Руханият

Жарулла ПАЗЫЛҰЛЫ: “Мерекеге орай үлкен концерт өткіземіз”

Әр қалада бір бас сахна болатыны мәлім. Ол – жергілікті өнерпаздар үшін үлкен өнерге жол ашар киелі орын болса, қала тұрғындарына өзге аймақтар мен шет елден келетін өнер адамдарының концертін тамашалауға мүмкіндік беретін рухани орын. Еліміздегі мұндай сахналардың барлығы дерлік Мәдениет сарайы деп аталса, Қарағандыдағы сахна ғана қала ерекшелігіне сай – Кеншілер Мәдениет сарайы деп аталады. Биыл бұл сарайдың ашылғанына – 70 жыл. Кенді қала тұрғындарын ән мен жырға бөлейтін салтанатты сарай директоры Жарулла Пазылұлын айтулы мереке қарсаңында аз-кем әңгімеге тарттық.

Жарулла Пазылұлы, олай-былай өткенде мұнда жөндеу жұмысының жүріп жатқанын байқаймыз. Әңгімені содан бастасақ.

– Иә, жаз бойы ғимараттың сырты жөнделді, аяқталуға жақын. Жөндеу туралы айтатын сөз көп. Жалпы, бұл ғимараттың құрылысы екінші Дүниежүзілік соғыстың алдында басталған. Соғыс кезінде тоқтап қалып, кейін қайта жалғасып, 1952 жылы пайдалануға берілген. Архитектор И.Бреннер мен Я.Яноштың бастамасымен жүргізілген құрылыс. Облыстағы ауқымды іс-шаралардың көпшілігі осы ғимаратта өтеді. Қаламыздағы сирек сәулет ескерткіші қатарына жататындықтан, қалаға келген туристер арнайы ат басын бұрады. Тіпті, шетелдіктер де келеді. Кешенде 750 адамға арналған көрермендер залы, вестибюль, жоғарғы және төменгі қабаттағы 2 фойе бар. Ғимараттың фасады 6 колоннадан тұрады. 1952 жылы ашылуына қатысқан бір әжеміз бар-тын. Ол кісі қазыналы қария қазір. Мәдениет сарайын Қазпошта, Н.Әбдіров спорт сарайы және басқа да ғимараттарды жапондық жазасын өтеушілер салған. Мұнда басшылық қызметке 2014 жылы келдім. Алғаш басшының орынбасары, кейін басшы болып тағайындалдым. Содан бері жалғасып келе жатқан жөндеу жұмысы бұл…

– Демек, мұнда келгелі алғашқы жөндеу жұмысы емес…

– Әрине, мұның алдында қаншама жұмыс атқарылды. Мәселен, сахна мен көрермендер залы, көркемөнерпаздар үйірмесінің кабинеттері, жертөледегі инженерлік желі, ғимараттың 70 пайыз шатыры ауыстырылды. Сахнадағы үлкен штанкеттік механизмі жаңасына ауыстырылды. Мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекеттік стандарт бойынша кіріп-шығу жолы, концерт көретін орындар жабдықталды. Қысқаша айтқанда, Кеншілер мәдениет сарайының негізгі бөлігін түгел жөндеуден өткіздік.

– Еңбек жолыңыз қай мекемеде басталған еді?

– Өзім Жаңаарқа ауданы, Ақтүбек ауылында туғам. Жастайымнан көп қиындық көріп өстім. 15 жасымда әкем қайтып, 10 баламен анам жесір қалды. 5 ұл, 5 қыз. Мен – төртіншісімін. 8 сыныптан соң жұмыс істей бастадым. Шешемді аядым. Жем тартушы, тракторшы, малшының көмекшісі, жылқышы, комбайншы, слесарь, спорт инструкторы болдым. Ауылдағы орталық клубтың директоры қызметін атқардым. Шет ауданындағы ауыл шаруашылық училищесінің «ауыл шаруашылық-құрылысшылар» бөлімін бітіріп, туып-өскен ауылымдағы «Алтын қалақ» комсомолдар бригадасында жұмыс істедім. 1987-1993 жылдар аралығында ҚарМУ-дың филология факультетінде білім алдым. Мектепте сабақ бердім. 1995 жылдан кейін тәрбие ісі жөніндегі орынбасар, 1999 жылы оқу ісі жөніндегі орынбасары болдым. Көп ұзамай Қызылжар станциясындағы орта мектепке директор болдым. 1993 жылы ол жердегі үлкен типтік мектептің жылу құбыры қатып қалғандықтан, оқушылар негізгі мектеп іске қосылғанша, қасындағы 10 бөлме, 10 пеші бар ескі баракта оқыды. Бар күшімді салып, алты айда демеуші тартып, 500 орындық мектепті жаңа парталармен жабдықтадым, ішін қалыпқа келтіріп әзер дегенде мектепті іске қостық. Сол мектеп бүгінгі күнге дейін үздік ауылдық мектептер қатарында. Оқу бағдарламасын жаңартып, 6 түлек қызыл аттестат алды. 2004 жылы «Көкпекті ауылындағы ауыл шаруашылық училищесінің филиалын училище деңгейіне көтеру керек» деген облыс әкімі орынбасарының ұсынысымен директоры болып тағайындалдым. Бұл мекеменің де жағдайы мәз емес екен. Жылу қазандығы әбден тозып істен шыққан, ауыз су тасымал, екі жатақханада тұратын балалардың жағдайы жасалмаған. Жатақханасын, оқу ғимаратын толық жөндеп, қалпына келтірдік. Жылу қазандығын жаңартып, ауыз су құбырын тартып, балалар жуынатын душ кабиналар орнаттық. Осылардың бәрін қалыпқа келтіруде біраз тер төктім. Оқушылардың 70 пайызы балалар үйінен еді, бәрі мені әкесіндей көреді. Ұжым ақша жинап 2 ұлды үйлендірдік, 6 қызды ұзаттық, 56 балаға үй әпердік. Кезекте тұрған жетім балалардың уақытылы үй алуына, кезекке тұруына көп көмек жасаған белгілі тұлға Құдайберген Бексұлтанов мырзаға алғысымыз шексіз. 49-шы баламыз Мажура Ирина Сергеевнаға Астанадан үй әпердік. Бұл да бір қиындық тудырған шаруа болды. Қиындығы сол, Ирина Сергеевнаның атына бекітілген үйді Сарыарқа аудандық әкімшілігі басқа біреуге беріп қойған. Үйге кіріп алған адам үйді бермей, 5 жыл соттастық, болмады. Ақырында Президентке хат жазып, 11 күннен кейін жауап алдық. Елбасының бұйрығымен, Астанада Есілдің сол жағалауынан 69 шаршы метр жаңа үй берді. Қазір тұрмысқа шыққан 2-3 баласы бар, сол үйде тұрып жатыр. Үй мәселесінен басқа «Дом малюткаға» тастап кеткен, балалар үйіне өткізіп жіберген 20 балаға еліміздің бірнеше облысы мен аудан, ауылын аралап жүріп, әке-шешесін тауып беріп, табыстырдық. Біздің міндетімізге жатпаса да, «Жетім көрсең жебей жүр» деген халық даналығына сүйеніп, ұжыммен бірігіп, негізгі жұмыстан тыс осындай іспен де айналыстық. Бала әке-шешесін іздеп жылайды. Жүрегіміз езіледі. Ата-анасын тапқанда баласын қабылдамағандарды да көрдік. Небір тағдыр иесін жолықтырдық.

– Сарайда бірқатар үйірмелер жұмыс істейтіні белгілі. Оның қала тұрғындарына берер пайдасы қандай?

– Бір қарағанда мұндай үйірмелердің жұмысы елеусіз көрінгенімен, өнерді насихаттауда, музыка өнеріндегі сабақтастықты жалғастыруда пайдасы орасан. 2016-2017 жылдары құралған «Жас толқын», «Шабыт» вокал үйірмелері мен «Жыр-Тұмар» әдеби және «Ізбазар» көркемсөз оқу үйірмелерінің мүшелері республикалық байқаулардың бас жүлдегері, лауреаты атанып жүр. Бұл – өте жақсы жетістік. Өте ауқымды болмаса да, республикалық Жүсіпбек Елебеков атындағы VII конкурсқа қатысушы жас орындаушыларды қолдап, Қазақстанның халық әртісі, Қайрат Байбосынов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жәнібек Кәрменов атындағы ақшалай дәстүрлі сыйлық тағайындап келеміз.

Сонымен қатар, ауылымдағы жерлесім, әкесі қайтыс болған, анасы II топтағы мүгедек Бексұлтан Мағрупжанның жоғары білім алуына қол ұшын беріп, «Болашақ» академиясының ақылы бөліміне өз еңбек ақымнан төлеп, түсірдім. Бексұлтан өте білімді бала, екі жылдан кейін жақсы оқып, өзінің білімін жан-жақты көрсетіп, грантқа ауысты. Алла ризалығы үшін жастарды шынайы көңілмен қолдап, демеп жүрмін. Демеудің бір сыры – бұл да тәрбиенің үлкен құралы. Біз көбіне жастарға өкпе айтып, ренжіп жүреміз. Халық даналығы «Не ексең, соны орасың» дейді. Осыны көріп, басынан өткерген жастар мейірімді болып өсіп, өзінен кейінгіге қол ұшын беретін болады.

– Сарайда тағы қандай ұжымдар бар? Сырт көзге тек концерт қоятын орын сияқты…

– Кеншілер мәдениет сарайында 25 көркемөнерпаз ұжымы жұмыс істейді, қатысушылар саны – 700-ге жуық. Көркемөнерпаз шығармашылық ұжым саны – 20, әуесқой бірлестіктер мен клубтар – 5. 3 ұжым «Халықтық» атағына ие. Бұл – «Шахтерский» халықтық би ансамблі, халықтық «Марианна» авторлық әндер клубы және Халық композиторлар клубы. Олардың басым бөлігі балаларға арналған, сонымен қатар орта буын және зейнеткерлерге арналған ұжымдар да бар. Барлығы осында келіп, бос уақытын өткізеді, қабілетін дамытады. Шаралардың тәрбиелік мәні болуы үшін жастарға барынша жол нұсқап отырамыз. Бізде жұмыс демалыс күндері қызады, мерекелерде мүлде демалмаймыз. Сонымен қатар, дәстүрлі түрде ән, күй, би, сурет салу байқаулары, жыр кештері, кітаптардың тұсаукесері жиі өтеді. Біздің үйірмелерге қатысушылар үнемі республикалық, халықаралық байқаулардан жүлделі орындарға ие болады. Қандай шара өтсе, бәрін жыл-жылымен тігіп, сақтап отырмыз. Архивтегі сияқты. Бейнежазбасы, фотосуреті бәрі сақталады. Жұмыс алға жылжып келеді. Тұрғылықты халыққа қызмет етіп, өнерге қадам басқан әр жанға бойындағы талантын ашуға мүмкіндік жасау – сарайдың басты мақсаты. Ұжымға қатысушылар дамуы мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мекемелерге, түзеу колонияларына, әскери бөлімдерге әр мереке сайын тегін концерттер қоямыз. Қоғамдық жұмыстарға қалмай араласамыз. Мерекелердегі барлық шарада біздің осы өнерпаздар жүреді. Бірнеше ұжымға сахналық костюмдер тігіп, материалдық базасын нығайттық. Осы жерде басты нәрсені айта кеткім келеді. Талап деген бар, талпыну деген бар. Осы талап пен талпынуды қолдайтын басшы болса, ісің алға өзі домалай береді. Менің ісімнің алға басуы маған кезіккен басшылардың қолдауы болды. Бұрынғы және қазіргі басшылық үнемі қолдап отырады.

– Бірқатар үйірмелердің жаңа ашылғаны да айтылып жүр…

– «Ақжелең» домбыра үйірмесі, «Шабыт» вокал студиясы, «Домисоль» балалар вокал үйірмесі, «Дарын» театр үйірмесі, «Арқа әуені» дәстүрлі ән үйірмесі, «Степ шоу» балет үйірмелері ашылды. Серік Ақсұңқарұлы, Жансая Жарылғап, Берік Рахым, Қойлыбай Асан, Серік Сағынтай, Қайрат Асқаров сынды аға-бауырлармен бірлесіп жиі-жиі шаралар, кештер өткіземіз. Сонда Серік ағаның: «Мына Кеншілер мәдениет сарайын бұрын қалай білмегенбіз, осындай шаралар өткізуге болады екен ғой» деп таң қалғаны әлі есімде. Қойлыбай Асанов «Жыр-Тұмар» деген әдеби үйірме ашты. Ондағы жас ақындардың алғашқы жыр жинағын шығардық. Домбырашылар үйірмесінің, дәстүрлі ән үйірмесі қатысушыларының жетістіктері де баршылық. Былтыр осы үйірменің екі баласы Қызылорда облысында өткен Республикалық дәстүрлі ән байқауынан топ жарып, бас жүлде және І орын иеленді. Ол сайысқа алты ай дайындалдық. Драма үйірмесі бар. Ол – ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал» туындысын алғаш сахналаған үйірме. Сонымен қатар, тұрақты түрде бірнеше жанр бойынша республикалық, облыстық, қалалық байқаулар фестивальдер өтіп тұрады. Атап айтсақ, бір республикалық, бірнеше облыстық байқау: «Күй қазына» күйшілер байқауы, Дәстүрлі әншілер байқауы, «Би әлемі» бишілер байқауы, «Көктем аруы» сұлулық-шығармашылық байқауы, «Жас сарбаз» патриоттық ән шеруі байқауы, ата-әжелер өнер байқауы, мәнерлеп оқу және т.б. брендтік байқаулары өтеді.

– Залды тегін беретін кездер бола ма?

– Концерттің ақылысы да бар, тегіні де бар. Әншілердің және басқа үлкен коммерциялық концерттер – ақылы. Заң аясында тегін берілетін кездер де болады. Мүмкіндігі шектеулі балалар болса-болмаса тегін. Қайырымдылық концерттерін тегін өткіземіз. Арасында жергілікті ақын-жазушылардың кеші, өмірден өткендерді еске алу кеші тегін өтеді. Барлығы басқармамен, басшылықпен ақылдасып жүзеге асырылады.

– 70 жылдыққа қандай жоспар бар?

– Осы мекемедегі көркемөнерпаздар ұжымдарының концертін беру жоспарланып отыр. Осы уақытқа дейін бірнеше іс-шара өткізілді. Биыл жаңадан «Жастар» бөлімі ашылды. Креатив шаралар қолға алынуда. Ұжымда негізі штатта 116 адам бар. 90 шақты адам жұмыс істейді. 17 адам шығармашылыққа жауап берсе, көбісі – техникалық қызметкерлер. 70 пайызға жуығы – жастар. 70 жылдыққа орай осында қызмет еткен қызметкерлер, ұжым жетекшілері және ардагерлерден бейнесұхбат алуды жоспарлап отырмыз. Осы жылдың 8 желтоқсаны күні Кеншілер мәдениет сарайының өткені мен бүгінін қамтитын үлкен концерт қоямыз.

– Сөз соңында жас буынға өмірлік тәжірибеңізден бірнеше кеңес айтсаңыз.

– Бізде қабілетті жастар баршылық, оларға өз білгенімді үйретіп келемін. «Шығармашылық», «Шаруашылық» дейтін үлкен екі бөлім бар сарайда. Жұмысты солар үйлестіреді. Бірлік керек. Бірлік болмаса, ісің өнбейді. Қытайдың бір философы: «Адамды бір-ақ рет сына, екінші рет сынауға ғұмырың жетпейді» депті. Сөйтсем, бір рет сенің сыныңнан сүрінген адам екінші рет ол осалдығын көрсетпейді екен. Оған дейін сенің бұл өмірде болмауың да мүмкін. Еңбексүйгіш, талапшыл, әділ әрі адал болсаң, дегеніңе жетесің. Жастар осыны ұмытпасын. Ел аман, жұрт тыныш болғай!

– Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан Жәлел ШАЛҚАР

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button