Бас тақырыпРесми

Жауапкершілік жүгі ауыр

Мемлекеттік басқару органдарының беделін айқындай­тын мінсіз әдеп пен мінез-құлық – бүгінгі таңда мемлекеттік қызметшінің басты әрі бұлжымас міндеттерінің бірі. Қатаң қағидадан тайып, ережеден мүлт кеткен қызметкерлер Әдеп жөніндегі кеңестің қырағы назарында. Өзгелерге сабақ болу үшін шалыс басқанның алдын алып, қажетті шара қолданылатын кеңестің кезекті отырысында нормалардан ауытқыған қызметкерлердің ісімен қатар, жемқорлықтан арыла алмай келе жатқан білім саласындағы былықтар да қарастырылды.

Білім саласы жемқорлықтан арылмай тұр

Облыстағы білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Санат Мусин білім саласындағы қызметшілерге келетін арыздар легі толастамайтынын айтады. Мәселен, соңғы үш жылдың өзінде департаментке елуге тарта өтініш келсе, оның әрбір екіншісі әдеп нормаларының сақталмауы мен өтініштерді қарау кезіндегі заңнама талаптарының бұзылуына қатысты. Ал, әрбір үшіншісі – білім беру бөлімінің қызметкерлері мен бағынышты ұйымдар арасындағы сыбайлас жемқорлық пен қаржыға қатысты шағымдар. Тіпті, 2014 жылы Жаңаарқа ауданының Атасу кентінде өзінің филиалын ашқан Жезқазған индустриалдық-гуманитарлық колледжі бертінге дейін лицензиясыз жұмыс жасап келген, тіпті, мемлекеттік тапсырыс бойынша қаржы да алған. Санат Мусиннің айтуынша, оқу орны жабылып, мемлеттік тапсырыс аясында игерілген қаржы бюджетке қайтарылған.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Айгүл Байханова да білім саласындағы жемқорлыққа қатысты шағымдардың көптігін айтады. Мәселен, қаладағы №86 орта мектеп директоры мен оның жұбайы бірге жұмыс жасауымен қатар, бір мезетте бірнеше мектепте сабақтар өткізген. Бұл туралы білім бөлімі де біліп отырған. Жағдайды түсіндірген білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлсім Қожахметова «аталған лауазымда биылғы сәуірден ғана жұмыс істеймін, бірақ жауапкершіліктен де қашпаймын» дейді. Жағдай өзіне мәлім болған сәттен, жұбайының қол астында жұмыс істейтін мұғалім аталған мектептен жұмыстан босатылған. Оның үстіне, ұжымдағы жағымсыз ахуалдың салдарынан директор тұрақтамайтын №86 орта мектепке басшылық етуге келіскен жалғыз адам – қазіргі директоры екенін жеткізген Гүлсім Шабданқызының сөзін Білім басқармасы басшысының орынбасары Бақтыгүл Әдекенова да растады. Аталмыш мектепке басшылық ететін адам әзер табылған тәрізді.

Одан бөлек, Айгүл Байханова білім басқармасы мен білім бөлімінің сайтына жүргізілген талдау нәтижесі сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған іс-шаралар жоспары бір ғана порталда жарияланғанын айтып, олқылықты қатаң қадағалауда ұстауды тапсырды.

«Әдептен озбайық, көп сөйлеп созбайық…»

Шахтинск қаласының тұрғын үйкоммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Әнуар Сәмиевтің ісі де Әдеп жөніндегі кеңесте талқыланды. Бейнебақылау камераларын жалға алуға шартқа отырған бөлім кейін оларды сатып алмақшы болған. Алайда, бұл туралы шартта айтылмағандықтан камераларды сатуға келіспеген келесі тарапқа бөлім көп ұзамай қызметтеріне ақы төлеуді тоқтатқан.

Шағым түсуіне байланысты қызметтік тексеру жүргізілгенін айтқан Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Данияр Абдрахманов қаладағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қала бюджетінен 2018 жылы бейнебақылау жүйесін жалға алуға 21 168 000 теңге, ал 24 камераны сатып алуға 3 500 000 теңге бөлінген дейді. Мемлекеттік тапсырыс веб-порталында қызметті ең арзан баға ұсыну арқылы жеңіп алған «Антарис-2018» ЖШС шартқа сәйкес, қызметке ақы төленбегендіктен, сотқа шағымданып, нәтижесінде бөлімнің талаптары заңға сәйкес емес деп танылған.

Қызметіне 2018 жылдың сәуірінде ғана кірістім деген Әнуар Сәмиев болса «24 бейнебақылау камерасына ешқандай қатысым жоқ, тіпті, ешқандай актіге қол қойған жоқпын» дейді. Қызметтік тексеру нәтижесінде оның іс-әрекеттерінде мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін әрекеттер анықталған. Яғни, бөлім 2018 жылдың қараша және желтоқсан айларында «Антарис-2018» ЖШС орындаған жұмыстарды қабылдамаған және ақы төлемеген деген қорытындыға келді Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері. Нәтижесінде, мемлекеттік лауазымын төмендету жазасын қолдану мүмкін болмаған жағдайда, қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түрінде Әнуар Сәмиевті тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы Шахтинск қаласы әкіміне ұсыныс жасауға шешім қабылдады.

Ал, Қарағанды қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Шолпан Жүсіпованы әріптестері дөрекілік танытты деп айыптаған. Шолпан Мақсұтқызы айыптауды жоққа шығарады, алайда оған қатысты жүргізілген қызметтік тексеріс әдеп нормаларының ішінара бұзылғанын растап отыр.

– Шолпан Жүсіпова қызметкерлермен сөйлесу кезінде Әдеп нормаларын сақтамаған, – дейді Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Сымбат Амангелдинова. Бөлім қызметкерлері арасында жүргізілген сауалнама дөрекілік жағдайын жоққа шығармайды. Шолпан Жүсіпова болса жұмысты ғана талап еткенін айтады.

– Жұмыстың нәтижесін талап ету – дұрыс. Бірақ, әдептен озуға, қызметкерлерге дөрекілік көрсетуге болмайды, – деген Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Айгүл Байханова Шолпан Жүсіповаға сөгіс жариялауды ұсынды.

Салтанат ІЛИЯШ

Басқа материалдар

Back to top button