Бас тақырып

Жасөспірімдер қылмысы азаймай тұр

Биыл облыста кәмелеттік жасқа толмағандар жасаған 71 қылмыс тіркелген. Бұл – жыл аяқталмаса да, өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда едәуір жоғары. Құзырлы орган істі болған балалардың дені ұрлық жасауға бейім екенін айтуда. Олардың барлығын кәнігі ұры деуге де келмес, өңкей қалтаға түсер ұрылар. Дегенмен, қылмыстың аты – қылмыс. Дәл бүгін қылмысқа себеп болған дүниені өзегімен суырып алып, көз көрмес, құлақ естімес жаққа лақтырып тастамасақ, бала тұрмақ, үлкеннің өзіне айтуға ауыз әрең баратын «қандықол қылмыскерге» айналып шыға келмесіне ешкім кепілдік бере алмасы анық. Қазіргі «қой үстіне бозторғай жұмыртқаламаса» да, екі қолға бір жұмыс табылатын заманда баласы ұрлық жасап, болашағын бұлыңғыр ететіндей ешбір отбасының өзегі талғанша ашығып, шоқпыт киіп, денесі аязға қарылып жүрмеген шығар деген ой да жылт етеді. Ендеше, «үлкенін қойып, баласы қылмыс жасайтындай басымызға не күн туды?» деген ой туары заңды. Ал, бүгінгі бала – ертеңгі болашақ. «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз» деген болатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Сәйкесінше, оларға жол ашу үшін барлық жағдайды жасау керектігін де алға тартты. Бұл – елдігімізді бекіте түсу үшін бұлжымас қағида болса керек…

Облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналдық полиция бөлімінің аға инспекторы Әсел Омарова биылғы бес айда кәмелетке толмағандар жасаған қылмыс саны 14 пайызға көтерілгенін айтады. Атап айтар болсақ, өткен жылы 43 іс тіркелсе, биылғы көрсеткіш небары бес айдың ішінде 49-ға жеткен. Бірақ, дәл осы 49 істің 34-і өткен жылы жасалғанын айтады аға инспектор. Қылмыстық істі тергеп-тексеру едәуір уақыт алатынын ескерсек, шешімнің шыққаны да биыл екен. Дегенмен, бізді қызықтырғаны қылмыстық істің тергеп-тексерілуі емес, бесіктен белі енді шыққан көкөрімдердің неліктен қылмысқа баратыны және қандай қылмыстарды жасауға бейімдігі.

– Кәмелетке толмағандармен жасалатын қылмыстардың дені – мүліктік қылмыстар. Мәселен, 2022 жылы жасөспірім 29 мүліктік қылмыс жасаса, биыл көрсеткіш 30,9 пайызға өсіп, 42-ге жетті. Ал, осы қылмыстардың ішіндегі 35-і – ұрлық, – дейді Әсел Омарова.

Маманның сөзі бойынша тіпті өткен жылы ұрлық аз болған. Яғни, 2022 жылы 20 іс тіркелген екен. Демек, статистикалық деректерге сүйенсек, жыл сайын жағдай тіпті ушыға түскенін көруге болады. Ал, оның басты әрі негізгі себебі – ата-аналардың балаларын жеткілікті қадағаламауында. Себебі, тіркелген қылмыстың 83 пайызын жасөспірімдер түнде жасаған. Айгүл Омарова балалар қылмысының өсуі олардың қылмысты қайталап жасауына байланысты екенін айтады.

Мəселен, дəл биылдың өзінде екі бала бірлесіп, 17 рет ұрлық жасаса, ал, біреуі бес рет қылмыс үстінде ұсталған. Дəл осындай эпизодтық жағдайлардың тіркелуі облыстағы жасөспірімдер арасындағы қылмыс статистикасының нашарлауына əсер ететінін айтады аға инспектор.

– Жасаған қылмысына орай кəмелетке толмағандардың тəртібі өздері оқитын оқу орындарындағы алдын алу кеңесінде қаралды. Комиссияның шешімімен балалар ювеналдық полиция тобының есебіне жəне мектепішілік есепке қойылды. Ал, биыл соттың шешімімен 10 бала Алматы жəне Тараз қалаларындағы девиантты мінезді балаларға арналған арнайы оқу орнына жіберілді. Ал, үш бала Абай облысындағы ерекше арнайы оқу орнына жолданды, – дейді Айгүл Омарова.

Олардың ішінде колледж студенттерінен бөлек, тоғызыншы сыныпты бітірмегендері де бар.

Жалпы, облыста кəмелетке толмағандарды қадағалап отыратын небары 137 учаскелік полиция инспекторы бар. Норма бойынша 1 инспекторға қалада – 5600, ауылда – 4600 баладан көрсетілген. 112-сі қаладағы, ал, қалған 25-і ауылдық жерлердегі баланы қадағалайды. Қарапайым есепке салар болсақ, 137 инспектордың облыстағы 420 мектеп пен 56 колледждегі баланы толық қамти алмайтыны айдан анық.

– Əр баламен жеке тіл табысып, олармен толыққанды жұмыс жүргізуге полиция қызметкерлері жеткіліксіз. Бірақ заңда көрсетілген нормалар бойынша, Қарағанды облысында кəмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар саны сəйкес келеді, – дейді Айгүл Омарова.

…Əйтсе де, бұларды бір миғұла, меңіреу екен деп ойламаңыз, олар да басқадан ешбір кемдігі жоқ, тек тұрмыстың зорлығымен ретсіз жағдайға түсіп қалған кəдімгі қарапайым балалар. Бұлар бір жағынан, адам болып жетілудің игі байлығының бəрінен мақұрым қалған, екінші жағынан, өздерін ауыз жарымайтын əзір асқа ие қылып, күн көрудің адамды шыңдайтын қызу күресінен аулақ əкеткен (Антон Макаренко).

Аға инспектордың да айтпағы осы. Статистикалық деректер де қылмыс жасаған балалар ата-ана қарауынсыз қалғандықтан, яғни, түнгі уақытта қылмыс жасағанын көрсетеді. Ата-ана балаға жауапты. Бұл – бұлжымас қағида, əрі заман өзгерсе де солай болып қала берері сөзсіз. Қылмыс жасаған əр баланың түзелуге, өткенін қорқынышты түс ретінде ұмытып, болашағын жарқын етуге хақы бар.

Болашақ əрқайсымыздың қолымызда. Баланы тəрбиелейтін жалғыз адам емес. Айналадағы адамдар, қоршаған орта, құбылыстың өзі бала тəрбиесіне тікелей əсері бар екенін айтады психологтар. Ал, осы бір күрделі əрі жауапты құбылыста бала үшін ең алдымен атасы мен анасының тəлімі мен тəрбиесі үлгі болмақ. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді емес пе қазақ?! Өмірдің не екенін білмей, балалықпен от басқан əр баланы ортамыздан аластатпай, мейірім танытсақ, тасқа да гүл шығары анық.

Еңсесі түскен мерзімінен бұрын өледі (Омар Хайям). Ертеңімізді ерте солдырмай, бала үшін əрқайсымыз жауапты болсақ…

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button