Жан сарайы нұрға толар құтты орда
Тәуелсіздік ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртты. Өткенге байыппен қарап, байсалды қадамдар жасалды. Әсіресе, дініміз бен ұлттық құндылығымыз қайта оралды. Солардың бірі, исі мұсылман қауымының рухани орталығы – мешіттердің қарқынды бой көтеруі еліміздегі рухани келісім мен өзара түсіністікті көрсетті.
Ресми деректерге сүйенсек, елімізде Тәуелсіздік алған 30 жылда 2 700-ден астам мешіт салынған. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда 8 есеге көбейген. Ес жиып, еңсемізді тіктеген тұста ел азаматтарының бейбітшілік пен бірлікті жоғары қойып, ынтымағы жарасқан ел болуға ұмтылған қадамдары деп топшылауға болады. Бүгінде Қарағанды қаласында 8 мешіт бар. Халық көп шоғырланған аудандарда діни мереке күндері мешіттерге жамағат сыймай жатады. Шын мәнісінде, мешіт тек мінәжат ететін орын емес, мұсылманның жан сарайын нұрға толтыратын рухани құтты мекен. Кейінгі кезде Алланың үйі атымтай азаматтардың қаржылық қолдауымен бой көтеруде. Солардың бірі – Қуантай Мұхтаров. Белді кәсіпкер. Бергенін айтпайтын, масаттанып мақтанбайтын азаматты ел адамдары мешіт тұрғызудың майталманы, сауапты істің сардары ретінде жақсы таниды. Кез келген адамның алдына мақсат қойып, соны орындау жолында барын салып, қажырлы еңбек етуіне бір нәрсенің түрткі болатыны ақиқат. Қуантай Мұхтаровқа да сондай жайттың себеп болуы, оның «мешіт салып, халықтың батасын алсам» деген мақсатын айқындай түседі. Содан бері облыс аумағында онға жуық мешіттің іргетасын қалап, ізгілікті іс тындырып жүр. – Алла қуат беріп, қауқарым жеткенше, мешіт салудан танбаймын. Менде ешқандай фанатизм жоқ. Алайда, құлшылық пен ағартушылықтың мекені – мешіт салып, оның мұсылман қауымына дұрыс қызмет жасауына ықпал етсем болғаны, – дейді кәсіпкер.
Алғаш рет туған жерінде жерлестеріне арнап Алланың үйін тұрғызды. Әр бастаған ісіне жауапкершілікпен қарайтын азаматтың, қолға алған ісін аяғына дейін жеткізу үшін көлігіне дейін сатып жіберген кезі де болған екен.
Қарағанды-Нұр-Сұлтан бағытындағы күре жолдың бойына салынып жатқан бір мезетте мың жамағат мінәжат ететін мешіт құрылысының құны 200 млн. теңге. Жерін сатып алуға 13 млн. электр жүйесі мен су құбырын тартуға 10 млн. жерді заңдастыру жұмыстарына 10 млн. теңге жұмсаған. Жобалау құжаттарын 7 млн. теңгеге жасатқан. Миллиондарды тізбектеп отырғанымыз, көмек қолын созған кәсіпкерлер мен жамағаттан түскен қаржыдан бөлек мешіт құрылысына жұмсалған қаржының шамамен 80 пайызы – өз қаражаты. 700 шаршы метрді құрайтын құрылыс қаражатының бүгінде 165 млн. теңгесі толығымен игерілген. Оның 125 млн. теңгесі өз қаражаты болса, 40 миллион демеушілерден.
Мешіт – иісі мұсылман қауымының Жаратқаннан дұғатілек пен пенденшілік қателіктері үшін кешірім сұрайтын, тәубеге келетін мекені. Бұл жерге келетін әр адамның қадамына сауап жазылады. Сол сияқты, мешіт салуға қол ұшын беретін адамдарға да жақсылықты нәсіп етеді екен. Алла үйін салған адамдарға қатысты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадисінде былай дейді, «Кім жер бетінде Алланың үйін салуға ат салысса, Алла Тағала ол кісіге жұмақтан орын дайындайды». Яғни, ислам тарихында мешіт салу – барша пайғамбарлар шұғылданған қадірлі іс. Сауапты істегі тиянақтылығы, қайраты мен табандылығы оның жауапкершілігін еселей түскендей. Әр салған құтты мекенін халыққа абыроймен тапсырып келе жатқан азаматтың одан әрі мешіттің ішкі құрылымында шаруасы жоқ. Рухани өсудің бағытын таңдаған кәсіпкер дайын дүниені қаз-қалпында тапсырып кете береді. – Мешіт бірлік пен берекенің, ынтымақ пен ырыстың мекені. Адам бойындағы асыл қасиеттерді қалыптастыратын, ізгілікке жұмылдыратын, табалдырығынан аттағаннан бастап, жанына мейірім, жүрегіне тыныштық сыйлайтын рухани мекенді салған Қуантай бауырымызға халқы дән риза. Ізгі шараға қаржылай көмек көрсетіп, мешіттің жылу жүйесі мен қазандығын орнатуға атсалысқан азаматтың бірі – Дулат Баешов. Сондай-ақ, ауыл азаматтары да шамашарқынша қол ұшын берді. Ауыл азаматы Абзал Сәментайұлы уақытпен санаспай, мешіттің ішкі-сыртқы жұмыстарына көмектесуде белсенділік танытып жүр. 1985 жылғылар дауыс зорайтқыш аппараттарын алып берді. Ауыл азаматтарын қолдап, игілікті істің басы-қасында өзі жүрді. Ауыл жастарына дұрыс бағыт ұстауы мен рухани кемелденіп, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге бағдар беретін осы Алланың үйі. Атабабадан жеткен салт-сана, ұлттық құндылықтарға құрметпен қарау мешіттен басталары сөзсіз. Бұнда қадам басқан әр адам бір адым болса да Аллаға жақындайды. Жаңадан салынған мешіттің барлық шығынын өз мойнына алып, қамқорлық танытып келе жатыр, – дейді Көктас ауылындағы мешіттің сыртын қаптауға 1 млн. теңге қаражат аударған ауыл тұрғыны Қайрат Сланбеков.
– Ауылымызда мешіт жоқ. Әкімшілік ғимаратының бір бөлмесін намазхана етіп отырдық. Сондай бір күні намаз оқуға бейтаныс жігіт келді. Әңгімелесе келе, кәсіпкер, мешіт салып жүрген азамат екенін білдік. Жер мәселесін шешсеңіздер, мешіт салып беремін деп уәде етті. Сол кездегі аудан әкімі Нұркен Қобжанов жер мәселесін шешіп берді. Екі айдан кейін құрылыс басталып кетті. Айналдырған бір айға жуық уақытта құрылысты толығымен аяқтады. Әрі қарайғы әрлеу жұмыстарын ауылдың тумасы, кәсіпкер жерлесіміз Нұржан Жалпақов жүзеге асырды. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді, Қуантай бауырымыздың ауыл жамағатына жасаған жақсылығы шексіз, – дейді Көкпекті ауылының тұрғыны Қазанбай Әубәкірұлы.
Сауапты істі серік еткен Қуантай алғыс арқалаған жан. Алайда, қарапайымдылығынан танған емес. Сөзден гөрі іске мығым азамат «Алла жолында жасаған игі істерімнің қайтымы зор. Сол маған күш береді. Әрі қарай да сауапты амалды жалғастыра беремін» дейді.
Сағыныш ӘБІЛ.