Жауапкершілік жүгі – Ауыр
Кеше облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВТІҢ төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтті. Күн тәртібіне кезек күттірмейтін екі мәселе – мектепке дейінгі білім және тәрбие берумен қамту жұмыстарының жүзеге асырылу барысы, сондай-ақ, әлеуметтік-еңбек дауларының және еңбекақы берешектерінің шешілу мәселесі қаралды.
– Балабақша – білім беру жүйесіндегі алғашқы баспалдақ. Сондықтан, мектепке дейінгі мерзімде баланың барлық негізі қаланып үлгереді. Әрі қарай, дамып, жетілуі – сол алғашқы қадамды қалай басқанына байланысты болмақ. Егер, біз Қазақстанның болашақ тағдыры білімді әрі тәрбиелі жастардың қолында болсын десек, біз бүгінгі балаларымызға сапалы білім мен сапалы тәрбие алатын жағдай жасауымыз керек, – деді аймақ басшысы.
Қарағанды облысының білім басқармасының басшысы Асхат Аймағамбетовтің мәліметі бойынша, өткен жыл мен биылғы жылдың 9 айында 2 942 бүлдіршін мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылды. Мектепке дейінгі білім беру желілері 11 (3%) бірлікке көбейіп, құрамында 53 502 бүлдіршіні бар 511 бірлікке жетті. Желілер санының артуына – жеке меншік секторлардың дамуы, бюджет қаражаты есебінен жаңа нысандарды қызметке қосу, жұмыс жасап жатқан мектепке дейінгі ұйымдарды кеңейту арқылы қол жеткізілді. Дегенмен, жас ерекшеліктеріне қарай балаларды қамту көрсеткіші былтырғы жылғы көрсеткішпен бір деңгейде қалып отыр. 1-6 жас аралығында – 87%, 3-6 жас аралығында – 98%. Облыстық маңызы бар орташа көрсеткіштен төмен қамтылған көрсеткіш 3-6 жас аралығындағы Қарағанды (95,1%) және Жезқазған (97,3%) қалаларының бүлдіршіндері арасында тіркелді.
Оны ең алдымен облыстың мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы кезек күту мәселесінің артуымен түсіндіруге болады. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда кезек күтушілер саны биыл – 4852 адамға артып, барлығы – 36266 баланы құрады. Соның ішінде 3-6 жас аралығындағы – 9672 бала бар. Өңірлік салыстыру кезінде кезекте тұрғандардың ең көп мөлшері тұрғындардың тығыз орналасуымен, бала туу үрдісінің оң бетбұрысымен, белсенді көші-қон үдерісімен түсіндірілетін Қарағанды және Теміртау қалаларында есепке алынып отыр. Мысалы, Қарағанды қаласында кейінгі үш жыл ішінде 1-6 жас аралығындағы балалардың кезегі 21204 адамнан 24486 адамға, Теміртау қаласында 3395 адамнан 5420 адамға артқан. Аталған қалаларда 1,5 мыңнан астам жаңа орынның ашылғанын айтпағанның өзінде, осындай көрсеткіш орын алуда.
Орын тапшылығы мәселесін шешу үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмі негізінде жекеменшік балабақшаларды ашуға үлкен көңіл бөлінуде. Өткен жылы 812 орындық 5 мектепке дейінгі білім беру ұйымы іске қосылса, 2016 жылдың басынан бері 185 орындық 3 жекеменшік мектепке дейінгі білім беру ұйымы тұсауын кесіп, Теміртау қаласында жұмыс жасап тұрған шағын орталық өз ауқымын 25 орынға кеңейтті. Жыл соңына дейін Қарағанды, Теміртау қалаларында және Қарқаралы ауданында 1047 орындық 10 жекеменшік мектепке дейінгі білім беру ұйымы ашылады деп жоспарлануда.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – әлеуметтік-еңбек дауларының және еңбекақы берешектерінің шешілу мәселесі бойынша Қарағанды облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Қанатбек Балсариев баяндама жасады. Оның айтуынша, дау-жанжалдарды болдырмау мақсатында мемлекеттік еңбек инспекторлары биылғы жылы облысымыздың кәсіпорындарында жаңа Еңбек Кодексін түсіндіру жұмыстарын жүргізген.
Өткен 8 ай көлемінде осы бағыт бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары ұйымдарға 836 тексеріс жүргізіп, 1845 азаматтың өтініші қаралды. Тексеріс қорытындысы бойынша 1331 заң бұзушылық анықталып, 419 ұйғарым шығарылды. Бүгінгі таңда жұмыс берушілер 1160 немесе жалпы санынан 87% бұзушылықты жойды. Жүргізілген тексеріс нәтижесі бойынша, 223 заңды және лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы соммасы 30,9 млн. теңге айыппұл салынды. Жыл басынан бері мемлекеттік инспекторлары еңбекақы берешектері бойынша 93 тексеріс жүргізді. Еңбекақыны кешіктіру және төлемеу бұзушылықтарына байланысты кәсіпорын басшыларына жалпы сомасы 14,4 млн. теңгені құрайтын 91 әкімшілік айыппұл салынды. Биыл мемлекеттік еңбек инспекторалы еңбекақы берешектеріне қатысты ұйғарымды мәжбүрлеп орындату бойынша 70-ке жуық талап арыздар тапсырды. Қанатбек Балсариев биылғы жылы облысымызда ұжымдық еңбек дауының тіркелмегенін жеткізді.
– Бұл мәселе алаңдаушылық туғыза отырып, әлеуметтік шиеленісушілікті болдырмау үшін атқарушы биліктің алдын ала әрекет етуін талап етеді. Егер қызметкер уақытылы еңбекақысын алмаған болса, оның коммуналдық қызметтерге қарызы пайда болуы ықтимал. Сондықтан, мұндай жағдай орын алса, бұл қарызды өтеуді жұмыс берушінің мойнына жүктеу қажет. Мұны қалай жүзеге асыруға болады? Соны ойластырыңыздар. Заң қызметкерлерімен кеңесіңіздер. Сонымен бірге, сот шешімі бойынша жауапсыз жұмыс берушінің жарық көзін, суын сөндірейік. Өйткені жұмыс беруші тұлға өз қызметкері үшін бірден-бір жауапты адам екенін білуі қажет. Мұндай жауапсыз азаматтарды БАҚ арқылы көпшілік алдына шығару керек, – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, жиын барысында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Юржан Бекқожиннің де орақ науқанына қатысты есебі тыңдалды.
Биыл дәнді-дақылдарды орақ аумағы бұршақтың салдарынан есептен шығарылған 10,4 гектарды қоса алғанда 730,5 мың гектарды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 73,4 мың гектарға көп. Бидай орақ аумағы – 596,1 мың гектарға, арпа – 117,3 мың гектарға, сұлы – 17,1 гектарға жетіп жығылады.
Сонымен бірге, ауыл шаруашылығы құрылымдарындағы 8451 гектарға егілген картоп пен – 1486 гектар жердегі көкөністерді жинау жұмысы да алға қойылған.
Баяндамашының айтуынша, 19 қыркүйектегі көрсеткіш бойынша 596,1 мың гектар астық орылған. 491,5 мың гектар егін басылып, 686,8 мың тонна астық соғылған. Орташа түсім гектарынан 14 центнерге тең.
Рауан ҚАБИДОЛДИН