Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жылОсакаров

“Жас жүрек жайып саусағын…”

Тәуелсіздіктің мерейтойы аясында һәм Тұңғыш Президент күніне орай Осакаров ауданында «Жас сұңқар – 2021» жастар сыйлығын табыстау рәсімі өтті. Аталмыш сыйлықпен 13 жас марапатталды.

Салтанатты жиынды ашқан аудан әкімі Нұркен Кобжанов қатысушыларды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен құттықтап, бұл атаулы күннің әрбір қазақстандық үшін ерекше маңызды екенін атап өтті.

– Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің есімі Тәуелсіз Қазақстанның дүниеге келуімен, қалыптасуымен тығыз байланысты. Қазақстан халқы сайлауда өз дауысын Ұлт Көшбасшысы – Нұрсұлтан Назарбаевқа бере отырып, тұрақтылық пен дамуды ту етті, – деп атап өтті өз сөзінде Нұркен Кобжанов.

Жыл сайын Үкімет жастарға ауқымды қолдау көрсетіп ке леді. Олардың қатарында Осакаров ауданы да бар. Аудан бойынша «Жылдың жас спортшысы» санатында халықаралық дәрежедегі спорт шебері және қазақ күресінен 2019 жылғы Азия чемпионы Еламан Хуанбай үздік деп танылып, аталмыш номинация бұйырыпты. Сонымен қатар, «БЕККО» ЖК басшысы Николай Бекко «Жылдың жас кәсіпкері» номинациясында жеңіске жетті. Ал, «Жылдың жас педагогы» сыйлығы №9 гимназия базасындағы тірек мектебінің (РО) информатика және робототехника пәнінің мұғалімі Юрий Федоровқа бұйырды. Ауданға ақ адал еңбегі сіңген ОАА хирургия кабинетінің мейірбикесі Екатерина Садирова «Денсаулық сақтаудың жас қызметкері» номинациясының үздігі деп танылды. Кент мәдениетіне жас та болса қосқан үлесі бар Осакаров аудандық мәдени-сауық орталығының дыбыс режиссері Жанәділ Совет «Жас мәдениет қызметкері» номинациясында марапатталды. Ол – музыкантреспубликалық байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы атанған. Ал, Приишимское ауылының «КРЭК» ЖШС пайдалану жөніндегі электр монтері Олег Евграфьев «Жылдың жас қызметкері» атанды. Сонымен қатар, «Жылдың жас мемлекеттік қызметшісі» сыйлығына Осакаров ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Анастасия Иванова ие болды. Және ауданның уақытша ұстау изоляторы бастығының орынбасары Нұрсұлтан Файзулға «Жылдың жас қорғаушысы» номинациясы берілді.

– Негізі шыны керек жеңіс күтпеген едім. Осындай дәрежеге жеткеніме өте қуаныштымын. Еңбегіміздің бағаланғаны, еленгені қатты қуантады. Бұл одан да, жақсы жұмыс істеуге және алға жылжуға итермелейтін игі іс деп білемін. Артқан сенімді ақтауға тырыса мын, – деп пікір білдірді аталым иесі Нұрсұлтан Файзул.

Сондай-ақ, «Жылдың жоғары сынып оқушыларының» үздіктері болып №1 тірек мектебінің 11-сынып оқушысы Сарыбай Аманбай және Жансары ауылдық округінің №24 орта мектебінің 9-сынып оқушысы Жанерке Аманжолова танылды. «Мемлекеттік тіл – болашағым» номинациясы бойынша Е.Бөкетов атындағы ҚарУ төртінші курс студенті Ирина Газетдинова жеңімпаз атанды. Бір атап өтерлігі аталым иегерлері арасында «Sarybel Eriktileri» ҚБ еріктілер штабы ерекше көзге түсті. Оның төрағасы Ағдарбек Қаратай «Жылдың жас көшбасшысы» номинациясында үздік атанды. Оның ішіндегі белсенді қатысушы Салтанат Мұратова «Үздік волонтер» сыйлығына ие болды. Номинация иегерлерінің барлығына дипломдар мен ақшалай сыйлық берілді. Бұндай шара жоғарыда аталғандай, еңбекте белсенділікке, даму жолында жылдамдыққа шақырары сөзсіз. Ел іргесінің берік болуы, болашаққа деген көзқарастың жарқын болуы осы жастардың қолында емес пе?! Ендеше жастарға қолдау танытып, осындай игі істердің жасалуын қолға алып отырған басшылыққа алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

ОСАКАРОВ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button