Жаңалықтар

Елеужан Серімов: мемлекеттік идеологтар жастарды жұмылдырудың тиімді толыққанды тетіктерін әлі күнге дейін таба алмай жүр

Шынтуайтында, жиырма, отызды қойшы, қырқында да қазақша сөйлей алмайтын, мемлекеттік деңгейде ойлау үрдісі жоқ мемлекеттік қызметшіден не үміт, не қайыр?! Мемлекетке деген махаббаты қазақша сөйлеуінен айнымай байқалатын жастардың да қара үзіп тұрғаны шамалы. Содан көңілің құлазып, ойың бекенейленіп, топсасынан айрылған есік сынды күйреу алдында тұрғандай сезінесің өзіңді.. Әйтпесе, соңғы кезде елдің саяси-әлеуметтік кеңістігінде жастар тарапынан ұлтты сүю ыңғайында жарқ еткен жаңалық болмауын немен түсіндіруге болады? Бұрын жастарды қоғамның барометрі деуші едік. Жастар қозғалысынан қоғамның дамуы, бағыт-бағдары, беталысы аңдалатын. Қазір бәрі көмескі тартқан. Келешек бұлыңғырланып, жер мен көктің орындары ауысып кеткендей. Айналаға баға беруден қалдық.

Жастар

Әсілінде, жастардың әлеуметтік мәртебесі өспейінше, ұлтқа сүйенген азаматтық қоғам құрудың ауылы әлі алыс бізде. Ол үшін алдымен ұлтымен жаны бір азаматтық бірегейлікті (гражданская идентичность) мақсатты түрде қалыптастырып алғанымыз жөн болады (бұл жерде азаматтық бірегейлікті біртұтас мемлекет құратын қоғамдастық, басқаша айтқанда, қан, тегі түрлі болса да, бір ұлттық мемлекеттің азаматтары деп ұққан ләзім). Бұл әрі кезек күттірмейтін міндет. Сол қасиеттерді өскелең ұрпақ бойына сіңдіру мемлекеттің басты міндетінің біріне айналуы керек. Әйтсе де, ашығын айтайық, қоғамымызда бұл бағытта жүргізіліп жатқан нақты бір жүйелі жұмысты көре алмай келеміз. Мемлекеттік идеологтар жастарды жұмылдырудың тиімді толыққанды тетіктерін әлі күнге дейін таба алмай жүр.

Идеология саласында қандай бағыттар кемшін түсіп жатыр? Біріншіден, кадр саясатындағы кемшілік, немесе оның тиімділігінің төмендігі, ұлттық идеологияны алға жылжытатын жастар ортасынан жарып шығар қазақтілді көсем-лидерлердің тым аздығы. Дәл қазір біздің қоғамға ұлты үшін күш-қуатын аямай жұмсайтын, құрыштай шыныққан Павел Корчагиндер керек. Мұндай әдеби бейнелерді қалам шеберлері өздігінен – жүрек әмірімен жасамаса, оларға мемлекет тарапынан тапсырыспен жаздыру керек. Бұл жерде құрдымға кеткен советтік идеологияны қалыптастыру механизмін үлгі ретінде негізге алғанымыз жөн. Екіншіден, қоғамдық пікір қалыптастыруға дайындықтың жеткіліксіздігі, формализм және оны іске асырудағы стереотиптік, үкіметтік бастамалардың ақпараттық қолдаудың аздығы. Үшіншіден, әлеуметтік депрессия мен пессимизм деңгейінің жоғарылығы, нақты идеологияның жоқтығына байланысты жастар үшін мемлекеттік дамуды іске асыратын қолайлы да түсінікті жобалардың болмауы, бар болса, кең көлемде насихатталмауы. Төртіншіден, идеологиялық жұмыстарды жүргізу кезінде мемлекеттік органдармен өзара әрекеттесу үшін тәуелсіз сараптамалық құрылымдардың жоқтығы. Бесіншіден, идеологиялық кеңістіктегі ақпараттық саясатты дамытудағы бір орталықтың жоқтығы, яғни орталықсыздандыруға (децентрализация) бағыт алған үдеріс, т.б.

Қайталап айтамыз, еліміздің ертеңгі тағдыры бүгінгі жастардың қолында. Ал, ес кіріп, етек жапқан білімді дейтін жастардың дені – студенттік қауым. Көптен бері жоғары мектепте қызмет етіп жүрген соң, жастар арасындағы кей құбылыстарды, олардың даму бағыттарын жіті аңдығанда қылт еткен жаңалықты қаперімізге алып, әйтеуір ұдайы ізденіс жұмыстарын жүргізіп отыру әдетімізге айналған-ды. Мына жазбамыз да – соның бір айғағы.

Ұлттық мемлекет құру барысында туындайтын жаңа мақсат жоғары білімнің алдына жаңа міндеттер қоюында жатыр. Оларды шешу үшін жаңа ұрпақтың білім беру бағдарламаларын алдын ала жобалау қажет. Кезінде ұлттық нақыштағы ең бір тиімді бағдарлама – «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» болатын. Тұтас бір бөліктері ұлттық құнарға негізделген мұны басқаша бастап кеттік те, жеріне жеткізе алмай тәмамдадық. Шын мәнісінде бұл ертеңгі жастарға арналған бағдарлама екенін тиісті деңгейде ұғына алмай, біліксіздіктен мақсатсыз қарабайыр науқанға айналдырып, түбіне жетіп тындық ақыры. Прагматизм, бәсекеге қабілеттілік, жүз жаңа оқулық, т.б. бағыттардан туған жер дегеніне жабысып алдық та, мола жағалап кеткеніміз жасырын емес. Өреөріс, таным-түсінігіміз әлі де тым төмен деңгейде екенінің көрсеткіші бұл.

Қоғамымызда өмір сүрудің тәуекелдік тұстары көбейе түсуде. Оны дәйектеп, дәлелдеп жатудың өзі артық. Білімнің сапасын, оның қолжетімділігі мен ұтқырлығын арттыру, жастардың әлеуметтік мәртебесінің өсуі азаматтық қоғам мен жастар арасында бірлік пен ынтымақтастықты қалыптастырудың алғышарттары болып табылады.

Ұлттық мемлекет құрудың басты талабы – қазіргі жастардың ұлтына адал азаматтық бірегейлігін қалыптастырудың міндеттерін көбіне студенттер қауымдастығындағы жекеленген белсенді жастар ғана атқарып жүр. Көп бөлігі «көп айтса болдыға» (Абай) көніп, көп соңынан еріп жүре берер тобырдай көрінеді. Жұма намазында мешітке лек-легімен ағылатындар – соның нақты дәлелі. «Ақылсыз атқа мінсе, атасын басып кете жаздайдының» кері. Сол бетке ұстар лидерлердің басым бөлігі қоғамдық жұмыстар бойынша түрлі акцияларға және жарыстарға қатысуымен ғана тынып жүр. Ал, бұл ұлттық мемлекет құру үшін қажетті жастардың ұлтқа адал азаматтық бірегейлігін қалыптастыру мәселесін түбегейлі шеше алмақ емес. Бұл келелі мәселе қоғам алдында әлі де ашық күйде тұр деуіміз сондықтан.

Уақыт ұттырмай отандық жоғары мектеп алдына студенттердің жеке басын қалыптастырудың тиімді технологиялары мен модельдерін құру мәселесін қоюымыз керек. Бұның мемлекеттіліктің болашағы үшін үлкен стратегиялық маңызы бар. Азаматтық сананың күрделі әлеуметтік құбылыс ретіндегі ерекшелігі – жалпы технологиялық кешенге қарағанда, азаматтық бірегейлікті қалыптастырудың бірқатар өзіндік айырмашылықтары бар екендігінде. Мұндай технологияларды басқару объектісі тек жастар ғана емес, сонымен қатар олардың өзара әрекеттесу үдерісіндегі өзара байланыстар мен қатынастар екенін ұмытпаған абзал. Бұл технологиялар барлық қоғамның мүдделері мен қажеттіліктерінен туындайтын азаматтық қоғамда болып жатқан үдерістерге тікелей әсерін тигізеді. Солардың ішінде азамат пен мемлекеттің өзара әрекетіне басымдық берілуі тиіс. Қазақстандық заң кеңістігінде адам мүддесі мемлекет мүддесінен әлдеқайда биік саналады.

Ұлтына адал азаматтық бірегейлік білім беру технологияларының тиімділік мәселесі өте маңызды және сонымен бірге күрделі болып келеді. Жоғары оқу орнындағы азаматтық білім беру технологиялары тиімділігінің негізгі шарттарының бірі – синергия – білім алушының жеке тәжірибесі мен ғылыми ақпараттарды синтездей алуы. Бұл студенттер талап ететін білімді ғана емес, сонымен қатар, жеке пікір мен көзқарастарды, құндылық бағдарларын, азаматтық мінез-құлық үлгілерін қалыптастыруға ықпал етеді.

Түйіндей келгенде, жоғары оқу орнының білім беру жүйесі аясында ұлттық бірегейлікті қалыптастырудың мақсаты білімгерлерге өздері үшін маңызды азаматтық позицияны таңдауға жәрдем беру, көмек көрсету болып табылады.

Көптеген идеогемдердің басы анық еместігінен жастардың едәуір бөлігі ұлттық саясат аясынан тыс қалып жүр. Сондықтан, ұлттық мемлекет құру үдерісі жастардың санасының төменгі деңгейде болуынан әрі ең бастысы – идеологиялық мазмұнмен толықпауы салдарынан біз күткендей тиісті дәрежеде күшейе алмауда. Жастар өздерінің идеологиялық «негіздерін» өз алдына жеке-жеке дербес іздеуге мәжбүр. Тағы да қайталап айтамыз, мемлекеттік идеологтар жастарды жұмылдырудың тиімді толыққанды тетіктерін әлі күнге әзірлей алмай келеді. Өкіндіретіні де осы.

Елеужан СЕРІМОВ,
заң ғылымдарының кандидаты, «Bolashaq» академиясының ғылыми қызметкері

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button