Брифинг

Жастар саясаты – дамудың жаңа кезеңінде

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында жастар мәселесін көтерген болатын. Оның ішінде, білім беру сапасын арттыру, еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкес мамандар даярлау мәселелеріне басымдық берілуі тиіс екенін атап өтті. Соған сәйкес, Үкіметке үздіксіз білім беру тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырған. Бүгінгі таңда облыстағы жастардың жайы туралы облыстық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Біржан ӘЛІМЖАНОВ өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтып берді.

155 000 адам қамтылды

Облыстың әр бесінші тұрғыны – 30 жасқа дейінгі санатта. Ал, 14-28 жас аралығындағы жастардың саны – 261 153 (19%). Оның ішінде, 196 194-і (75,1%) қала, 64 959-ы ауыл жастары екен. Президент тапсырмасына сәйкес, облыста жоғары оқу орындарын оңтайландыру бойынша жұмыстар атқарылуда.

– Жастар саясаты дамудың жаңа кезеңінде. Өздеріңізге белгілі, 2019 жыл Жастар жылы, ал 2020 жылы жастар саясатын дамытуға жаңа серпін берген – «Еріктілер жылы» деп жарияланды. Облыста волонтерлердің өңірлік фронт-офисі, «Qoldau» волонтерлік орталығы ашылып, 155 000 адамды қамтитын 1112 іс-шара өткізді. Қоғам игілігі үшін 3 мыңнан астам волонтер еңбек етті. Шын мәнінде, пандемия барлық мемлекеттер үшін сынақ болғаны сөзсіз. Осы қиын-қыстау кезеңде еріктілердің еңбегі бір төбе, – деді басқарма басшысы Біржан Әлімжанов.

Сонымен қатар, басқарма басшысы волонтерлік қызметтің негізгі бағыты – қоршаған ортаны қорғау, экологиялық жағдайды жақсартуға көмек көрсету екенін айтты. Келер жылы да аталған жұмыстар жалғасады.

Жұмыссыздыққа жол жоқ

Аймақта жұмыссыздық мәселесі де жоқ емес. Одан қала берді, NEET санатындағы жастар да баршылық. Осы мәселенің алдын алу үшін біршама жұмыстар қолға алынды. Жұмыссыздықпен күресу мақсатында нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы іске қосылған. Нәтижесінде, аталмыш бағдарламаға 9 мыңнан астам, жастар практикасына 653 адам жіберілді

– «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында жұмысқа келген жас маманға көтерме жәрдемақы төленіп, тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік несие беріледі. Биыл әлеуметтік сала мен агроөнеркәсіптік кешенін бітірген 233 маманға 1 млн. 22,5 мың теңге бөлінген. 402 маманға 117,2 млн. теңге көтерме жәрдемақы қарастырылған. Тамыз айынан 167 маманға тұрғын үй сатып алуы үшін 708,5 млн. теңге көлемінде бюджеттік несие берілді. 220 маманға 64,8 млн. теңгеге көлемінде көтерме жәрдемақы қарастырылған, – деді Біржан Нұржанұлы.

Бүгінгі таңда көтерме жәрдемақы мен бюджеттік несие алған жас маманның саны артып келеді. 2020 жылдың еңбек маусымында «Жасыл ел» бағдарламасы аясында 1413 жас жұмыспен қамтылса, биыл 1800 жасты жұмысқа орналастыру жоспары бекіген. Одан бөлек жастар кәсіпкерлігін қолдау және дамыту үшін 100 млн. теңге көлемінде облыс әкімінің 100 гранты бөлінді. Бүгінгі таңда грант алушылардың 80%-ы жұмысын бастап кеткен. Оларға арнайы құрылған комиссия мүшелері тұрақты мониторинг жүргізіп отыр. Сонымен қатар, жас мамандарды баспанамен қамту мәселесі бір ізге қойылған.

618 пәтер бөлінеді

– Биыл Саран қаласы мен Ақтас ауылында бюджет қызметкерлеріне 57 пәтер берілді. Оның 22-сі – жас мамандарға. Сондай-ақ, 662 мың шаршы метрлік тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда – 25%-ға артық. Сонымен қатар, 7 мыңға жуық жаңа пәтер салынбақ. Оның ішінде 1,5 мың пәтері бюджет есебінен қаржыландырылады, – деді басқарма басшысы.

Жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге басымдық берілген. Бірнеше жылдан бері облыста осы санаттағы жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің кешенді жоспары жүзеге асырылуда. Биыл 226 пәтерді беру жоспарланып отыр. 2020-2022 жылдар аралығында облыс өңірлерінде барлығы 618 пәтер бөлінеді.

– Жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің тағы бір шарасы – Елбасының үшінші әлеуметтік бастамасы аясындағы жатақханалар құрылысы. Жаңа оқу жылының ба[1]сына дейін жаңа ғимараттардың құрылысы мен қолданыстағы ғимараттардың қайта жаңартылуына байланысты жоғары оқу орындары мен колледждердің 882 студенті жатақханадан орынмен қамтамасыз етіледі. Биыл 6 жатақхананы пайдалануға беру жоспарланып отыр, – деді Біржан Нұржанұлы. Орталықтарда қызмет ойдағыдай Облыста 18 өңірлік Жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Ағымдағы жылы ЖРО-ын қаржыландыру үшін 284 млн. теңге бөлінген.

– Облыс бойынша жұмысты тиімді ұйымдастыру үшін белгілі бір жағдайлар жасалған. Орталықтың Қарағанды, Балқаш, Приозерск қалаларында, Бұқар жырау, Жаңаарқа, Қарқаралы аудандарында жұмысын ерекше атап өткім келеді. 2020 жылы қала мен аудандардың орталықтарымен 624 мыңнан астам жас қамтылған 3096 мыңнан астам іс-шара өткізді. Биыл 310 мың адамды қамтитын 2 мыңнан астам іс-шара онлайн форматта өткізілді, – деді басқарма басшысы.

Жастар ресурстық орталықтары індет өршіп тұрған кезде үлкен жұмыс атқарғаны белгілі. Төтенше жағдай жарияланғанда ЖРО қызметкерлері халықтың әртүрлі санаттарына атаулы көмек көрсету, соның ішінде, азық-түлік себеттерін, жеке қорғаныс құралдарын тарату бойынша жұмыстарды ұйымдастырды. Бүгінде бұл жұмыстар облыстың волонтерлік ұйымдарымен бірлесіп жалғасуда.

– Өңір жастарымен тиімді және мақсатты жұмыс құру үшін арнайы Жол картасын әзірлеген болатынбыз. Онда ЖРО қаржыландыру шарттарын жақсарту мен кадрлық әлеуетін арттыру бойынша нақты қадамдар көрсетілген. Біз жастардың өзекті мәселелерін шешу тетіктері мен жолдарын үнемі жетілдіріп отырамыз, – деді Біржан Нұржанұлы.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button