Бас тақырыпРуханият

Жан тебіренткен тарихи туынды 

«Мүрдемен той жасайтын боласың. Жоқтауыңды жаттай бер» дейді, Ғайнижамалға қолы жетпесін білген Мұқан, ашуланып. Өйткені, Ғайнижамал Міржақыппен үйленбекке серт байласқан. Бұл – Қазақстан телерадиокорпорациясы түсірген «Міржақып. Оян, қазақ!» телехикаясының негізгі сюжетінің бірі. Бұдан бөлек, фильмде Алаш қайраткері өмірінің 1909-1935 жылдардағы кезеңі қамтылады. Міржақыптың «Оян, қазақ!» кітабының жарыққа шығуы, қазақтың тұңғыш романы «Бақытсыз Жамалдың» жазылуы, революциядан кейінгі жылдардағы, ашаршылық кезіндегі қоғамдық-саяси қызметі, Қызылорда, Семей, Мәскеудің әйгілі «Бутырка» абақтысындағы жылдары кезек баяндалады. Қоюшы-режиссер – Мұрат Есжан, бас продюсер – Айсәуле Әбілда, сценарий авторлары – Мұрат Есжан, Ұларбек Нұрғалым, Ұшқын Сәйдірахман.

Шынында, фильмдегі Міржақып образы өте әсерлі әрі сенімді болды. «Ақын батыр болмаса, көрген күні күн емес» (Ө.Қожамұратов) дегеннің шын екеніне тағы бір мәрте көзім жетті. Фильмде Міржақып – өз заманының батыры. Тарихи туынды әбден зерттеліп, өмірде болған деректерге сүйеніп түсірілген. Бұл жөнінде талай жазылды. Таңғалатын себебім, қолына қалам ұстап, өмірін жазуға, өлеңге, ағартушылыққа арнаған әр шығармашылық иесінің мынадай құрбандыққа бара алуы екіталай. Осындай ірілікті көрдік туындыдан. Жеріне жеткізе жазылған сценарий. Диалогтары көңілге қонымды. Құлағыңның құрышы қанып отырып тамашалайсың. Актерлер де сәтті таңдалған, әрқайсы өз орнында. Егер, алдағы уақытта тарихи туындылар осы деңгейде түсірілсе, онда халықтың рухы тасып, талғамы өсіп, сана көкжиегі әжептәуір кеңейер еді. Мұнда жұмыс істеген команданың тер төккені көрініп тұр. Әр кадр, әр деталь әсерлі, өне-бойыңды шымырлатып жібереді.

– Байқасаңыздар, сол кезде айтылатын «нәшірияд», «рисала», тіпті, «школа» деген секілді көп терминді де сол күйінде қалдырғанды жөн көрдік. Өйткені, ол сол заманды өз қалпында елестетуге орасан зор ықпалын тигізеді. Сонымен бірге, әр жазған сөзіңнің сол кейіпкерді сомдаған әртістің де аузына сыйып, сөйлегенде ұғынықты шығаруға мүмкіндігі болатын сөздерді екшейсің. Жазып отырып актер болып ойнайсың. Сонда барынша жанды сөз шығады. Мысалы, Міржақып әскер құрған, мал жинаған сахналарында Жақаң ролін сомдаған актер Бақыт Қажыбай да ерекше ажаттанып, айбарланып кетеді. Оның ар жағында сөздің құдіреті мен ерекшелігі жатыр. Ол кезеңдер туралы Міржақып өзегін өртей отырып көп мақала жазған. Сөздің дені – өз шығармаларынан екшеп алынды, – дейді Ұларбек Нұрғалым.

Телехикаяда Міржақыптан бөлек, Әлихан, Ахмет, Ахметсапа, Жүсіпбек, сынды саңлақтардың бейнесі бар. Ахметті – Ахаң, Міржақыпты – Жақаң деп алыпты. Өмірде де солай болған. Жақаңның өмірін тұтастай халқына, елдің ертеңіне, ұрпақ тәрбиесіне арнағанын көріп, арқаландық.

Міржақыпты – Бақыт Қажыбаев, Ғайнижамалды – Зарина Кәрмен, Ахаңды – Байғали Есенәлиев, Әлихан бейнесін – Бауыржан Қаптағай, Ахметсапаны – Мерей Мұхтарұлы, Тұнғаншин ролін – Жұмағали Маханов, Гүлнар Міржақыпқызы бейнесін Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Әспетова сомдаған. Тарихи туынды Алматы облысында, Алматы қаласында, Міржақыптың туған жері Қостанай облысында түсірілген.

– Ахмет пен Міржақып – Алаш идеясының өміршеңдігін ұқтырған, сол идеяны жүзеге асыру жолында аянбай қызмет еткен ұлт зиялылары. «Ахмет. Ұлт ұстазы» фильмінен кейін «бұл дүниенің жалғасы Міржақып болуы керек» деп ойладым. Ахмет ойнаған кинода Міржақыптың, Міржақып ойнаған кинода Ахметтің ролі көрсетілуі тиіс. Яғни, сабақтастық болғаны жөн. «Міржақып. Оян, қазақ!» – телеарнаның кейінгі екі жылда түсірген он бірінші тарихи телехикаясы, – депті бір сұхбатында Мұрат Есжан.

«Мен Міржақып емеспін» атты бірінші бөлімде Міржақыптың атын жамылып елден мал, пұл жиып жүрген Базарбек есімді алаяқтың арам тірлігі әшкере болады. Осы Базарбек, қара басын аман алып қалу үшін Міржақыппен жақын араласып, оның бар құпиясын милицияға баяндап отырады. Ол «Оян, қазақ!» кітабын жаттап алған. Бірақ, оны сезіне алмайды. «Тәрбиесіз білім» деген осы болар.

«Бақытты Жамал» атты екінші бөлімде Ғайнижамал мен Міржақып арасындағы шынайы сезім һәм осы жолдағы қиыншылықтар қамтылыпты. Сонымен қатар, ақынның қызы Гүлнар Дулатова да фильмде сәтті сомдалған. Оның әке аманатына адалдығы, оны ақтау үшін бар күшін салып, күресуі жігерлендіреді. Жалпы, фильмде Жақаң өмір сүрген кезбен алаштықтар ақталар тұс параллель өрілген.

«Ағыбай батырдың қылышы» атты үшінші бөлімде Міржақыптың қайраткерлік бейнесі ашыла түседі. Алаш әскерін құруға атсалысуы, тіпті, ең қауіпті басқыншы отрядты талқандап, қылышты аман алып қалуы – сөзімізге дәлел. Баскесер мен жекпе-жекке шығар тұста да қазақтың білекті һәм жүректі жігіті болғанын көрдік. Киелі қылыш арқылы оның ұлттық құндылықтарға деген жанашырлығы шебер сомдалған.

«Қоңыр аттың қоң еті» атты төртінші бөлімде аштықтың зардабын көресіз. Осы кезде елден жылу жинап, ашыққан елге үлестіруге бар күшін салады ақын. Жиылған малды бір ай бойы айдап, жүдеген елге жеткізіп, бөліп береді. Осыдан бастап, шолақ белсенділер оның ізіне шам алып түседі. Арасында баяғы алаяқ Базарбек те бар. Орысқа жағынып, шен алған пасық.

«Кетсін осымен көңілдің кірі» атты бесінші бөлімде Міржақыптың қызы мен Аманкелді Имановтың ұлы Шәріптің кездесуі негізге алынған. 

«Біз жеңдік, әке!» атты соңғы бөлім өте әсерлі. Гүлнар Дулатова жан сақтау бөліміне түседі. Бірақ, әлі әкесінің ақталғанын естіген жоқ. Ал, Міржақып, Ахметсапа, Жүсіпбек үшеуі ату жазасына кесіліп, маһшарда кездесуге уағдаласады. Алайда, мұндай өлімді Жақаңа қимай, атпай алып қалып, жалғыз өзін жеке ұстайды. Мақсаты – рухын сындыру, өміріне өкіндіру. Ал, Жақаң керісінше, мұнда да өзін қамшылап, дами түседі. Қатқан нанды қамыр қылып, шахмат ойнап отырғанын көргенде, рухының сынбасына көзі жеткен олар Жақаңды Бутырка түрмесіне ауыстырады. Соңында бала Гүлнар далада ойнап жүргенде әкесі атпен келеді. Гүлнарды қанша қимаса да тастап, шаба жөнеледі. Осы сәт қызы көзін ашып, есін жияды. Және үйінде туыстары жиналып отырғанда, «Міржақып ақталды» деген хат келеді. Оны дауыстап оқығанда жылағанын көрсеңіз, еңкілдеп қоя бересіз. Көз алдыңызға «Елім!» деп еңіреп өткен Алаш арыстары келеді. 

– Фильм өте әсерлі. Тарихшы ретінде көп дүниеге риза болдым. Ағыбайдың қылышын сәтті келтірген. Гүлнар Дулатова апамыздың Аманкелді батырды құрметпен «Сардар» деп атауы жүрекке жылылық ұялатты. Батырдың баласының Алаштың асыл тұяғы Гүлнар апайға арнайы сәлем бере келу эпизоды өте сәтті шыққан. Ұлыларымыздың арасындағы бір-біріне деген биік құрмет пен сыйластықты көріп өскен кейінгі ұрпақ үшін тәрбиелілік маңызы зор болып саналмақ. Міржақыпты «Жақаң» деп атауы сәтті және бас кейіпкердің мінезі толық ашылған. Алаш әскерінің құрылуы, сол арқылы халықты басқыншылардан қорғауы үйлесіп тұр. Жақаңның орысшаға жетіктігі, жан-жақты сауаттылығы, рухының өте биіктігі, Абай айтқан қасиеттердің бойынан табылуы риза қылды. Тұлғаның мінезі осындай болады. Қажет жерінде қасқайып тұрып, азаматтығын дәлелдеу – нағыз мінез. Мына туындыны қорықпай мемлекеттік сыйлыққа ұсынуға болады. Біраздан бері мұндай сапалы дүниені тұщынып көрмеп едік. Жастардың аяқ алысы қуантады. Ендігі эстафетаны сол жастарға беру керек, – дейді ҚарУ-дың аға оқытушысы Нұртас Смағұлов.

Шынында, Міржақыптың «Оян, қазақ!» жырын оқымағандар да бар. Жан тебіренткен тарихи туынды сол олқылықты толтырғаны сөзсіз…

Жәлел ШАЛҚАР,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button