Жасыл шырша жанында

     Жаңа жыл мейрамын балалар ғана емес, ересектер де асыға күтеді. Әсіресе, балалар үшін ол бір сиқырлы мереке. Онда ән айтылып, би биленеді.

   Аудан әкімінің «Жасыл шырша жанында» атты шыршасының салтанаты аудан орталығындағы Ж.Ақылбаев атындағы эксперименталдық мектеп-гимназиясында ауқымды түрде атап өтілді. Аудандық оқу бөлімі, мектеп басшылығы, ұстаздар қауымы, оқушылардың мерекеге мейлінше тыңғылықты дайындалғандары мереке шырайын аша түсті. Мектептің алдында қардан жасалып боялған түрлі мүсіндер бірден бала жанын баурап алады. Бейне бір қиял-ғажайып ертегі әлеміне саяхатқа шақырғандай.

   Мерекелік іс-шараға аудан кө­лемінен 100-ге тарта бала қатыс­ты. Барлығы дерлік ертегілер еліндегі кейіпкерлердің киімін киген. Балау­са бишілер тобы «Көңілді әтеш» биін биледі.

   Аудан әкімі М.Жандәулетов шыршаның шамын жағып, құттықтауын жеткізді. Шырша тойына шақырылған патша көңілді бүлдіршіндерге сыйлықтар тарту етті.

   «Тауда туып, тауда өскен» әнін қосыла шырқаған балалар жасыл шыршаны екі топ болып айналды. Өнерпаз балалар ортаға шығып өз өнерлерін көрсетті. Ж.Ақылбаев атындағы мектеп-гимназиясының «Наз» тобы «Жаңа жыл» әнін, «Балауса» бишілер тобы би билеп, Ы.Алтынсарин мектебінің «Еркеназ» тобы ән салып, думанды қыздыра түсті. Балалар «Шыршаны безендіру» ойынын ойнады.

   Ақбоз атты жегіп, Аяз ата келді, жанында Ақша қары бар. Оларды балалар «Ақшақарлар» биімен қарсы алды. Әр мектептен келген кішкентай өнерпаздар өз өнерлерін көрсетті. Балалар базарлық алуға бар өнерлерін салып бақты. Патша көңіл бүлдіршіндердің бал-бұл жанған жүздерінен бүгінгі қуаныштың олар үшін есте қалар күн екені айқын аңғарылды. Дүниеде бала бақытынан артық ештеңе бола қоймас, сірә. Ескі жыл иесі маймыл тағынан тұрып, орнын жаңа жыл болып келген әтешке берді.

   Шырша тойына келген балалардың барлығына аудан әкімінің атынан арнайы пісірілген тәтті торт ұсынылды. Мереке соңында асханада дастарқан жайылып, тәттілер таратылды. Жасыл шырша салтанаты аяқталғанымен, балалар көңілінде салтанаттың қуанышты сәттері қалды.

Өз тілшімізден.

ШЕТ ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.