АймақБалқаш

Қазақ күресінің қаранары

Алысқа шабатын арғымағын, жарысқа түсетін балуанын ерекше құрметтеген елміз. Сондықтан болар, «Тұлпардың тұяғы, қыранның қияғы, балуанның білегі ортақ» – дейтіні қазекеңнің. Ел ішінде жауырыны жерге тимеген балуандарымыз қаншама. Солардың бірегейі, Балқаш қаласының Құрметті азаматы, аса ауыр салмақта белдескеннің бәрін жығып, атағы алысқа кеткен алып күш иесі – Сағыжан Аманжолов еді. Ұлтының рухы мен намысын жоғары қойып, бар саналы ғұмырын халқына арнаған қазақ күресінің қара нарын сұм ажал арамыздан алып кеткеніне жыл толды. Кешегі күннен жүйрік жоқ. Өтіп бара жатқан қайран уақыт-ай десеңізші!

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Сағыжан Аманжолұлы есімі кіндік қаны тамған Балқаш көлінің Солтүстік жағасындағы Ағыбай батырдың Тасаралынан бөлек, тысқары жерлердегі күрес жанкүйерлеріне етене таныс. Ол ұзақ жылдар Балқаш қалалық кеңес атқару комитетінің ұйымдас­тыру бөлімінде, Жезқазған облыстық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінде, Балқаш қалалық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, Балқаш кен-металлургия комбинатының партия комитетінің партиялық бақылау комитетінің төрағасы, аталмыш өндіріс орнының идеология жөніндегі хатшысы, мемлекеттік мүлік жөніндегі Балқаш қалалық комитеті төрағасының орынбасары, мемлекеттік мүлік және жекешелендіру жөніндегі Қарағанды аймақтық комитетінің Балқаш, Приозерск қалалары және Ақтоғай ауданы бойынша өкілі сынды қызметтер атқарып, зейнеткерлікке шықты.

Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де елеулі істердің басы-қасында жүрді. Тәуелсіздік жолында ұлы күрестерге қатысқан Ағыбай батырдың атындағы қордың басшысы болып, Тәуелсіздік алаңына батырдың еңселі ескерткішін орнатуға атсалысты. Бабаларымыз айтқандай, ешқашан азбайтын, тозбайтын, керісінше, уақыт өткен сайын сан қырынан жарқырап, ұрпақ санасына шұғыла шашатын мәңгі өлмейтін құдіретті күштің аты – ғылым мен мәдениет екендігін паш етті. 2007 жылы ескерткіштің ашылу салтанатына бұрынғы Президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, Сағыжан Аманжоловтың қолын алып, зор ризашылығын білдіргені елдің есінде.

Өмірдің түрлі сынағымен бетпе-бет келіп, тайсалмастан күресіп жүрген жігітті білімге деген құштарлық алға жетелей түсті. Жаратқан сәтін салып, Қарағанды мемлекеттік педагогикалық институтының физика-математика факультетіне, физика және жалпы техникалық пәндер мамандығы бойынша оқуға түсті. Мұнда білім ала жүріп, спортқа ден қойды. Мінезіндегі төзімділік пен қайсарлықты, ерік-жігер мен өжеттілікті қалыптастыр­ды. Кеншілер Мәдениет сарайының жертөлесінде орналасқан күрес залында белгілі бапкер, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жұмажан Әкенов­тің қарамағында шұғылданды.

Сағыжан балуанның есімі 1957 жылы елге танылды. Сол жылы Мәскеуде жастар мен студенттердің Дүниежүзілік фестивалі аясында ұйымдастырылған жастар мерекесінде облыс чемпионы атанды. Сонымен қатар, көп ұзамай күзде Қазан революциясының 40 жылдығына орай Алматы шаһарында қазақ күресінен респуб­ликалық жарыс өтті. Бұл дүбірлі додада жалын атқан жас жарқырай көрініп, жеңімпаз атанды. Қазақ күресінің атасы Қажымұқан балуанның ізбасары Әбілсейіт Айханов балуан, Сағыжан Аманжоловтан екі мәрте жеңілген көрінеді. Бұл туралы спорт журналисі Нұрғазы Сасаевқа берген сұхбатында: «Мен – қазақпын, сақтың ұрпағымын деп мақтанамын. Талай мықтыны жеңсем де, жас кезімде Балқаштың Сағыжан Аманжолов деген жігітімен екі рет күресіп, екеуінде де жеңіліп қалдым. Бірақ, ол партия қызметіне ауысып, күресті тастап кетті», – деп жеңілгендігін мойындайды қазақтың даңқты балуаны Әбілсейіт Айханов.

Балуанның төккен тері еш кетпей, 1958 жылы Алматыда Қазақстан студенттерінің спартакиадасында еркін күрестен ел намысын қорғап, бірінші орынға тұрақтады. Айтулы жарыста командалық есепте көш бастаған Қарағанды жастары Ташкентте өткен Орта Азия республикалары студенттер ойындарына қатысып, Тас­аралдың тастүлегі жеңіс тұғырынан көрінді. Шаршағандарын баспай Қарағандыда жалауы желбіреген Қазақстан чемпионатында екінші мәрте чемпион атанды. Нұркен Әбдіров атындағы спорт сарайының алқызыл лентасын Сағыжан балуан қиғандығын біреу білсе, біреу білмес.

Қарсы келгенді тулақша қағып, қо­ғадай жапыратын, күші басым түсіп, қатысқан жарыстарында жеңіске жеткен балуан 1961 жылы белдесу кезінде жарақат алып қалады. Мамандар бұдан кейін спортты жалғастыруға мүмкіндік жоқ екендігін ескертеді. Әттең, жарақат алмағанда, Алаштың намысшыл асыл ері, қазақтың атын әйгілер еді. Сексеннің төртеуіне келген шағында берген сұхбатында Тасаралдан талай балуан шыққанын айт­қан болатын.

– Біздің Тасарал ауылында ежелден балуандардың мектебі қалыптасқан. Балуандық өнердің бастауында түйе балуан Бейсекей ақсақал тұр. Ол кісіні қыл арқанды екі қолтығынан өткізіп, екі жігіт ортаға алып шығады екен. Бейсекей балуан еңселі, ерен күш иесі еді. Одан кейінгі Сәлімбайдың Әлімшайхысы. Ол Қазақстан мен Орта Азияның он бір дүркін чемпионы атанды. Сондай-ақ, Көккөздің баласы Сармантай, Жұмаштың Қойшыбайы, Күлмағамбеттің Оспанының аймаққа есімдері белгілі. Менен кейін, бауырым Сүйіндік Қарағанды облысының намысын қорғады. Сонымен қатар, Ұлан, Марат Қосымханов және Серікбол Шахжанов қазақ спортына ерекше үлес қосты, – деген еді балуан Сағыжан Аманжолов.

Сағыжан ақсақал қазақ күресінен өткен талай жарысқа құрметті қонақ болып шақырылды. Балуан атында Балқаш қаласында жарыс­тар өткізіліп келеді. Бұл дәстүрлі дода жалғасын табатындығына сенімдіміз.

Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button