Тал бесіктен – жер бесікке дейін

«Жарыңмен тауып жарасым, Жат жұртқа кетіп барасың…»

Қазақ қызын қашанда қадір тұтқан. Қасиетке балап, төрінен орын берген.

Әлпештеп өсірген аяулысын алақанынан ұшырарда ата-ананың көңілі толқып, жаны тебіренетіні сондықтан. Олар қызын ұзатып, құтты орнына қондырғаннан кейін де, бағы ашылғанын Жаратқаннан тілеумен өтеді. Осыны ескерген дана бабаларымыз «Ердің бағы – жарынан» деген екен.

 

Аялы алақанда мәпелеп өсірген аяулы бойжеткеннің балиғат жасына толған соң ұзатылар уақыты келеді. Қызының ұшқан ұядан ұзап кетуіне анасы жасауын реттеп, сәукелесін дайындаса, әкесі тойдың қамына кіріседі.

– Ежелде қазақтың қыз ұзату, келін түсіру салтында жігіт пен қыз сөз байласқаннан кейін жігіт жақ құдалар алдымен қыз жаққа «елші» жібереді. Құдалар сөйлескеннен соң үкі тағады. Артынша қыздың қолын сұрап, от жаққан жерді көреді. Ең соңында қызды ұзату тойын жасап, сәтті бір күнді белгілейді. Сөйтіп, қыз сыңсу, жар-жар айтады. Ерте замандарда қызды әдемі күміс ер-тоқыммен жабдықталған ақбоз атқа мінгізіп ұзататын. Қыз ұзатылып келе жатқан кезде алдынан жігіт жақтың жеңгелері, күйеу жігітті жезделері, жолдастары қарсы алады, – дейді этнограф Болат Бопайұлы.

Қызды ұзатпастан бұрын сырға салу дәстүрі орындалатыны белгілі. Ертедегі дәстүр бойынша, көбіне «текті жердің қызына өзгелер құда түсіп алып кетпесін» деп алдын ала сырға таққан деседі. Содан бері бұл дәстүр маңызын жоймай, сырға тағылған қыз қалыңдық аталып, оған сауық-сайран құруға тыйым салынған. Басы бос емес екенін өзгелер білу үшін ерекшелеп, алтын салып, кейде сырғаның орнына қызға үкі таққан деседі. Үкілі бөрікті тек қалыңдықтың киетіні сондықтан. Жігіттер бөркіндегі үкісіне қарап, қызға құда түсіп қойғанын алыстан сезетін болған.

Ұзатылар қыздың қасына жеңгесін алып, алыс-жақын туыстарын кемінде бір ай аралайтын дәстүрін «қыз танысу» дейді. Қыз таныса жүріп, өз үйіндегі бақытты шағын, ол күндердің арта қалып жатқанын, өскен үйінен ұзап кететінін «сыңсу» арқылы әнмен жеткізген.

– Ертеректе қыз сыңсуды сіңлілерімен не жеңгелерімен үй-үйді аралай жүріп белгілі әуенмен айтатын болған, – дейді Күлмән әже.

Сыңсудан кейін «шарғы» дәстүрі бойынша ұзатылып бара жатқан қыз өзінен кейінгі сіңлілеріне орамал сыйлап, «Ендігі кезек сенікі», «Бақытыңды тап» дейді.

Асыл дінімізде неке қию рәсімі ұзатылатын қыздың үйінде жасалатынын айтады имамдар. Өйткені, әкесі қызының некесін қимастан, бөтен ер адамға қол ұстатып жібермеген.

Қазіргі таңда неке қиярдан бұрын екі жас азаматтық хал актілерін тіркейді. Неке куәлігін алғаннан кейін барып діни рәсімдегі неке қидырады.

«Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз той болмайды» дегендей ұзатылатын қыздың ата-анасы жасау дайындайды.

– Жасау беру қыз барған жерінде қиналмасын, ешкімге кіріптар болмай күн көріп кетсін деген мақсаттан туған. Мүлкіне үй болуға қажетті заттар берген. Ол қымбат әрі сапалы болуы міндетті емес. Ең бастысы қолданысқа жарағаны, – дейді жақында той ұйымдастырған Сәбит пен Алмагүлдің отбасы.

Ұзатылған қыз кетерінде артына қарамайды. Шаңырақ түйемен «қыз көші» жүріп отырады. Ауылынан шыққан соң «қыз көшін» «келіншек көші» деп атайды. Көшті ауыл адамдары тоқтатып, кәде сұрап, жақсы тілектерін жолдап, сәт сапар тілейтін салт «түйемұрындық» аталған.

Сөйтіп, жігіттің ауылына келген қыз баланың балалық бал дәурені артта қалып, жұбымен бірге жаңа өмірдің есігін ашады. Үйдегі еркелікті тастап, ерлі-зайыпты өмірге байыппен аяқ басады.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button