Жапандағы жалғыз жазушы
Кезіндегі сақалы беліне түскен орыстың, дұрысы әлемнің қарт жазушысы Лев Толстой өзінің Ясная Полянасында тұрып, ұлы дүниелер тудырып еді. Біздің қарт жазушымыз Өмір Кәріп ақсақал да, Ақадырда жатып, қазақ әдебиетіне ғажап дүниелер қосуда.

Өмкең де, Лев қария секілді жапандағы жалғыз жазушы. 85 жасқа келген қартыңыз кейінгі романын «Бастау» деп атайды. Бұрын жас ақындардың алғашқы жырлары шыққан антология кітабын «Бастау» деп атап жатушы еді.
Дэвид Финчер деген режиссердің «Бенджамен Бартонның ғажайып өмірі» деген атақты фильмі бар. Қартаю циклі керісінше, жүретін адам туралы. Қарт болып туады да, жыл өткен сайын жасара береді. Өмкең де жыл өткен сайын қаламы жүрдектелген, жасарған жазушы.
«Бастау» бұл бір ұлы жолдың, тың ізденістің басы болса керек. Аң-құсқа тіл бітіп, сөйлеуі әуелде Латын Американдық әдебиетте, кейін Орхан Памуктың Нобель алған «Менің атым Қырмызы» кітабында бар көрініс. Бірақ, қазақ әдебиетінде тұңғыш болса керек. Тұңғыш болмаса да, алғашқы лекте.
Жоғарыда айтқан Лев Толстой ақсақал қарт күнінде «Құдайға шүкір, мазасызбын» деген екен. Ол біз ойлағандай мазасыздық емес, әлі жазу үстіндемін дегені ғой. Біздің қарт та мазасыз. Әлі де жазу үстінде. Және қалай жазып жатыр?! Құнанбай айтқандай, заманы пайғамбар заманына бір табан жақын. Кешегі қазақтың сөзінің қаймағы мен пейілі бұзылмаған кезді көрген. Арқада атан қомдаған соңғы қазақтардың бірі ғой. Сол себепті де жазғаны қаймағы алынбаған сүттей.
Түнеу жолы ақын, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанға «Ауылдан хат» деп көлдей етіп хат жолдапты. Ішінде мәдениеттен бөлек, әлеуметтік мәселелер көтерілген. Кейбір мәселелердің күрмеуін шешер тұсы бар. Бұл да болса, мазасыздық. Лев Толстойдың мазасыздығы.
Өмір ақсақалдың азаматтық портретін жасаған адам ерекше бір қасиетіне баса назар аудару керек. Ол – уәдеге беріктігі. Бүгінгі қуаяқ баланың өзі берген уәдесінде тұрмай сырғып кететін алқым-жұлқым заманда Өмір ақсақалдың бұл қасиеті көпке үлгі.
Біз «Қарағанды көктемін» өткізіп жатқанда «Мен келемін!» деп бір ауыз сөз айтты. Және сонау Ақадырдан кәрі сүйегін сүйретіп жетті. Жиынымызда отырды. Қабағы сәл салыңқы еді. «Бір дүниеден ағат кетті ме?» деп біз қипақтап отырмыз. Сөйтсек, дәл сол мезетте қарт жазушы ұлынан айырылып, қаралы хабар естіп отыр екен. Бір жағы сабыры болса, екінші жағы әдеби ортаға ұлы сағынышы бар қарт жазушы жиын соңына дейін сыр алдырмады. Кетіп бара жатқан кезінде ғана қаралы хабарды естідік. «Саған уәде берген соң мына келген қонақтарды сыйлаған соң шыдап отырмын» деді кемсеңдеп, қарт жазушы. Ауыр қасірет үстінде де уәдесін бұзбаған Өмкең ғой…
Әдеби орта мен Алматыдан жырақта жатып, әлі де болса қаламын қаңтармаған қарт жазушымыз Өмір ақсақал 85 жасқа келді. Және тағы бір роман жазу үстінде. «Мен ашулансам, кітап оқи қоямын. Сонда ашуым сап тыйылады» деп еді бір кездескенімізде. «Кітапқа деген махаббат дүние кірбіңін шайып кетеді» дейді. Өмір ақсақал жазу үшін ғана жаралған. Сол миссиясын әлі күнге адал атқарып келеді. Оның туындылары – өмірдің өзі. Өмірдің өзі…
85 жасыңыз құтты болсын, ақсақал! Қарағандылық ақын-жазушылардың атынан құттықтаймыз! Ғұмырыңыз ұзара берсін, тұғырыңыз биіктей берсін! Сіздің жазу дертіңіз – қазақтың құты.
Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ,
ақын,
Қазақстан Жазушылар одағының
Қарағанды облысындағы өкілі