Бас тақырып

Отандық ғылым – тиімділік тірегі

«Агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет. Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын зерттеу ісінің барлық сатысын қамтитын агротехнология хабына айналдыру керек.

Сондай-ақ, шетелдің танымал агро-ғылыми орталықтарымен толыққанды ғылыми-тәжірибелік ынтымақтастық орнату керек. Біз жеке ғылыми-технологиялық бастамаларды қолдаймыз. Білім беру бағдарламаларын ауыл шаруашылығы талаптарына бейімдейміз» деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында. Расында да, қай елдің болса да, экономика негізі ғылымда, білімде екені баршаға мәлім. Дегенмен, бүгінде ғылыми сала да өтпелі кезеңнің тоқырауынан оңала алмай келе жатқаны анық. Осы орайда, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Білім және ғылым министрлігін қайта «Ғылым, жоғарғы білім» және «Оқу-ағарту» министрліктері етіп екіге бөлуі, мемлекеттік мәртебеде Ұлттық ғылым академиясын (ҰҒА) қайта ашуы, ғылымға, ел экономикасына тікелей қызмет етуді жүктеуі, тың серпін бергені де ақиқат.

Коллажды жасаған М.Әйнекова

Сонымен қатар, ҰҒА тарихында тұңғыш, ауыл шаруашылығы маманының, яғни, ғалымы, білікті ұйымдастырушысы Ақылбек Күрішбаевтың, оның президенті болып тағайындалуы, ауыл шаруашылығы ғалымдарына қосымша күш-жігер, жауапкершіліктер де жүктегендей.

Осы орайда, академия мүшелерін сай­лау жобасына ұсынысым бар. Екінің бірі негізсіз академик боламын демейді. Яғни, қосымша шарт, талаптарсыз, ғылыми дәрежесі, ғылыми-өндірістік өтілімі, отандық басылымдарда мақалалары жарияланған ғылыми қызметкерлер, академия мүшелігіне үміткер болса, бұдан академия құрамы ұтпаса, ұтылмайды.

Мысалы, егін, мал шаруашылығы са­лаларында еш ғылыми дәрежесіз, екі рет Социалистік Еңбек ері атанған Т.Маль­цев, белгілі ғалымдар А.Бараев, Ю.Зыков, С.Жандыркин, Н.Базанова, Ф.Мұ­қамедғалиев, М.Ермеков, В.Бальмонт, Қ.Ме­­­деубеков, т.б. шетелдік мақалаларсыз, мектептерін ашпай-ақ, ерекше ғылыми­-өндірістік еңбектері негізінде академиктер болып сайланған ғой.

Осы орайда, жаңылыспасам, Ілия Жақанов ағамызды, құнды өнер туындылары үшін композитор атағына ұсынарда, «Сізге консерватория дипломының бол­мауы кедергі» – дегенде, «Құрманғазының да дипломы болмаған, бірақ, оның атын консерваторияға берген ғой» дегені еріксіз еске оралады. Осы сияқты ғылымда да соңғы кезде бюрократиялық кедергілер белең алып отыр. Шынтуайтында, бұл үрдіс, ғылымға кері ықпал етуі әбден мүмкін.

Ресейдің, беріде Нобель сыйлығын иеленген, атақты ғалымы Ж.Алферов: «На словах власть заботится о научном по­тенциале государства, но на деле положение такое, что наукой могут зани­маться сегодня только несгибаемые оптимисты», «много слов произносится об экономике, основанной на знаниях», ин­новационном этапе развития, увеличении «результативности» научных исследований, но в реальности происходит с точностью наоборот», «из всего этого можно сделать только один неизбежный вывод, что недальновидная политика, т.е. слепое копирование западных опытов ставит под угрозу существование не только отечественной науки, но и самой России, как суверенного государства» деген екен. Сөз-ақ қой, дөп тиетін сияқты.

Бүгінде, негізінен, еліміздің ғылыми «өрісі» шетелдік сарапшы – ғалымдарға байланысты. Ал, гранттары еліміздің өн­дірісі, экономикасы және табиғи ерек­шеліктерінен бейхабар шет елдерде мамандық иеленгендерге тиесілі болып отыр. Осыдан да шығар, бүгінгі заманауи ғалымдарымыз нақты ғылыми-зерттеу жұмыстардан гөрі шетелдік, халықаралық сертификаттарды, түрлі рейтингтік құжаттарды, мақалаларды қуалап кеткенге көп ұқсайды.

Мүмкін, іргелі ғылым шеңберінде шет­елдік тәжірибелерге, пікірлерге де жүгіну маңызды шығар. Бұл қолданбалы ғылымда, әсіресе, аграрлық сала бойынша бұлай мәжбүрлеу, міндеттеу, отандық ғылымның дамуын шектеп, өндірісін «ауыздықтап» отыр деуге толық негіз бар.

Ең өкініштісі, шетелдік ғылыми басылымдарда мақалалар жариялау қиямет. Оның делдалдық қызметтері өзіндік «бизнеске» де айналғандай, қомақты қаржы қажет етеді. Сонда кезінде ғылыми рейтингтері жоғары жорналдарымызды қаражат тапшылығы деп жауып, «бүгінде шетелдіктерді қаржыландырып отырған жоқпыз ба?» деген ой келеді.

Бұл сыртқа еліктеушілік сонау еліміз егемендік алғаннан, «тез арада дамыған елдер қатарына жетеміз» деп, отандық ғылымды аяқасты етуден басталды. Осының бір айғағы, шетелдік асыл тұқымды малдарын тасымалдаудың нәтижесі болса керек.

Демек, гранттық ғылыми тақырыптар, еліміз ауылдық аймақтары сұраныс­тарына сай жасақталып, конкурсқа ұсы­нылса, тиімділігі көп күттірмес еді. Өкінішке қарай, бүгінде, бұл, керісінше үрдісте. Бұл туралы, кең көлемде «Дат» газетінде (26.04.2018), бір бетте Ақылбек Қажығұлұлының мақаласымен үндес «Іріктеу тәртібі ашық болсын» атты мақалам да жарық көрді. Сондай-ақ, кезінде бұрынғы ҰҒА президенті, академик Мұрат Жұрыновтың да мазмұндас мақаласы жарияланған болатын. Сондықтан да, қолданбалы, әсіресе, отандық мал шаруашылығы ғылымының даму жолын шетелдік «шырмауықтан» құтқарып, еркіндік, ерекше қолдаулар жасалмаса, мал өнімдері өндірісінің бүгінгі тығырықтан шығуы екіталай.

Сонымен қатар, соңғы кезде ауыл тұр­ғындарының жанайқайының үдеп бара жатқаны да ойландырса керек. Шынтуай­тында, бұл да, жоғарыдағы жайттарды дәлелдейді. Ол ауыл шаруашылығы ғылымының бүгінгі таңда осалдығын, пәрменсіздігін көрсетсе керек. Ауылдағы ағайынның мәселесі шешілмесе, шетелдік сарапшылар өкілеттіктерінің, сертификаттардың, дипломдардың, мақалалардың құндылықтарынан не пайда?!

Демек, сонау ата-баба тәжірибесінен бастау алған, елімізде мал шаруашылығының қарқынды дамуын қалыптастырған, кезінде әрқайсымыз да тиісінше үлес қосқан, құнды ғылыми-өндірістік тәжірибелер мен жетістіктерді, бүгінгі ата кәсіптің «тұралау» шағында насихаттамай, өндіріске енгізуге ықпал етпеуіміз түсініксіз сияқты.

Сондықтан, Ауыл шаруашылығы ғылым академиясы (АШҒА) жанынан «Отандық ауыл шаруашылығы ғылыми өнімдері мен жетістіктерін қайта жандандыру, жетілдіру» (возобновление и совершенствование) орталығын қоғамдық негізде ұйымдастырудың да берері аз болмас еді деп есептеймін.

Кәкімжан САРХАНОВ,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы,
Қазақ ауыл шаруашылығы академиясының академигі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button