Аймақ

Жас шопанның жалыны

Жастар ауылдан қашады деген сөз жаңсаққа айналып келеді. Аймағымыз­да ауылға қоныс аударып жатқан жас маман көп. Керек десеңіз, қаладағы жұмысын тастап, шаруашылық ашып жатқан жігіттер де бар. Солардың ішіндегі ең жасы, еті тірісі – Нұрбек Жәнібекұлы.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

24 жастағы Нұрбектің алдында бір отар қойы бар. Еділбай қойын өсіріп, өрісін толтырып, нарыққа шығарып отыр. Әкесінің де шаруашылығында жылқы мен сиыр бар. «Шаруаның бір шетін көтерісемін» деп келген ұлына еншісін беріп, жеке шаруашылық етіп шығарады. Еділбай қойын өсіруді о баста ойластырып келген Нұрбек шаруасын ширатып әкетеді.

Нұрбек жасы 18-ге толысымен оқуын сырттайға ауыстырып, жұмысқа шығады. Өзінің білім алып жүрген мамандығы бойынша пойызда жолсерік болып еңбек жолын бастайды. Көп ұзамай жолсерік бригадирі болады. Теміржол саласындағы төрт жыл еңбек өтілін тәрк етіп, ата кәсіпті өркендетуге белін бекем буады. Баласының бұл ойын әкесі Жәнібек те бірден құптайды. Қой шаруашылығын көтерейік деген ойы да әкесінің қолдауын табады. Үй ішінің сенімін әбден сезінген ол кәсіпке қорықпай кіріседі.

– Әкемнің шаруашылығында жылқы, сиыр бар. Бірақ, менің қой өсіргім келді. Неге десеңіз, қой еті сиыр етінен қымбат. Төлі тез өседі, тез көбейеді. «Мал өсірсең, қой өсір – пайдасы оның көл-көсір» деген бабаларымыздан қалған сөз бар ғой. Біз көбіне тұқым ретінде саудалаймыз. Шаруа қожалық иелері алады. Қой өсіргісі келетіндер де алып, малданады, – дейді фермер Нұрбек.

Жас фермердің қыстағы Қарағандының іргесінде. Бұрын ол жерді «Түйе­қонған» деп атаған. Үлкендер бұл жерден үлкен көш үдере көшкен, осы бір жайлы жерге керуен тоқтаған деседі. Ол көште саудагер-көпестер көп болған. Осы бір ретте Нұрбек батырдың ырымшыл екенін аңғарып қалдық. Шаруашылығын ашайын деп жатқан кезде 1981 жылғы көне тиын тауып алыпты. Бірден жақсыға ырымдап, қойым байытады деп қолын жайған көрінеді.

Жас фермер Еділбай қойын әлемдік нарыққа шығарғысы келеді. «Шаруа­шылығын енді ғана бастап жатқан жігіттің қолынан бұл келер ме?», деуіңіз мүмкін. Бірақ, ойлағанын орындаймын деп білегін сыбана кіріскен. Қалай десеңіз, айтайық. Әлеуметтік желі арқылы. «Instagram», «Tik-Tok» парақшаларын белсенді жүргізіп отыр. «edilbai_kz» деген атаумен екі парақшасындағы оқырман саны 100 мыңға жуықтап қалған. Әр жазбасын Қазақстанның түпкір-түпкірінен, тіпті, көршілес елден де қалт жібермей, қарап отырады.

«Әлеуметтік желідегі парақшаларымда ата кәсіппен енді айналысып жатқандарға бағыт-бағдарымды көрсетемін, шаруашылыққа қажетті түрлі видеоларды жүктеп отырамын. Еліміздегі ауыл шаруашылығы саласының озық дамығанын қалаймын», – дейді кейіпкеріміз.

Мәселен, 115 мың қаралым жинаған видеосында ол қойға бидайды қалай дұрыс беру керектігімен бөліседі. «Еділбай қойының ерекшелігі боранға қарамай, тебіндеп жайыла береді. Суыққа өте төзімді. Дегенмен, аязда біз бидай береміз. Ішін қыздырады. Сол себепті, еркін жайылады. Жас марқаларға, қошқарларға береміз. Күйін жоғалтпайды. Көп мөлшерде беруге тағы болмайды. Буаз қойлар іш тастап жіберуі мүмкін», деп бейнежазбасын аяқтайды.

Қоздаған қойдың күтімі, оларға берілетін түрлі витамин, үгітілген бор, табиғи тұз беретінін жеткізеді жас шопан. Енді бір жарияланымында қойдың қорасы қандай болу керектігін, астының мұз әрі ылғал болмауына назар аудару қажеттігін айтады. Жазбаларындағы пікірлер топтамасына да көз жүгірте өттік. Ауылда тұратын оқырманға оң пайдасын тигізіп жатқандай көрінді бізге. Бәрі жас шопанға алғаусыз алғыстарын жаудырып жатыр. «Осы секілді біз біле бермейтін дүниемен бөлісіп тұрсаңыз, жақсы болар еді. Біраз ақпарат алдық» десе, енді біреуі «Қойыңыз қоңды екен. Жақсы салмақ басатыны көрініп тұр. Қалай сатып алсақ болады?», деген сыңайдағы пікірлер қалдырыпты.

Демек, Нұрбек желідегі парақшалары арқылы қойын сәтті саудалап отыр деген ойда қалдық. Несі бар? Қойын сойып, оны қалаға апарып, базарда тұрып, уақыт жоғалтпайды. Қорасынан-ақ өткізеді. Бұл да жас шопанның жарнама көзін жөн тап­қандығы.

«Сенбі, жексенбі демалыс жоқ. Сегіз сағаттық жұмыс уақыты деген жоқ. Күні-түні осы малдың соңындамыз. Мал бағудың машақаты өте көп. Қып-қызыл бейнет. Бірақ, береке бар. Еңбектің тәтті дәмін тататын кез де келеді», – дейді өзі.

Нұрбек – әкесі мен анасының екінші ұлы. Бір ағасы, үш інісі бар. Әкелері ұлдарын адал еңбекке баулып өсірген. Қара жұмыстан қашпайды. Жас шопанның тағы бір асқақ арманы бар. Өзінің адал жарын жолықтыру, отау құру. Бұйырса, ол күннің де ауылы алыс еместігін және жасырып қалмады.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button