Шет

Жауапкершіліктен жалтаруға жол жоқ

00

24 маусымда облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ инфекциялық індет ошағының алдын алу және жою жөніндегі штабтың кезекті отырысын өткізді. Отырысқа облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық басқарма басшылары, қала және аудан әкімдері, штаб мүшелері қатысты.  

Шет ауданындағы эпизоотиялық жағдай және арнайы құрылған штабтың  індет шыққан жердегі жүргізіліп отырған шаралары туралы Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық аумақтық инспекциясы басқармасының басшысы, денсаулық сақтау басқармасы басшысы және Шет ауданы әкімі баяндады.

Облыс әкімі алдын ала жүргізілген шараларды қатаң сынға салды. Ветеринарлық қызметтердің ірі қара мен ұсақ малды қарастыруына, оларға екпе салу жұмыстарына көңіл толмаушылығын білдірді.

Отырыс қорытындысы бойынша аталған салада бақылаудың әлсіздігінен  эпизоотиялық жағдай туындап, оның асқынуы салдарынан Шет ауданы Өспен ауылдық округі Еркіндік ауылында күйдіргінің пайда болуына қатысты бірқатар тапсырмалар берді.

Атап айтқанда, ауыл шаруашылығына және  әлеуметтік салаға  жетекшілік жасайтын облыс әкімінің орынбасарларына,  облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысына сөгіс жариялады. Қарағанды облысы бойынша ветеринария басқармасының басшысы қызметінен төмендетілді.

Өз қызметтік міндеттерін дұрыс атқармағандығы үшін Шет ауданы әкімінің ауыл шаруашылығы және ветеринарияға жетекшілік ететін орынбасары, Шет ауданы ветеринария бөлімі басшысы, Шет ауданы ветеринария стансасы директоры, Шет ауданы Өспен ауылдық округі ветеринар дәрігері жұмыстан босатылды.

Сонымен қатар, Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті Қарағанды облысы бойынша департаментіне Еркіндік ауылы тұрғындарына көрсетілген медициналық қызметтің сапалылығына қызметтік тергеу жүргізуді тапсырды.

Денсаулық сақтау басқармасы басшысына медициналық дәрігерлер мен мекемелердің  кінәсі анықталған жағдайда, өз қызметтік міндеттеріне немқұрайлы қарағандығы үшін  соған қарасты ұйымдардың лауазымды тұлғаларын жекелеп жауаптылық қарастыруды міндеттеді.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button