердегі қауіпсіздік деңгейі барлық балалар үшін бірдей болуын тапсырған. Сондықтан, бірыңғай талаптарға қатысты жұмысты күзге дейін аяқтау жоспарланған.

1200 орындық мектеп салу – жоспарда

Қарағандыда апатты мектептердің орнына қазір Шет ауданындағы Киікті кентінде және Жезқазғанның жанындағы Теректі станциясында 2 мектеп салынуда. Жыл соңына дейін олар пайдалануға берілмек.

Қалада үш ауысымды шамадан тыс жүктемесі бар мектептердің мәселесін реттеуде №81 жалпы білім беретін мектептің жүктемесін азайту мақсатында №104 мектеп, №34 мектептің жүгін жеңілдетуге 11а шағын ауданында 600 орындық мектеп салынуда.

Гүлсім Шабданқызының мәліметінше, МЖӘ аясында 1200 орындық мектеп салу жоспарда тұр. Бұл қаланың оңтүстік-шығыс аумағындағы мектептердің жүктемесін азайтады. Сондай-ақ, Күнгейде 600 орындық мектеп салуға өтініш берілген.

– Білім беру ұйымдарындағы жөндеу жұмыстарына келер болсақ, биыл 127 нысанды жөндеу үшін 4 млрд. 615 млн. теңге бөлінді, – деді облыстың білім басқармасының басшысы. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 9 білім беру нысанына күрделі жөндеу жүргізу де жоспарда бар.

71 мектептен заңбұзушылықтар анықталды

Гүлсім Шабданқызы онлайн өткен баспасөз мәслихатында «Санитарлық нормаларды бұзған мектеп басшылығына айыппұл салынды ма?» деген сұраққа жауап берді.

– Облыста айыппұлдарға алып келетін өрескел бұзушылықтарға жол бермеуге тырыстық. Бірақ, егер айыппұлдар болса, онда жоспарлы тексерулер жүргізіледі. Біз мектеп директорларына айыппұл салынбауы үшін санэпидбақылау органдарымен бірлесіп бұйрық шығардық, оған сәйкес мониторингтік топтар жұмыс істеді, – деді басқарма басшысы.

Басшының сөзіне сүйенсек, бұйрық аясында мониторингтік топтар бұзушылықтарды қадағалап отырды. Тиісті тәртіптік жазалар болды, бірақ айыппұл санкциялары болған жоқ. Бұйрық екі рет шығарылғанымен, бұзушылықтар жоспарлы сипатта болған.

Екінші бірлескен мониторинг барысында 355 мектеп тексеріліп, 71 мектепте заңбұзушылықтар анықталды.

Қазіргі таңда ТЖ, СЭС, антитеррористік акциялар аясында жоспарлы тексерулер жүріп жатыр.

Лагерлер жұмыс істейді

Білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова облыстың бас санитарлық дәрігерінің рұқсатымен биыл 1-10 сынып оқушыларын жазғы демалыспен қамту жоспарланғанын айтты.

– Балаларды сауықтыру мақсатында қала сыртындағы лагерлер, мектеп жанындағы лагерлер тамақтандырусыз бейіндік алаңдар базасында жүргізілетін болады. Бәрі санитарлық дәрігерлердің рұқсатымен болғандықтан, әр аймақ осы мәселені өзі шешеді, – деді ол.

Бүгінгі таңда қала сыртындағы 11 лагерь әрі бейіндік алаңдар мен мектеп жанындағы лагерлер балаларды қабылдауға дайын болғанымен, санэпидбақылау департаментінің рұқсатын күтіп отыр. Жергілікті бюджеттен бөлінген 357 млн. теңге халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларды да жазғы демалыспен қамтымақ.

Дене шынықтыру мұғалімдеріне қосымша ақы төлене ме?

Дене шынықтыру мұғалімдеріне сабақтан тыс спорттық сабақтар өткізгені үшін базалық лауазымдық жалақыдан 100% мөлшерінде қосымша ақы ұсынылатыны жөнінде айтқан болатынбыз. Гүлсім Қожахметованың мәлімдеуінше, бұл спорт секцияларымен қосымша 25 мыңнан астам оқушыны қамтуға мүмкіндік береді.

Жалпы, бүгінде таңда тегін қосымша білім беру және сабақтан тыс жұмыстардың барлық түрімен 136 мыңнан астам бала қамтылған. Осы орайда, биылғы оқу жылында Шет және Ұлытау аудандарында өнер мектебінің 21 филиалын, Ақтоғай және Жаңаарқа аудандарында 2 қосымша білім беру орталығын және Осакаров және Бұқар жырау ауданында қосымша білім беру ұйымдары жанынан 2 технопарк ашылды.

Қарағандыда жаңа Оқушылар сарайының құрылысы аяқталғаны белгілі. Жыл соңына дейін Сәтбаев қаласында осындай мекеменің құрылысы аяқталуға жақын.

Балқаш пен Шахтинск қалаларында бизнес-инкубаторлар ашу жоспарлануда.

Облыста қосымша білім беруді толық цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын ескерсек, қазір білім берудің осы түрімен қамтылған балалардың санын бақылауға мүмкіндік беретін платформа жұмыс істеп тұр.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button