Басты тақырып

Жат ағымға жол жоқ

     Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың басымдылығын түсіндіру мақсатында, Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Берік АРЫН және Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сергей ЕРШОВ жұмыс сапарымен Жезқазған және Сәтбаев қалаларына келді.

Олар бюджеттік ұйымдардың қызметкерлерімен, дін өкілдерімен, «Ақниет» ҚҚ, «Жезтағылым», «Фурхан», «Үміт мекені» қоғамдық бірлестіктерінің басшыларымен, сонымен қатар, «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС еңбек ұжымдарымен кездесті.

Қарағанды облысында 314 діни бірлестік өз қызметін бейбітшілік пен келісімде жүзеге асырады. Дегенмен, өңірде деструктивті діни идеологияның жағымсыз әсер етуі мен таралуына байланысты проблемалар бар.

Сондықтан, Берік Арын елдегі діни ахуалды жақсартуға, деструктивті діни ілімдердің ықпалына және олардың жақтастарының іс-әрекетіне қарсы тұруға қатысты мемлекет қабылдаған шаралар туралы ақпарат берді.

Атап айтқанда, ол ҚР Үкіметінің қарауына енгізілген дін қызметі және діни бірлестіктер мәселелері туралы заң жобасына тоқталды.

Дін саласындағы заңнамаға өзгертулер мен толықтырулар енгізу жұмыстары жүргізілуде. 9 Заңға және 2 Кодекске өзгертулер мен толықтырулар енгізу қарастырылуда. Барлығы 47 түзету енгізіледі. Олар қоғамды деструктивті іс-әрекеттерден қорғауға және мемлекет пен дін арасындағы қатынастардың жаңа форматын ұсынуға арналған.

Сайып келгенде, барлық өзгертулер діни үдерістердің тиімді басқарылуын және дін саласындағы мемлекеттік мүдделердің басымдылығын қамтамасыз етуі тиіс.

«Заңнамаға енгізілетін түзетулер елдегі діни ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз етудің кепілі болады. Деструктивті діни ағым идеяларының таратылуына жол бермейді. Сонымен бірге, қоғам сырттан бақылаушы болмай, алдын алу жұмыстарына белсене араласуы тиіс», – деді Берік Арын.

Вице-министрдің әлеуметтік қарым-қатынастардың, оның ішінде, білім беру, денсаулық сақтау, отбасы және неке институттары діни нормалармен емес, зайырлы мемлекеттің заңнамасымен реттелетінін баса айтып, біздің мемлекетіміздің зайырлылық сипатына басты назар аудартты.

Сенатор Сергей Ершов өзінің жерлестерін деструктивті діни ілімдердің ықпалына және оның таратылуына қарсы күреске қоғамдық пікірдің барлық күшін шоғырландыруға шақырды.

Ол өскелең ұрпақты біздің қоғамымызға жат діни идеологиялардың ықпалынан қорғау қажеттігін атап өтті.

Кездесулер тыңдаушыларды қызықтырып, олардың белсенділігін тудырған жағдайда өтті. Кездесулерге қатысқандар осы күннің өзекті мәселелері туралы сұрақтарын қойып, барлығының толық жауаптарын алды.

Мысалы, орта мектептерде діни киім киюге тыйым салу проблемасы көтерілді. «Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына сәйкес білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың басты қағидаты – білім берудің зайырлы, гуманистік және дамытушы сипаты. Сондықтан, мектеп оқушылары білім ұйымдары белгілеген киім үлгісін сақтауға тиіс», – деп Вице-министр заңнаманы орындау жөніндегі шараларды жүзеге асыру барысында оқушы қыздардың мектепте хиджаб кию мәселесіне айрықша назар аудару қажеттігін атап өтті.

Б.Арын 2016 жылғы 19 қазанда Білім және ғылым, Әділет, Дін істері министрліктері өкілдерінің оқушылардың мектептегі киім тәртібін, үлгісін сақтау қажеттігі жөнінде арнайы мәлімдеме жасағанын еске салды.

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығымен бекітілген белгіленген киім үлгісін, оның діни сипатын қоспағанда, сақтау талаптары Қазақстан Республикасының мемлекеттік құрылымының зайырлы принципіне және жалпы білім беретін мектептің міндеттеріне сәйкес келеді. Бұл заңнаманың нормалары барлық конфессия өкілдері үшін ортақ болып табылады. Оқушылардың дін бостандығына деген құқықтарын шектемейді және олардың діни сезімдерін қорламайды. Сондықтан, оқушылардың ата-аналары арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет.

Кездесуге қатысушылар шетелдік теологиялық оқу орындарында білім алу мәселесіне қызығушылық танытты. Берік Арын біздің азаматтарымыздың шетелде оқып жүріп, деструктивті идеологияның ықпалына ұшырайтындарын түсіндірді.

Сонымен қатар, шетелдің күмән тудыратын діни мекемелеріне оқуға барғандардың елге оралу мәселесі де бар. Сондықтан, Қазақстан азаматтарының шетелде діни білім алуына шектеу қою ұсынылады. Заң жобасы Қазақстанда діни білім алмаған адамдардың шетелге шығуына шектеу қоюды ұсынады. Бұл қазақстандықтарды шетелдік діни мекемелерде оқудың теріс салдарынан қорғауға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік қызметшілерге қатысты діни бірлестіктердің мүдделері үшін қызметтік жағдайды пайдалануға және жұмыс уақытында діни салт-жораларды орындауға тыйым салуға және дінге қатысты мінез-құлқына байланысты шектеулері туралы мәселе де сөз болды.

«Дін саласындағы үдерістердің тиімді басқарылуын және дін саласындағы мемлекеттік мүдденің басымдығын қамтамасыз ететін тиісті нормаларды ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңына енгізу ұсынылады», – деп түсіндірді вице-министр. Яғни, мемлекеттік қызметшінің өз міндеттерін (жұмыс уақытын) орындау кезінде өзінің діни, конфессиялық бағдарын қалай да бір көрсетуге құқығы жоқ.

Кездесуді қорытындылай келе, спикерлер қоғамдық-саяси жағдайды, елдің қауіпсіздігін және мемлекеттің зайырлылық негіздерін нығайтуда зор маңызы бар дін саласындағы тұрақтылықты сақтау қажеттігін атап өтті. Бұл ретте, мемлекеттік органдардың және қоғамның бірлескен мақсатты жұмысы маңызды рөл атқаруы тиіс.

Сонымен бірге, Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Б.Арын «Ақниет» ҚҚ филиалына барып, аталған орталықта оңалту курсынан өтіп жатқан адамдармен кездесті.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button