Жаппай дактилоскопиялық тіркеу тиімді ме?

Адамзат білім мен ғылымға негізделген дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Қазіргі уақытта ақпараттардың қоғам өмірінде жетекші орын алатын жаңа жағдайлары пайда болып, ақпараттық технологиялар аса қарқынды дамуда. Елімізде цифрлық технологияларды қолдану арқылы тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған түрлі шаралар қабылдануда. Бұл, әлбетте, Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктердің бірі екені анық.

ХХІ ғасыр – ақпарат ғасыры. Сондықтан, ақпараттық-коммуникативтік технологиялардың құзыреттілігін арттырып, пайдаланудың маңызы зор. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Біздің маңызды стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыру. Цифрландыру ісінде нақты жетістіктеріміз де жоқ емес. Біз электронды үкіметті және финтехті дамыту индексі бойынша әлем көшбасшыларының қатарында тұрмыз» деп атап көрсеткен болатын.

Бұл орайда жаңа технология­лық дамудың барлық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, инновациялық сипатта цифрландыруды жүзеге асыру – барлық салада аса маңызды міндет. Осы мақсатта, құқық қорғау органдарының ақпараттық-талдамалық жүйелерін жетілдіру бойынша 2016 жылдың 30 желтоқсанында «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу» туралы Заң қабылданғаны белгілі. Заң 2024 жылғы 1 қаңтардан қолданысқа енеді. Осыған байланысты 2024 жылдан қазақстандықтар саусақ ізі енгізілген жаңа төлқұжатқа ие болады.

Дактилоскопия терминінің мағынасына үңілетін болсақ ол гректің «daktilos» – саусақ және «skopeo» – қараймын, яғни, «саусақ қарау» деген сөзінен шыққан. Дактилоскопия адам қолы терісінің папиллярлық бедерлерінің қасиеттері мен сипаттарын, негізінен, қолдың саусақтарының іздерін табу, бекіту, алу және оған сәйкестендіру жасауды, яғни, кімдікі екендігін анықтауды зерттейді. Папиллярлық сызықтар бала анасының құрсағында жатқанда бес айлық кезеңінде пайда болып, өмір бойы өзгеріссіз сақталады.

Криминалистикалық тұрғыдан қарағанда олардың жекешелігі, салыстырмалы тұрақтылығы, бастапқы қалпына қайта келуі және қоршаған ортадағы заттарда із қалдыру мүмкіндігі папилляр сызықтарының негізгі қасиеттері. Папилляр сызықтарының қайталанбайтындығы әрбір адамның папиллярлық бедері тек сол адамға ғана тән екенін білдіреді және ол жақсы көрінетін белгілермен сипатталады. Папиллярлық бедерлердің екі адамда бірдей болуы түгіл бір адамның саусақтарында әр түрлі болатыны көп жылдық тәжірибелермен қатар, математикалық есептеулермен дәлелденген.

Ғалымдар екі адамның саусақтарының папиллярлық бедерлерінің бір-бірімен сәйкес келу мүмкіндігі – ықтималдық теориясы бойынша 1:64 миллиардқа қатысындай екенін есептеп шығарған. Ал біздің планетамыз­да қазіргі кезде 8 миллиардқа жуық адам бар екенін ескерсек, саусақ бедері бірдей екі адам мүлде кездеспейді деп сенімді түрде айтуға болады.

Папиллярлық өрнектердің жекешелігін (қайталанбайтындығын), өмір бойы өзгеріссіз сақталатындығын мемлекеттік ауқымда қолдану қазіргі таңда өте өзекті мәселелердің бірі. Осы орайда Қазақстан Республикасы көлемінде жаппай дактилоскопиялық тіркеуді енгізу көптеген мәселелерді шешуге мүмкіндік берер еді.

Мақаланың толық нұсқасын газеттің 28 қазанда шыққан №120 (23 296) санынан оқи аласыздар.

Болат СӘРСЕМБАЕВ,
Қазтұтынуодағы Қарағанды­ университетінің Жалпықұқықтық және арнайы пәндер кафедрасының доценті

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.