Жаңалықтар

Жауапсыз хатшы болмайды

Газет баспаханаға жөнелтілер сәт. Әбден қатталған газеттің кезекті саны қайта тексеріліп жатқанда белгілі мемлекет қайраткерінің тегінен қате табылады. Абырой болғанда, жаңсақтық оқырманға жетпей түзетіледі. Мұндай оқиғаларды «Индустриальная Караганда» газетінің жауапты хатшысы Анна Круглова жақсы біледі. Өйткені, газет жарық көргенше әр сөздің дұрыс жазылып, әр суреттің өз орнына қойылуы, сан тарау еңбектің бір арнаға тоғысуы шарт. Тілшінің аты мақаланың астына басылғанымен, басылымның тасасында қалатын мамандардың маңдай тері көп айтыла бермейді.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан.

Солардың бірі – ғұмырының жиырма жылдан астамын баспасөз ісіне арнаған облыстық «Индустриальная Караганда» газетінің жауапты хатшысы Анна Круглова. Бүгінде әріптесіміз 50 жастың мерейлі белесіне көтеріліп отыр.

Адамның жүрегіне бала күнінде ұялаған қызығушылық кейде талай жылдан кейін өмірлік кәсібіне айналады. Анна Федоровнаның баспасөзге ықыласы мектеп қабырғасында оянған. «Индустриальная Караганда» газетінің сол кездегі редакторы Сұлтан Кемелбаев жетекшілік еткен журналистика үйірмесіне қатысып, ақпарат әлеміне құмарта бастайды. Адамдармен жүздесіп, жаңалықтың жай-жапсарын білу, оқиғаны жұртқа жеткізу оған ерекше әсер етсе керек. Кітапты сүйіп оқитын, ойын қағазға еркін түсіретін жас шәкірт үшін бұл орта бөтен емес еді.

Әйткенмен, есейген сайын назарын басқа әлем – компьютерлік технологиялар аударды. Сөзге бейімділігіне қарамастан, заманауи техниканың мүмкіндіктерін меңгеруге талпынады. Алғашқы еңбек жолында «НВЦ Оптима» серіктестігінде жұмыс істеп, мекеме басшысы Анатолий Тыщенкодан көп үйренді. Кейін Ольга Краус, Светлана және Вячеслав Кохановтар секілді тәжірибелі мамандармен қызметтес болды. Әр орта жаңа машық үйретіп, кәсіби көкжиегін кеңейтті.

Сөйтіп, бір кезде екі бөлек көрінген қызығушылығы 2004 жылы тоғысты. Анна Федоровна «Индустриальная Караганда» редакциясына бет қаттаушы болып келді. Мектептегі үйірмеде журналистиканың қыр-сырын танытқан Сұлтан Кемелбаевпен қайтадан бір кәсіби ортада табысқаны да – тағдырдың жарасымды сабақтастығы ма дерсің. Владимир Рыжков, Петр Жуковский, Валерий Савин сынды әріптестері мен жетекшілерінің өнегесі оның редакциялық жұмыстың тереңіне бойлауына ықпал етті. Көңіл төрінде қалған жандардың кейбірі бүгінде арамызда жоқ. Ал, қалғандарымен ортақ істің ыстық-суығын әлі де бірге көтеріп келеді.

Кейіпкеріміз үшін әр адамның бойынан үйренерлік қасиет табу – өмірлік қағида. Бәлкім, осы ізденісі мен іскерлігі оның кейін жауапты хатшы қызметіне ауысуына ықпал еткен болар. Қалай болғанда да, кешегі газет бетін қаттаған маман енді тұтас нөмірдің әзірленуіне жауап беретін қызметке кірісті. Ал, бұл міндеттің өзіне тән машақаты да, қызығы да аз емес еді.

Ол осы үдерісті «Тетрис» ойынына теңейді. Әртүрлі пішіндегі бөлшектер өзара қиысып, ортақ құрылым түзгендей, газет бетінде де мәтін, сурет, тақырыпша мен көркемдеу элементі бірін-бірі толықтыруы тиіс. Кейде мақаланы ықшамдау, кейде иллюстрация қосу, тіпті, қалыптан тыс беттеу тәсілін қолдану қажет. Қандай өзгеріс жасалса да, бастысы – мазмұнның тұтастығы мен оқырманға жайлы көрінісі. Өйткені, газет бетін көркемдеу дегеніміз – оны шұбарлау емес, оқырман назарын қажетті дүниеге аудара білу. Анна әріптесіміздің осы жұмыстағы ең сенімді серігі – мұқияттылық. Бір әріптен кеткен қате адамның аты-жөнін өзгертіп жіберуі мүмкін.

Газет шығарудың ең жауапты кезеңі – дайын нөмірді баспаханаға жөнелтер алдындағы соңғы тексеріс. Кейде көзге елеусіз көрінген бір жаңсақтықтың өзі басылым беделіне нұқсан келтіруі мүмкін. Мәселен, жаңа жылдың алғашқы күндерінде үйреншікті дағдымен газетке өткен жылдың датасын жазып жіберу қаупі бар. Сондықтан, редакцияда әр материал мен дайын беттерді бірнеше мәрте тексеру қалыптасқан үрдіске айналған. Бірінің назарынан тыс қалған қатені екіншісі байқап, түзетіп отырады. Анна Федоровна үшін мұндай мұқияттылық – кәсіби талаппен қатар, оқырман алдындағы жауапкершіліктің өлшемі.

Адамдармен жұмыс істеудің де өзіндік әдісі бар. Оны кейіпкеріміз қалжыңдап «тирания мен дипломатия» дейді. Кейде шешімді байыппен түсіндіру керек, кейде уақыт тығыз шақта қатаң талап қоюға тура келеді. Бірақ, кәсіби пікірталасты жеке қарым-қатынасқа араластырмау – оның редакцияда қадірлейтін қасиеті. Тілші, корректор, дизайнер-беттеуші, жауапты хатшы – бәрі бір тізбектің буындары. Бірі мазмұнға, бірі сауаттылыққа, бірі көркемдік үйлесімге жауап береді. Бірінің еңбегінсіз екіншісінің ісі толық болмайды.

«Елу жылда – ел жаңа». Сол іспетті талай жылда газет өндірісі өзгерді. Компьютерлік бағдарламалар жетілді, ақпарат алмасу жеделдеді. Бүгінде жасанды интеллект те күнделікті жұмысқа араласа бастады. Дегенмен, Анна Федоровнаның пайымынша, технология қаншалықты дамыса да, ол адам қолындағы құрал болып қала береді. Қалыптан тыс шешім іздеу, материалдың мәнін сезіну, оны оқырманға ұтымды жеткізу – шығармашылықтың еншісінде. Бір кездері компьютерлік технологияларға құмартып, сол саланы кәсіп еткен маманның бүгін адам еңбегінің қадірін осылай таразылауы да тегін емес.

Ал, жұмыстан тыс әлемінде отбасы, достары, табиғатқа серуендеу, иттерге деген сүйіспеншілік бар. Компьютерге қызығушылығы да сейілмеген. Бос уақытында виртуалды әлемдерді «құтқарғанды» ұнатады. Өмірді қайта бастаса, бәлкім, ғарышкер болып көрер ме еді?! Мұны да жымия айтады. Әйтсе де, таңдаған жолына еш өкінбейді. Өзі үшін елу жас – өткенге өкінішпен қарайтын кезең емес, жаңа жобаға құлшына кірісетін шақ.

– Біз қоғамдық пікір қалыптастырамыз дейміз. Десе де, мен үшін ең маңыздысы – адамдарды жігерлендіру, олардың алдынан жаңа мүмкіндік ашу. Кейде бір мақала адамның өмірін жақсы жаққа өзгерте алады, – дейді мерейтой иесі.

Расында, оқырман жүрегіне жеткен сөздің артында оны жазған ғана емес, жарыққа шығаруға атсалысқан тұтас ұжым тұрады. Анна Федоровнаның баспасөзге деген құрметінің астарында да осы түсінік жатыр.

Мерейлі жасқа орай «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінде салтанатты жиын өтіп, әріптестері Анна Федоровнаны құттықтады. Көп жылғы еңбегіне ризашылық білдіріп, ақжарма тілектерін арнады. Бұл – газет бетінде аты жиі көрінбесе де, әр нөмірінде еңбегі сайрап жатқан маманға көрсетілген құрмет. Елу жас – жаңа белес. Ал, сол белеске жеткен кейіпкеріміз үшін басты байлық – бірге еңбек еткен жандардың сенімі мен сүйікті ісінің берекесі болып қала бермек.

Газетте жауапсыз хатшы болмайды.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button