Жас дарындар үзеңгі қағысты
Былтыр Абай атындағы облыстық балалар кітапханасының 70 жылдық мерейтойы ауқымды түрде аталып өтті. Ал, жаңа жыл жаңа серпілістер мен жаңа шығармашылыққа жетелей түсуде. Кітапхана жарты ғасырдан астам уақыт бойы кітап пен оқырман арасында алтын көпір болып келеді.
Түрлі көпшілік жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында сонау 1996 жылдан бастау алған Абай атындағы облыстық балалар кітапханасының орта және жоғары сынып жасындағы балаларға қызмет көрсету бөлімінде «Абай жүрген iзбенен…» атты клуб қалыптасқан. Клуб ұзақ уақыт Абай Құнанбайұлы шығармашылығын (өлеңдерін, қара сөздерін, поэмаларын) насихаттаумен айналысты. 2018 жылдан бастап, клубтың мақсаты заман талабына сай жасалып, оқырман сұранысына орай басқа форматқа ауысып, атауы да өзгерді. Нақтырақ айтсақ, 2019 жылдан бастап, «Қауырсын қалам» әдеби клубы деп аталды.
Қазір әдеби клубтың мақсаты – әр жас оқырманның шығармашылыққа деген құштарлығын, кітапқа деген қызығушылығын және мәдени сауаттылығын арттырып, қара сөз бен қара өлеңге қалам тербеп жүрген жас буын өкілдерін қалыптастырып, шығармашыл жеткіншектерге барынша қолдау көрсету. Қазақтың классик ақын-жазушыларының шығармашылығы туралы білімдерін тереңдетіп, жасөспірімдердің жан-жақты жеке тұлға болып қалыптасуына ықпал ету.
2023 жылдың соңына қарай «Қауырсын қалам» клубының қатысушылар саны артып, көптеген жетістікке жеттік. Мысалы, Диана Котляревская Томск облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы (Ресей) өткізген «Устами детей говорит мир» атты балалар мен жасөспірімдер әдеби шығармашылығының халықаралық фестиваль-байқауына қатысып, арнайы дипломға ие болды. Ал, 14 ақпанда «Дружные ребята» газетінде Яна Григоркевичтің «Ертегілер мен өлеңдер жинағы» атты мақаласы жарияланды.
Әдеби клубтың өткен жылғы жұмысын қорытындылау мақсатында ақындыққа жаны жақын клуб қатысушылары арасында өздерінің шығарамаларын мәнерлеп жатқа оқудан «Жас өркен» байқауын өткізуді ұйғардық. Ұсынысымызға поэзияға жаңадан қалам тербеп жүрген авторларымыздың ішінен 8 үміткер қатысты.
Жас шығармашыл жастардың ішінен суырылып алға шыққан Аружан Амантай I орынды, Серік Назерке мен Надежда Коханенко II орынды, Асылназ Дастанова III орынды жеңіп алды.
Жас дарындар үшін мұндай байқаулардың маңызы зор. Клубқа мүше бола жүріп, қоғам өміріне белсене араласады. Кітап оқып, бос уақытын тиімді пайдаланады. Шығармашылығын дамытады.
Биыл да түрлі шара жоспарланды. Шабытың шарықтай берсін, жас талап!
Кенжегүл ҚҰРМАНБЕКОВА,
кітапханадағы «Қауырсын қалам» әдеби клубының жетекшісі