Жастардың жәрдемі

     Жақсы істің жаршысы болғанға не жетсін?! Шет ауданындағы агротехникалық колледждің бір топ студенті Ұлы Отан соғысының ардагері Мұқажан АҚАЖАНОВТЫҢ үйіне барып, ауласын қардан тазартты.

Игілікті іске «Ардағым – ардагерім» акциясы шеңберінде ауданның жастар ресурсы орталығының директоры С.Ахмедия, осы орталық мамандары – И.Жақып, М.Қанжанов ұйытқы болды. Үйдің маңайын, шатырын қыс бойы қар алып қалған. Жастар жастық жігермен іске кірісіп, лезде тазартып шықты.

Мұқажан ақсақал 1939 жылы қазан айында қызыл әс­кер қатарына шақырылған. Әскери борышын өтеп жүргенде Ұлы Отан соғысы басталады. Отанын жаудан азат етіп, 1946 жылы мамыр айында ауылға оралған. Мұқажан ақсақал сұрапыл соғыс кезінде Қиыр Шығыс әскери округінде арнайы бөлімде әскери барлау бағытындағы жауапты қызметте болған.

Мұқажан ақсақалдың баласы Г.Мұқажанқызы жастарға ризашылығын білдірді.

Ардагер қауымға құрмет көрсетіп жүрген белсенді жастарға рахмет. Биыл қар қалың түсті. Қартайған сайын бізге үйден шығудың өзі қиын. Оқуды жақсы аяқтап, ел құрметтейтін азамат болыңдар, – деді ол.

Биыл Мұқажан ақсақал тамыз айында 102 жасқа келеді. Жастарға ақ батасын беріп, алғысын айтты.

Оралбек ЖҮНІСҰЛЫ

ШЕТ ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.