Жанар Рамазанова: «Аймақтық БАҚ-тың 70 пайызы – біздің түлектер»
Арқа ғана емес, еліміз бойынша журналист дайындауда алдына жан салмайтын Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті филология факультеті журналистика кафедрасына биыл – 30 жыл. Кәсіби мереке – Журналистер күні қарсаңында филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, кафедра меңгерушісі Жанар Рамазановамен сұхбаттасуды жөн көрдік…

– Жанар Сембекқызы, 30 жыл аз уақыт емес. Кафедра алғаш ашылған кездегімен салыстырғанда қалай өзгерді?
– Журналистика кафедрасы 1994 жылы құрылды. Орталық Қазақстан өңірінде болашақ журналистерді даярлайтын мамандықтың ашылуына сол кездегі көрнекті журналист-публицист Зарқын Тайшыбай үлкен еңбек сіңірді. Әрине, оқытушы мамандардың тапшылығы, оқу-әдістемелік базаның жоқтығы алғашында қиындықтар туғызды.
Әрине, осы уақыт аралығында көп дүние өзгерді. Күн сайын құбылған заманда білім саласы да соңғы жылдары біраз өзгеріске ұшырауда. Цифрлық оқыту технологиясын пайдалану бүгінгі күні әлемдік трендке айналды. Сәйкесінше, цифрландыру жоғары оқу орындарының оқыту қызметін жаңа форматқа ауыстырып, оқу үдерісін ұйымдастыру мазмұны мен құрылымын жаңаша құруды көздейді. Оны, әлбетте, білім беруде жаңа технологияның дамуымен байланыстырамыз. Әсіресе пандемия кезіндегі қашықтан оқыту – оқу үдерісіне жаңа серпін берді. Білім сапасын арттыратын ақпараттық бағдарламалар енгізілуде. Stepik, Arzamas, Coursera, Youtube секілді платформаларда подкаст, видеодәріс жазып, профессор-оқытушылар танымалдылығын арттыруда. Әр оқытушы осы құралды жетік меңгермесе, ол білім алушылардан еңбек нарығы талап етіп отырған кәсіби құзыреттілікті қалыптастырып бере алмайды.
Журналистерді даярлайтын қазақстандық жоғары оқу орындарының, шетелдік әріптестердің онлайн дәрістеріне, видеоконференцияларына үнемі қатысып отырамыз.
– Өзіңіз айтпақшы, өзгермелі дүниеде уақыт легінен қалмай, алдыңғы қатарда болу – маңызды. Бұл әсіресе ақпаратпен жұмыс жасайтын болашақ журналиске керек екені мәлім. Мамандыққа баулуда қандай жаңашылдықтарыңыз бар?
– Журналист болу үшін, ең бастысы, сауатты жазу, көпшілікпен тығыз қарым-қатынас орнату, кәсібіне қатысты жаңашылдықты зерттеу дағдыларын меңгеру қажет. Білім алушы БАҚ-та тағылымдамадан өту, блог жазу, Youtube подкастар жүргізу, ақпарат дайындау арқылы практикалық тәжірибе алуы тиіс. Яғни, цифрлық және деректер журналистикасында дамып келе жатқан тенденцияға ілесе алатын іскер маман болуы керек. Осыларды ескере келе, оқу жоспарына жаңа пәндер енгіздік. Олар «Цифрлы журналистика», «Онлайн журналистика», «Медиасауат және ақпараттық қауіпсіздік», «Әлеуметтік медиадағы коммуникация». Профессор-оқытушы құрамы соңғы жылдары жаңа медиаға қатысты бірнеше оқу басылымын әзірледі. Қойлыбай Асанов пен Жазира Еркіннің «Стилистика және редакциялау: заманауи бұқаралық ақпарат құралдарының стилистикасы», өзімнің авторлығымдағы «Әлеуметтік медиадағы коммуникация», Гүлмира Амангельдиеваның «Digital journalism: дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарының интернет медиаға көшудегі жаңа парадигмалары» атты оқулықтарды атап өту керек.
Журналистика кафедрасында оқу телевизиясы зертханасы жұмыс істейді. Ол – студия, монтаждық, аппараттық, радио торабы, эксперименттік оқу аудиториясын қамтитын кешен. Зертханада телевизия және радиожурналистика пәндері бойынша практикалық сабақтар жүргізіледі. Оқу телевизиясы 2009 жылдан жұмыс істеп келе жатса, студенттік «Buketov Radioсы» 2021 жылдан оқу ордамыздың бас ғимаратында жұмыс істеп тұр.
– Журналиске оның ішінде теле-радио журналисіне керегі сахна тілі, дикциясының дұрыс болуы. Бұл тұрғыда қандай жұмыстар атқарылуда?
– Орынды сұрақ. Өйткені, соңғы кезде журналистердің басым бөлігі сөйлеу барысында қазақ тілінің грамматикалық және орфоэпиялық заңдылығын сақтай бермейтін болып барады. Мәселен, сөздер мен сөз тіркесін, сөйлемді жазылуы бойынша оқуы. Дыбыстаудағы үйлесім заңдылығы сақталмағандықтан, мұндай сөйлемдердің естілуі құлаққа жағымсыз тиеді, кейде түсінікті қиындатып, ұғымды ауырлатады. Көп жағдайда сөйлемдерді орысшадан сөзбе-сөз (калькалау тәсілімен) аудару етек алып барады. Мысалы, ағымдағы жыл, кең таңдау, екінші рет әке атану тәрізді. Егер осылай кете берсе саф алтындай таза тіліміз шұрайынан айырылып, жұтаң, кедей тілдің қатарына түседі. Тіл табиғи жарасымынан, бай мағынасынан ажырайды.
Сондай-ақ, көп журналист «ң»-ды айта алмайды, «р» дыбысын нақты дыбыстамауы құлаққа түрпідей тиіп жатады. Тіл тазалығы, ырғақ, мақам ескерілген жөн. Осы олқылықтарды жою мақсатында «Орфография және пунктуация», «Сөйлеу мәдениеті» сияқты пәндерді енгіздік. Курстарды қазақ тіл білімі кафедрасының оқытушылары жүргізеді. Сонымен қатар «Сөйлеу әдебі» мен «Сөйлеу техникасы» сабақтарын кафедра оқытушылары оқиды. «Сөйлеу техникасы» атты оқу құралы республикалық оқыту әдістеме кеңесінің грифын алды.
– Дәріс оқуға кәсіби журналистерді тартасыздар ма?
– Біліктілік талаптары бойынша жетекші практик-мамандарды оқу үдерісіне тарту міндеттелген. Біз әр оқу жылының басында редакцияларға осы мәселеге қатысты ұсыныс жасаймыз. Бірнеше жыл қатарынан кафедрада «Saryarqa aqparat» медиахолдингі, «Qaragandy habary» қалалық газеті, облыстық баспасөз орталықтарынан штаттан тыс мамандар дәріс оқып, практикалық сабақ жүргізіп келеді. Журналистиканың күнделікті қазанында қайнап жүрген мұндай тәжірибелі мамандардың ертеңгі жас маманға сол саланың бүкіл қыр-сырын теориялық жағынан ғана емес, практикалық жағынан терең меңгеріп, кәсіби білік-дағдысын қалыптастыруы өте маңызды.
– Кафедрадан түлеп шыққан шәкірттеріңізге тоқталсаңыз. Олардың кафедрамен байланысы қандай?
– Қазақстанның кез келген бұқаралық ақпарат құралдарында абыройлы еңбек етіп жүрген университет түлектерінің жетістігін үлгі еткен оқытушыларымыз шәкірттерінің әр қадамын назардан тыс қалдырмайтынын аңғартады. Мемлекеттік (мемлекеттік емес) ұйымдардың, Президент әкімшілігі, түрлі министрліктер, мемлекеттік агенттіктер мен департаменттердің баспасөз қызметі және ұйымдастырушылық саласында, сондай-ақ, аймақтық БАҚ-тың 70 пайызы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, журналистика бөлімінің түлектері екені кафедра үшін үлкен абырой. Журналистиканың теориясын университет қабырғасында жүріп меңгерумен қатар, жергілікті БАҚ-тың шығармашылық ұстаханасында шыңдалуға да мүмкіндіктер қарастырылған. Академиялық ортада «Түлектер лигалары» құрылып жатады, соны да қолға алатын кез келген сияқты.
Шәкірттеріміз жайлы «Alatau-Aqparat» медиахолдингінің бас директоры Ержан Төлек, облыстық Қызылжар телеканалының директоры Ерлан Тоқшылық, қоғам белсендісі Ләззат Қожахметова, 2023 жылы AMANAT партиясы атынан сайланған мәслихат депутаты, Францияда «Хабар» телеканалының арнайы тілшісі Әлия Сыздықова, «Jibek joly» телеканалының ақпараттық-сараптамалық бағдарламаларының тілшісі Марк Брюшконы айтуға болады.
– Жанар Сембекқызы, журналист дайындайтын кафедра Журналистер күнін қалай атап өтеді?
– Журналистер күнін кафедра өз ортасында ғана өткізеді. Негізінен атап өтетін кәсіби мерекелеріміз – ғылым күні, университет күні.
Әріптестеріміз Журналистер күніне орай ұйымдастырылатын іс-шаралардан тыс қалып қойып жатады. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің, қала, облыс әкімінің марапаттары иесін тапса деген өтініш бар. Әйтпесе жылда ақпарат саласына жүзге жуық кадр даярлап шығарамыз. Біздің бар жазығымыз – теоретик болғанымызда. Қалжың, әрине. Шынтуайтына келсек, облыстық дәрежедегі шараларға атсалысуға дайынбыз.
– Сұхбатыңызға рақмет. Шығармашылық табыс тілейміз.
Сұхбаттасқан Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz