Қарқаралы

Жауынгер туралы сыр

      1941-1945 жылдардағы алапат соғыс – ел тарихының ажырамас бөлігі. Аға ұрпақ сол сұрапыл уақытта төзімділік мен табандылықтың, қайсарлық пен қаһармандықтың үлгісін танытып, бүгінгі жарқын болашақтың негізін салды.

Иә, сол сұрапыл жылдарда қанша азамат ажал құшты, қанша бала әкесінен, қанша ана баласынан, қаншама үй тірегінен айырылды. Ауылдан сән, өмірден мән кетіп, сұрықсыз дүниеге айналды. Соғыс миллиондаған адамдардың өмірін қиып, жүздеген қала мен елді мекендерді тып-типыл етті. Сөйтіп, соғыс әр үйге, әр отбасының шежіресінде жазылмас жараның ізін қалдырды. Ұлы Отан соғысы тарихтағы қасіретті беті ғана емес, сонымен қатар, ол халқымыздың теңдесі жоқ ерлігі мен қажыр-қайратының, бірлігінің көрінісі еді. Бүгінде соғысқа қатысқан ардагерлер азайып бара жатыр.

Киелі Қарқаралы топырағы әулие-әмбиелерімен, батыр ұлдарымен әйгілі. Солардың бірі – Ұлы Отан соғысының ардагері, Қарқаралы қаласында тұратын Жақия Мұсатаев атамыз жайлы сыр шертсем деймін.

Соғысқа Жақия атамыз 1942 жылы аттанған екен. Ол кісінің өмірбаянына тоқталатын болсақ, Жәкең 1923 жылы қаңтар айында Қарқаралы ауданы, «Қызылшілік» ауылы, №1 ауылдық кеңес округінде дүниеге келген. 1930 жылы райком хатшысы Мақатов ауылдарды аралап, балаларды жинап, Қарқаралыға интернатқа алып келеді. 1935 жылға дейін Қарқаралыдағы интернатта Шәріп қажыдан оқиды. Содан кейін Нұркен ауылында интернатта жатып оқиды.

1942 жылы 19 жасында әскерге алынады. 25 тамызда Петропавл қаласына 35 адамды Дәуренбек Нұржанов бастап алып барады. Екі ай оқу-жаттығу курсында болады. Қарашаның кезінде 6 мың адамды Петропавлдан жүк таситын пойызға тиейді. Екі күн жүріп, түнде Мәскеу қаласына келеді. Зеңбірекке көздеуші болады. Украинаның  Харьков, Одесса қалаларын азат етуге қатысады. 1943 жылы 15 қыркүйекте сол аяқтан жараланады. Пятигорск қаласының госпиталында тоғыз ай жатып емделіп, 1944 жылы 1 маусымда Қарқаралыға келеді. 1945 жылы Зейнеп Спатайқызымен отбасын құрып, 12 бала тәрбиелеп өсіреді. Кейінгі жылдарда Қарқаралыда  әр мекемелерде қызмет атқарған. Оның ішінде, Қарқаралы қаласындағы №72 КТУ мекемесінде (қазіргі М.Әдекенов атындағы Қарқаралы ауыл шаруашылығы колледжі) 1965-1967 жылдары шаруашылық меңгерушісі қызметін атқарған екен.

Жақия ақсақал қазіргі таңда да колледж өмірімен тығыз байланыста. Колледж студенттері ақсақалдың үйіне жиі барып, шаруашылық жұмыстарына қол ұшын береді. Ардагер атамыз болса, колледжде өтетін кездесулерге жиі келіп, жастарға майдандағы ерлік істері жайлы әңгімелеп, олардың бойына патриоттық сезімін сіңіруге атсалысуда. Кәсібінен нәсібін теріп, еңбегімен еленген ақсақал осы қызметінен зейнеткерлікке 1980 жылы шыққан.

Жыл сайын көктеммен бірге келетін Жеңіс тойында Жақия ата омырау толы медалін тағынып, жиындарға қатысып, жас жеткіншектерге өз батасын береді.

Бүгінде Жақия ақсақалдың омырауы «Ерлігі үшін» медалімен, І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Г.Жуков», Ұлы Жеңістің мерейтойлық медальдарімен толыққан. Бұдан бөлек, екі мәрте ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Алғыс хаттарымен, 2004 жылы Украина Президентінің атынан мерекелік медальмен марапатталған. Еңбек жолында екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту», төрт мәрте «Құрмет белгісі» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Қарияның бүгінгі арманы – елдің бейбітшілігі, тілі бөлек болса да, тілегі бір Қазақстан халқының аманшылығы мен бақытты ғұмыр кешуі. Ұлы Отан соғысындағы олардың ұрпаққа үлгі етерліктей ерлігі тарихта өшпестей із қалдырып, халқымыздың жадында мәңгілік сақталады. Қазір біз болашағы жарқын, бағыты айқын тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз. Бұл, әрине, барлық адам баласының арман-тілегі.

 

А.ӘЛКЕЕВА,

М.Әдекенов атындағы

Қарқаралы ауыл шаруашылығы колледжінің қазақ тілі мен

әдебиеті пәнінің оқытушысы.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button