Руханият

Жапонша сөйлеген жыр

«Қыз Жібек» лиро-эпосының Жамбыл Жабаев жырлаған нұсқасы жапон тілінде жарық көрді. Туындыны аударған – жапонтанушы Шарафат Жылқыбаева. Кітапқа пікір жазған Хоккайдо университетінің Құрметті профессоры Такэда Масанаоның айтуынша, қазақ халқының мәдениетін танып-білуде бұл шығарманың маңызы зор.

Кітаптың алғысөзінде қазақ фольклоры мен жыршы-жыраулар туралы мәлімет беріліп, «Қыз Жібек» эпосының жиналып-зерттелу тарихы баяндалған. Сондай-ақ, Жамбыл жырау шығармашылығы мен қазақтың жыраулық дәстүрінің ерекшеліктері, эпостардың қазақ мәдениетіндегі орны жайында жазылған. Кітап соңында эпоста кездесетін этнографиялық терминдердің түсініктемесі берілген. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ағымсалы Дүзелхановтың «Қыз Жібек» суреттер топтамасы кітаптың көркін аша түскен. Эпостың түпнұсқасы Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды музейінде сақталған.

Қыз Жібек – қазақтың ең көне мұраларының бірі, лиро-эпостық дастан. «Қыз Жібек» жыры аңыз емес, тарихи оқиға, кейіпкерлері өмірде болған адамдар. Жырдың негізгі кейіпкерлері Төлеген мен Жібек бірін-бірі шын сүйген ғашықтар, бірақ әке батасынан аттап кеткен Төлегеннің өлімі мен Жібектің қайғылы тағдыры жанарға жас үйірмей қоймайды. Жібек бейнесі — сұлулық пен әсемдіктің нышаны, қазақ халқының мақтанышы, рухани ескерткіш. Қыз Жібек жырының 16 нұсқасы бар.

– Бұл қазақтың салт-дәстүрін ғана емес, жалпы Орталық Азия мәдениетін танытатын шығарма. Құнды еңбектен Қазақстанның көркем табиғаты мен көшпелілердің байырғы тұрмыс-тіршілігін танып білуге болады, – дейді Такэда Масанао.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button