Жаны жайсаң азамат
Белгілі тележурналист Жеңіс Сармурзин – 60 жаста

Биыл екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына сексен жыл толды. Осы жеңістің жиырма жылдығында туған біздің Жеңіс те алпысқа келіпті.
Ұлы ақын Мұқағалидың:
Бәрін де көрдіңіздер,
Бәріне көндіңіздер,
Бәріне сендіңіздер,
Бәрін де бердіңіздер,
Сіздер алпысқа келдіңіздер… – дегеніндей, біздің толқын да бәрін көріп, бәріне көніп, бәріне сеніп, бәрін беріп, алпыс жастың есігін айқара ашты. Дәл қазір менің алдымда Жекеңнің ақ параққа жазылған шағын өмірбаяны жатыр. Шағын болса да, бұл жазбадан бір азаматтың айдынды шалқар ғұмыр дариясын, өнегелі өмір жолын көргендей болдым…
***
Жеңіс Кенжеұлы Сармурзин – 1965 жылы мамыр айының 9 жұлдызында Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Бақты кеңшарының Абыз бөлімшесінде көпбалалы отбасында дүниеге келген.
1972-1980 жылдары 8 сыныпқа дейін Абыз бөлімшесіндегі орталау мектепте оқып, 1982 жылы орта мектепті Бақты кеңшарында аяқтайды.
Орта білім алған соң, еңбек жолын өзі туған ауылында механизатор болып бастаған. 1982 жылдың қарашасында Әскер мен теңіз армиясы қатарына мамандар даярлайтын еріктілер қоғамының (ДОСААФ) жолдамасымен сол кездегі Қарағанды облысы, Ульянов (бүгінгі Бұқар жырау) ауданына қарасты Корнеевка селосындағы №12 кәсіби білім беретін техникалық училищесінде оқып, артиллериялық ауыр жүк тартқыштың (АТТ) жүргізуші-механигі мамандығын алып шыққан. Аталған училищені бітірісімен көктем айында әскер қатарына шақырылып, 1983-1985 жылдар аралығында Отан алдындағы әскери борышын өтеген. Әуелде Свердлов облысындағы әскери бөлімге түсіп, танк әскерінің полкінде 6 ай мерзімде оқу-машықтану курсынан өтеді. Содан соң бір жарым жыл Кеңес әскерінің Германиядағы тобында (ГСВГ) өздігінен жүретін 152 мм артиллериялық қондырғысының жүргізуші-механигі болып қызмет атқарады.
Әскер қатарынан оралған соң, 1985 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, аталған жоғары оқу ордасын 1990 жылы бітірген. Сол жылы Қарағанды облыстық телерадиокомпаниясының «Жаңалықтар» редакциясына жұмысқа қабылданады. «Жауынгер жанр» жаңалықтарда екі жылдан астам еңбек еткен соң, салалық редакцияға ауысып, «Адамгершілік – алтын діңгек», «Тынысың тарылмасын, алтын бесік», «Өндірісті өлке», «Ауылым – алтын бесігім», «Қылмыс пен тұрмыс», «Ұлан» атты авторлық бағдарламаларды дайындап, жүргізген.
1994 жылы өндірістен қол үзбей жүріп, Алматы қаласындағы Қазақстандық менеджмент, экономика және болжаулау институында кәсіби шеберлікті шыңдап қайтады.
2007 жылы Қарағанды «Болашақ» университетіне сырттай оқуға түсіп, оны 2009 жылы «Заңтану» мамандығы бойынша бітіріп шыққан.
2001 жылдан бері Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Облыстық телеарнада еңбек еткен жылдары мемлекеттік және салалық мекеме басшыларының атынан Алғыс хаттар мен түрлі марапаттар алған. Атап айтқанда, «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы АҚ басқарма төрағасының, Қарағанды облысы әкімінің, облыс прокурорының Алғыс хаттарымен, басқа да салалық мекемелер мен ұйымдар тарапынан марапаттауларға ие болған. Сонымен қатар, Қарағанды қаласының және Қарқаралы ауданы әкімінің аппаратында еңбек еткен жылдары қала және аудан әкімдерінің Алғыс хаттарымен, «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері Агенттігіне 10 жыл» төсбелгісімен марапатталған.
Үйленген, үш баласы мен немере-жиендері бар. Жұбайы Дәркен Асқарқызы Сармурзина – «Тілек» балабақшасында денешынықтыру тәрбиесінің нұсқаушысы.
Үлкені – Айдана, одан жиендері бар, Жандос есімді баласы – ҚР Мемлекеттік Күзет қызметінің офицері, мемлекетімізде күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып келеді, «Немерелерімді «оригинал» деп еркелетсем, жиендерім: «мұрт ата» дегенде, төбем көкке бір елі ғана тимей тұрғандай болады», – дейді Жекең әңгіме барысында. Олар да өсіп келеді. Үйдегі кішкентай Жанай – биыл политехты бітіреді, қазір Павлодардағы бір кәсіпорында өндірістік іс-тәжірибеден өтіп жатыр.
Бұл – Жекеңнің бір параққа сыйғызған өзгеше өрілген өмірбаяны. Енді сәл шегініс жасап, қосымша деректер қосайық.
Жеңіс досымыздың қасиетті Қарқаралының Абыз ауылында осыдан алпыс жыл бұрын өмірге келгенін, орман-тоғайлы, табиғаты тұнған сол бір ғажайып мекенде балалық балдәуренін өткеріп, ойын баласы болып ойнағанын, мектеп қабырғасында партада отырғанын, ауыл қарадомалағына тән базарлы балалықты бастан өткізгенін, бозбала шағын, ел қатарлы әскерде болғанын өзі жазған өмірдеректерінен көріп отырмын. Ал, менің Жекеңмен таныстығым, әрі қарай достығым – сонау жылдардағы студенттік күндерімізден басталған. Мен 1987 жылы ҚарМУ-ге оқуға түскенімде Жеңістер үшінші курста оқып жүрді. Алғаш рет «сельхозда» жүргенімізде бір топ жоғары курс студенттері бізге келген болатын. Солардың ішінде Жеңіс те болды-ау деймін. Бірақ біздің танысу сәтіміз – сол «сельхоздан» кейін бірінші курсты алғаш бастаған күндердің бірінде болған сияқты. Мен де оқуға түскенде Жеңістер құсап, әскерді бітіріп, ауылда біраз жұмыс істеп, былайша айтқанда, өмір көріп келгенбіз. Сондықтан да жоғары курстармен бірден жақсы араласып кеттік. Студенттік өмірдің қызық-шыжығын, жатақхана жағдайын, бәрін де қатар көрдік.
Жеңіс Кенжеұлының зерделі жан, қабілетті азамат болып қалыптасуына ең әуелі туған жерінің тұмса табиғаты жақсы әсер етсе керек. Жап-жасыл орман-тоғай, сыңғырлап аққан бұлақ суы, айнала аспанға астасқан тау биігі, әуелеп ұшқан, айналып ұшқан құстар легі, төрт түлік малдың төл қызығы, дала жануарларының тосын әрекеттері – осының бәрі бала Жеңістің жан дүниесің жаулап, сұлулыққа құштарлығын арттырған. Әкесі – Кенже (Тілеубек) Қонақай тауының бауырында орналасқан Абыз ауылының қадірменді ақсақалы, өмірден көргені мен көңілге түйгені мол, қазақтың қисса-дастандарын жатқа білгені, айтып-насихаттап отыратыны, көп жылдар орманшы болғандығы да, сонымен қатар ауылдың үлкендерінің үлгі-өнегесі де баланың балғын жүрегіне балдай сіңген. Анасы Дәметкен үй шаруасымен айналысуымен қатар, бала тәрбиесіне ерекше мән беріп, ұл-қыздарының қатардан қалмай, аяулы ана жүрегінің тілімен айтсақ: ұрпағының «ат атандырмай, сүйек сындырмай» ғұмыр кешулеріне негіз қалаған аяулы жан, «Батыр ана» болған. Орманшының ерке ұлы табиғаттың тілін, сұлулықтың үнін осылай ерте ұғынған. Екіншіден, ауыл мектебінде оқып жүргенінде бастауыш сыныпта Рахила апайы мен Әбуғали ұстаздары, ортаңғы кластарда қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген мұғалімдері Сәбит Қашағанов, Амантай Нығметжанова секілді аға-апайларының көп көмегі тиген. Сол бір ізгі жандардың еселі еңбектерінің нәтижесінде табиғатқа құмар талапкер бүлдіршін ұлттық руханиятты, халық ауыз әдебиетіндегі інжу-маржанның бәрін санасына қондыра берген. Әрі қарай осы ұлағатты ұстаздарының бағыт-бағдарымен филолог-әдебиетші мамандығын таңдағаны да рас.
Қарашаңырақ ҚарМУ-де оқып жүргенінде де әдебиет әлеміне еркін бойлап, қаншама ғалым-ұстаздардан дәріс алды, ғибратын тыңдады. Алашқа аты мәлім доктор-академиктердің тәлім-тәрбиесін көрді. Университет бітірерде жазған дипломының тақырыбы: «Оралхан Бөкейдің «Қар қызы», «Сайтан көпір» шығармаларындағы тартыс табиғаты» деп аталған. Ғылыми жетекшісі – Темірғали Есембеков болды. Аталмыш тақырыпты сәтті қорғап шыққан Жеңісті белгілі ғалым Темкеңнің өзі ғалымдық жолға шақырып баққан екен. Ғылымның бейнетінен қашты ма, әлде жастықтың желігі болды ма екен, әйтеуір, диплом алған бетте Жекең Қарағанды телевидениесінен бір-ақ шыққан. Теле-теңізге тележурналист болып орналасқан. Мұнда да Масығұт Жабасұлы Халиоллин, Хамза Ахметұлы секілді ұстаздары, ақылман ақсақалдар алдынан шығып, ақ батасын беріп, еңбек сапарына сәттілік тілеген. Сөйтіп, Қарағанды облыстық телевидениесінде 20 жылдай жемісті еңбек етті.
2010-2014 жылдары Қарағанды қаласы әкімінің және 2014-2015 жылдары Қарқаралы ауданы әкімнің аппаратында баспасөз қызметінің хатшысы болып жұмыс істеді.
Бүгінгі таңда Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ бөлім маманы болып қызмет атқаруда. Ең бастысы – алғашқы еңбек жолынан күні бүгінге дейін Қазақ еліне, Алаш жұртына қызмет етіп келеді.
***
Сөз басында алпысты айттық. Біздің қатар алпыстың айбынды асуына шыққанын тілге тиек еттік. Осы мамырдың тоғызында біздің Жекең де сол алпыстың ақ боз ордасына кірді. Осынау орайлы сәтте Жеңіс досымызға мықты денсаулық, отбасына амандық-бақыт, бар жақсылықты тілейміз. Балалардың, немере-жиендердің қызығын, еңбектеріңнің жемісін ұзақ көріңдер демекпіз. Алпыстың талтүсі алдыңғы мерейтойларға алтын көпір болып, жүзге дейін өмір-өзенде жүзе бер, қадірлі дос!
Әлімжан ҚҰТЖАНҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі