Жан мен тән (әңгіме)

Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,
Ол бiрақ қайтып келiп, ойнап-күлмес.
“Менi” мен “менiкiнiң” айрылғанын
“Өлдi” деп ат қойыпты өңкей бiлмес…
Ақыл мен жан – мен өзiм, тән – менiкi,
“Менi” мен “менiкiнiң” мағнасы екi.
“Мен” өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,
“Менiкi” өлсе өлсiн, оған бекi
Абай.

Ажал айтып келмейдi. Ажалдың сұрапыл сұсы да, үрей мен зәренi алып үркiтетiн қорқынышы да – оның осы ғайыптан келетiн белгiсiздiгiнде. Адам пендесiнiң жарық дүниеге келуi – кездейсоқтық дейдi ғой. Ал дүниеден өтуi – заңдылық. “Адамзат сапарының мейманымыз, бiр мезет жер бетiне кетер соғып” дептi Қасым Аманжолов. Демек, мейман болған соң, мұнда тұрақтап қалу жоқ, сол келген жағыңа қай­туың керек. Әсiлi, өлiм деге­нiмiз – адам пендесiнiң әбден қартайып, арып-тозып, қажып-шаршап, тiршiлiк етуге жарамай қалған кезде баратын ең соңғы баспанасы ғой. Оған кiм қарсы. Бiрақ сол өлiмнiң өз кезегiнде табиғи жолмен келмей, бiреудi бiреу ана дүниеге зорлықпен аттандыратыны жанға батады.


Бұл жолы тап солай болды. Мәселен, Ғабдулмәлiктi жуық арада өле қояды деп ешкiм де ойламаған. Жасы жетпiске таяп қалса да “ыңқ” етiп ауырмаған, денсаулығы мығым кiсi едi. Не iшем, не кием демейтiн, ауыр еңбектен, тiршiлiк күйбеңiнен әлдеқашан құтылған. Осы күнгi мұнай-газ өндiрiсiнен, одан бас­қа да бiр-екi кенiштен бөлiнген акциялары бар. Ақша дегенiң Ғабдулмәлiктiң кассасына крандағы судай өздiгiнен құйылып жатады. Қаржы айналымы миллиардқа шаппаса да, алдыңғы қатардағы миллионердiң бiрi. Өзi теңдес бақкүндес бiреулер болмаса, жолын кесетiн де еш­кiм жоқ-тұғын. Билiк басындағылармен ымы-жымы бiр, санаттағы адам. Кейбiреуiмен құда-жегжат дегендей. Оның бәрiн былай қойғанда, өзгелерден бiр артықшылығы, бертiнде алған жап-жас, сұлу әйелi бар. Несiн айтасың, қалай қарасаң да төрт түлiгi сай, өмiрдiң нағыз рахатын көретiн кезi едi. Бiрақ қатыгез тағдыр кiмдi арманына жеткiз­ген? Торжорғадай толықсып тұрған шағында сол Ғабдул­мәлiктi белгiсiз бiреулер өз есiгiнiң алдында атып кеттi.
Әрине, сақтық шаралары қарастырылған. Үнемi қасынан екi елi қалмайтын оққағары бар едi, сол күнi бiр тығыз шаруасы бар екенiн айтып, сұранып кеткен. Қалалық үкiмет ұйымдастыр­ған әлдебiр банкеттен шопырымен екеуi ғана қайтып едi. Ол құр­ғыр да сол күнi әлденеге асыққандай Ғабдулмәлiктi қақ­паның алдына әкелiп түсiрдi де, көп аялдамай жүрiп кеттi. Үй-iшi әлi жата қоймаған сияқты. Қос қабатты коттедждiң кейбiр тере­зе­лерi жарқырап жанып тұр. Күздiң қоңыр кешiнде тау жақтан ескен салқын самал бар екен. Ғабдулмәлiк бiрден iшке кiре қоймай, есiк алдында темекi тартып, аз-кем аялдады… Жаңа осында келерде көшенiң бұрышында бiр машина тұрған сияқты едi. Кенет сол машинаның зулап келiп, мұның қасына тоқтай қалғанын бiр-ақ бiлдi. Сол-ақ мұң екен, артқы есiктен бетiне маска киген бiреу қарғып түстi де:
– Әй, Ғабдулмәлiк, сен халықтың қазынасына қол сұққан ұрлығың үшiн өлiмге үкiм етiлдiң! – деп оң қолындағы пистолетпен мұны көздеп тұрып, едел-жедел екi рет атты. Алғашқы оқ оң жақ иығын шоқтай қарып өткен-дi. Екiншi оқ кеуде тұсынан тиiп, өне бойын өртеп жiбергендей, әл-қуаты бiрден кемiп кеттi.
“Жалдамалы кiсi өлтiрушiлер болады деушi едi… Мыналар – солар ғой, дәу де болса! – де­ген­дi ойлап өттi бүктетiле құлап бара жатып. – Кiмдер екен – тапсырма берген? Әттең, соны бiлер медi…”. Бұдан арғысы бұлдыр тұман… Ақыл-есi ауырлап, әлдебiр тұңғиыққа батып бара жатты.
Ғабдулмәлiк өмiрi денсаулығына шағым айтпаған кiсi ғой. Өткен жылы әлдеқалай тымауратып, дәрiгерге барғанда, ондағылар соңғы он бес жылда мұның емдеу кiтапшасына бiр сызық түспегенiн көрiп, таңғалысқан. Ендi, мiне, сол аялаған денсаулық та, бойдағы бұрқыраған қуат та әлдебiр қарақшының қарауылына iлiгiп, бiр сәтте көзден ғайып болды. “Батыр – бiр оқ­тық” дегендi бұрынғылар осындайда айтқан екен-ау!
Мылтық даусын естiген үйде­гiлер есiк алдында қанға батып жатқан мұның денесiн қолма-қол тауып, iле-шала дәрi­гер шақырған болар. Олар “жедел жәрдем” машинасымен ау­ру­ханаға әкелген болар. Ғаб­дул­мәлiк есiн бiр жинағанда, өзiнiң бiр өңкей ақ халатты адамдардың қоршауында жатқанын байқады. Соншама қан жоғалтқанда тiрлiкпен қоштаспаған нет­кен денсаулық де­сейшi! Әйт­кенмен, жүрегi соғуын тоқтатып, тынысы бiтуге таяған сияқты, бiреуi мұның кеуде тұсын токпен тiтiркендiрiп, екiншiсi аузынан жел үрлеп, тыныс алдыру қамында қарбаласып жүр.
Алайда мұның бәрi бекер әурешiлiк, кешiгiп iстеген шаралар болатын. Өйткенi бұл кезде Ғабдулмәлiк жантәсiлiм етiп, шыбын Жаны тәннен ажырап, өз алдына бөлiнiп шығып кеткен-дi. Қудауанда, бұл “жантәсiлiм” дегенi мұндай рахат болар ма, манадан берi шыдатпай, қан қақсап ауырып тұрған тән азабы бiрден сап тыйылды. Сол-ақ екен, Жан байқұс өмiр бойы арқалап жүрген ауыр жүктен ендi құтылғандай, бiртүрлi кеңiп, жадырап қалды. Адам тәнi әлдеқалай мертiгiп, жараланса да, әлдебiр дертке шалдықса да, соның азабын Жан тартады екен ғой. Ендi, мiне, соның бәрiнен босап, өзiнше бiр азаттыққа шық­қандай тыныстап қалды. Бұрынғыдай онда-мұнда сүйре­лейтiн иығындағы ауыр салмақ жоқ. Жанның өз салмағы – құс ма­мығындай, ауада емiн-еркiн қалықтап жүр.
Ақыл-ес, зейiн-зерде – Жанның өз бойында. Осының бәрiнен жұрдай болған өлi дене жатыр әне, қанға малшынып. Дәрiгерлер адам өлiмiне актi жасап, ажалға себеп болған оқтардың тәнге қаншалық дарығанын көрсету үшiн, өлi дененi оңды-солды кескiлеуде. Тәнге бәрiбiр сияқты, былқ етпейдi. Өмiрде тәннiң тым сезiмтал болуы, бiр жерiне тiкен кiрсе де ауырсынып, ойбай салатыны – Жанның арқасы екен ғой. Мiне, кеудесiнен жан шығып едi, адам сорлы жай “өлiк” болды да қалды. Ғабдулмәлiктiң оқта-текте Абай өлеңдерiн оқитыны болушы едi. Мiне, қазiр де: “Адам – бiр боқ, көтерген боқтың қабы, боласың боқтан сасық өлсең тағы” деген өлең жолдарын еске алып тұр.
Дәрiгерлер өлi денедегi оқ­тарды алып, актiсiн жасап бол­ған соң, өлiктi бiрден мәйiтха­наға өткiздi. Жан әзiрше өз тәнiнiң қасынан қалмай iлесiп жүр. Шетелдiк киноларда адам мәйiтi арнаулы шкаф-сөрелерде, әркiм өз жамылғысымен жеке-жеке жатушы едi. Бiздiкi ондай дәрежеге әлi жетпеген екен. Қабырғасына қырау қатқан, терезесi бiтеу, сұп-суық зал. Тақтай сөрелерде жап-жалаңаш сiресiп жатқан өлiктер. Кейбiре­уi көшеден табылған иесiз жандар болуы да мүмкiн. Олар – қашан иесi табылып, жерлегенше осында жата бермек… Жанның дәл осы арада Ғабдулмә­лiкке бiртүрлi жаны ашып кеттi. Тiрiсiнде серi жiгiт едi, дүниенiң рахатын жақсы көрушi едi. Тiрлiкте жинаған миллиондары еш кәдеге аспай, кiлең бомждардың арасында лыпасыз қалғанын қарашы! “Өлдiң, Мамай – қор болдың” деген осы екен ғой.
Адам Жаны тәннен бөлiнген­нен кейiн де жетi күнге дейiн алысқа ұзап кетпей, осы маңайда жүредi деушi едi. Зайыры, сол сөз рас сияқты. Ауруханадан қайтқан Ғабдулмәлiктiң бала-шаға, туыстарымен бiрге Жан да қалықтай ұшып, өз үйiне келдi. Бала-шаға дегенде, бұрынғы әйелiнен қалған екi қыз, бiр ұл бар. Олар әлдеқашан отау тiгiп, бөлек-бөлек үй болып кеткен. Сонан соң кейiнгi алған әйелi Ғайникамал мен содан туған он жасар Жансая… Бүгiн ағайын-туыстың бәрi осында. Кең аулада мал сойылып жатыр, қазан асылып жатыр… Ендi, мiне, сол жанашыр ағайын Ғабдулмәлiктiң кең кабинетiне жиналып, ертеңгi өлiктi шығарып салу рәсiмiн сөз етiп отыр.
Ең алдымен Кеңсай зиратынан орын алу мәселесi сөз бол­ғанда, бұл жағдай оңай шешiлдi. Ана жылы Ғабдулмәлiктiң бәй­бiшесi қайтыс болғанда бұлар екi кiсiлiк жер алып, төңiрегiн қоршап қойған екен. Ендi мар­құмның өзi де сол бәйбiшенiң қасынан мәңгiлiк қоныс теппек. Ертең мәйiттi осында әкелiп, салт бойынша бiр күн өз үйiнде қондырады. Сол кеште ағайын-жұртқа “қонақасы” берiледi. Бұл – аруақтың да соңғы татар сыбағасы iспеттi. Ал мәйiттi жерлеп келген соң, топырақ салған халыққа жайылатын дастарқан өз алдына бөлек. Бұлар сол күнгi түскi асқа “Отан қорғаушылар” паркiндегi “Жұлдыз” ресторанын лайықтады.
Осының бәрiн рет-ретiмен жөнiне келтiрiп айтып отырған – Ғабдулмәлiктiң немере ағасы, бiр кезде министрдiң орынбасары қызметiне дейiн көтерiлген, салт-санаға жүйрiк Қабыш ақсақал. Мұндайда қатты ескерiлетiн маңызды бiр нәрсе – газеттерде жарияланатын некролог – азанама сөздер де назардан тыс қалған жоқ. Азанамада Ғабдул­мә­лiктiң өмiрбаяны, атқарған қызметтерi мен алған марапаттары түгел қамтылуы керек. Бұл жағын бүгiн осында қатысып отырған белгiлi журналист өз мойнына алатын болды. Азалы сөздердiң деңгейi – елбасының марқұмның отбасына көңiл айту-айтпауына байланысты екен. Бұл мәселенi де Қабыш ақсақал реттеген сияқты. Мана түстен кейiн президент аппаратындағы таныс жiгiттерге телефон соғып, бәрiн алдын ала келiсiп қойыпты.
“Бәрi дұрыс, бәрi ойдағыдай, тiптi асыра айтылып жатыр, – деп ойлады Жан Ғабдулмәлiктiң өзi қадалып оқымаса да, сән үшiн жинаған кiтап сөрелерiнiң бiрiне қонақтап отырып. – Қазақтың өлiктi ұзатып салу мен артын күту рәсiмдерi – неткен машахат! Қанша әурешiлiк, қанша шығын?! Ал басқа ұлттар былай шашылмайды”.
Сонан соң бiр таңғалғаны – үйiшiнде қайғырып, жылап отырған ешкiм жоқ. Бәйбiшеден қалған ересек ұл-қыздары да тоң-торыс, үнсiз бұйығып отыр. Ғаб­дулмәлiк жас әйелге үйленгеннен берi әкемен аралары салқын болатын. Олар сол бақкүндестiгiн әлi ұмыта алмай отырған сияқты. “Папам-ау” деп ботадай боздап жылап жүрген – Ғайникамалдан туған он жасар қызы Жансая ғана. Ғабдулмәлiктiң соған ғана керек болғаны ғой, шамасы.
Ал Ғайникамалдың өзiне келсек, оның да басына қара орамал салғаны болмаса, бәлендей қа­сiрет шегiп, “аһ ұрып” отыр­ғаны байқалмайды. Бұрын бiреу­лер­ден көргенi бар едi. Күйеуi өлген әйелдер ауыр қайғыны көтере алмай, әлсiн-әлi есiнен танып, дәрiгердiң көмегi қажет болып жататын. Ал мыналар – Ғабдул­мә­лiктiң әйелi мен қыздары ондай дәрi-дәрмектi керек қылмай, қақшиған күйi сергек отыр…
Ал Ғайникамал… Сұлу-ақ қатын ғой, антұрған! Бүгiн басына қара орамал салып, ел қатарлы сәл-пәл жылағанға ақша бетi албырап, көз жанары нiлденiп, бұрынғысынан да құлпыра түскен бе, қалай? Отыз бес жас – әйелдiң нағыз кемелiне келiп, толысатын кезi ғой. Ғайникамал – бұрын Ғабдулмәлiктiң қабылдау бөлмесiнде отыратын секретарь-машинисткасы болатын. Көңiл­дерi жақын, қас-қабақтары түзу едi. Бәйбiшесi өлген соң алысқа ат сабылтып жатпай, сұлулығына қызығып, өзiнен отыз жас кiшi бұрынғы ашынасына үйленген. Құрбы-құрдастары бұған қызығып та, қызғанып та қарады. Сөйтiп жүргенде мұның тұғырдан таймағанын әйгiлеп, бiр жылдан соң Жансая келдi дүние­ге. Шар тартқан шағымда бiр қызығым осы Ғайникамал болар деп жүрушi едi. Амал не, төтеннен төнген ажал оны да бұйыртпады ғой!
– Айтпақшы, сүйектi қай жерден шығарамыз? Алматы жұрт­шылығы папаммен қоштасуы керек қой, – дедi манадан үнсiз отырған, осындағы банкiлердiң бiрiн басқаратын жалғыз ұлы Баққожа.
Қабыш ақсақал бұл жағын да ойластырып қойыпты. Басында театрлардың бiрiн жалдауды ойлаған екен, оған бұлардан бұрын бiреулер тапсырыс берiп қойыпты. Сонан соң Ғабдулмәлiктiң ғылым докторы екенi есiне түсiптi де, Академия институттарының бiрiмен оп-оңай келiсiптi.
“Менiң докторлығымның да бiр пайдасы тиген екен, – деп ойлады туыстарының әңгiмесiне сырттай құлақ түрiп отырған Жан. – Кезiнде бiреулердiң да­йын тұрған диссертациясын сатып алып, экономика ғылымының докторы деген атақты, жұрттың пыш-пыш өсегiне қарамай қор­ғап шығып едi. Ғабдулмәлiкке керегi – ғылым докторы деген атағы ғана. Әйтпесе, сол тақырыпта басын ауыртып, бiр мақала жазды ма екен?!”.
Туыстар кешкi ас iшiп, жерлеу мәселесiн бiржайлы еткен соң, бiразы ертеңгi шаруаларға байланысты жан-жаққа тарап кеттi де, үйде ең жақын деген бiр шоғыр адам қалып едi. Ғаб­дулмәлiктiң қазасы кiсi қолынан болып отыр. Мұндайда заң орындарының тергеу-тексеру iсi қатар жүруi мүмкiн. Олар тәртiп бойынша отбасы мүшелерiне де әр алуан сұрақтар қояды. Сонда бұлар не деп жауап айтуы керек? Соны да бiрлiкке келтiрiп алған терiс емес. Марқұмның достары кiмдер? Бақкүндес жаулары болды ма? Отбасы мүшелерi кiм­дерден күдiктенедi? Бұл мәселе­нi де алдын ала ойластырып қойған жөн.
Марқұмның қазасына қатысы бар деп, әрқайсысы бiрнеше адамның атын атады. Бәрi де – Ғабдулмәлiкпен әрiптес, қаржы саласының адамдары.
– Осы өзiмiздiң Құдайқұлов қалай? Ғабдулмәлiкке келгенде, ылғи да соның бiр енi iшiнде жүрушi едi. Өзi бүгiн көңiл айтып та келген жоқ. Iштарлықпен қастық ойлағандардың бiрi сол емес пе екен? – дедi зейнет жасындағы ағайынның бiрi.
– Қойыңызшы, бiздiң әулетке қастық ойлайтындай Құдайқұловты құдай ұрып па? Қанша дегенмен, рулас ағайын емес пе! – деп ол сөздi тағы бiреуi керi қақты.
“Алдырған – албырт” деген ғой, осылайша бiр-бiрiне кереғар әртүрлi пiкiр айтылып жатты.
– Папамды өлтiруге заказ берген – басқа ешкiм де емес, мұнай мен газға басшы боп отырған бәленшекеңнiң өзi! – дедi мiнезi томырықтау, бiр­мойын ұлы Баққожа. – Ол “акция­ларыңды маған өткiз” деп папамды бiрнеше рет ығыстырмақ болған. Ендi, мiне, ойлағанын iске асырып тынды. Мұнай мен газға бiр өзi қожа…
– Қой, Баққожа қарғам, олай деме! Тiптi, солай болған күннiң өзiнде де бұлай жар салып айта беруге болмайды, – дедi көптi көрген Қабыш ақсақал баяу үн қатып. – Бергi қожайынды айтсақ, оның түп тамыры арғы қожайынға тiреледi. Оларға заң орындарының да тiсi батпайды.
“Иә, Қабыш ақсақал дұрыс айтады. Осы менiң бiрбеткей, ұрда-жық балам ашу үстiнде бiрдемеге ұрынып қалмаса жарады” дедi Жан Ғайникамалдың қасындағы бос орынға жайғасып жатып.
– Бұл өлiмнен саяси астар iздеудiң қажетi болмас, – дедi заң саласында iстейтiн ағайындардың бiрi. – Ғабдулмәлiк – елбасының қатты құрметтейтiн сенiмдi кiсiлерiнiң бiрi болды. Тiптi, бiздiң ағамыз ана жылы сайлау кезiнде елбасының өз қалауымен “балама кандидат” болып дауысқа да түстi емес пе?
– Кiм бiлсiн, әзiрше “жалған кандидат” кейiн тәжiрибе жинай келе “шын кандидат” болып кете ме деп, қауiптенiп жүрмесе, – дедi шақпа тiлдi, қылжақбастау бiр жiгiт.
– Қойсайшы, бұл – әзiл-оспақтың жерi емес қой! – деп оны Қабыш ақсақал тыйып тастады.
Осылайша, туыстар бiр түйiн­ге келе алмай, не де болса заң орындарының шешiмiн күт­пек болып сағат кешкi он бiр шамасында үйдi-үйлерiне тарады. Мәйiттi үйге әкелiп қондыратын, марқұмның соңғы сыбағасы ре­тiнде жақын-жуыққа “қонақ­асы” беретiн күн – ертең. Бүгiн ертерек жатып демалып, ертеңге қарбалас шаруаға дайындалу керек.
Бүгiн Жан да өз үйiнде қалып қойған. Ол Ғайникамалға iлесiп, жатын бөлмесiне бiрге барды. Соңғы сәнмен жабдықталған абажадай кең бөлме. Тоба, Ғабдулмәлiк алдыңғы күнi ғана осы бөлмеде, мына тұрған төсекте Ғайникамалмен бiрге ұйықтап шығып едi-ау! Бұл оны аймаламақ болғанда, әйелi шаршап тұрғанын айтып, ол шаруаны ертеңге қалдырған. Амал не, ажал шiркiн сол “ертеңге” жеткiзбедi ғой. Ендiгi жүрiсi мынау – әлдеқалай терезеден енiп кеткен шiркей тәрiздi көрiнген затқа бiр қонақтап.
Ғайникамалдың ойында ештеңе жоқ. Күндегi әдетiнше кербездене керiлiп, шешiнiп жатыр. Бүгiн ғана байы өлген әйелге ұқсамайды. Бiр мезет айнаның алдына барып, өз келбетiне    сұқ­тана қарап, бiраз тұрды. Әдемi-ақ қой сайтанның өзi де. Әлi де құлын мүшесi бұзылмаған, қаз омырау, қыпша бел… Бүкiл де­несi мәрмардан ойғандай ап­пақ… Бүгiн қаралы күннiң өзiнде алтын алқасы мен жүзiк-сырғаларын тағынып алған екен. Соларын бiр шетiнен ағытып, қобдишаның тартпасына салып жатыр. Мiне, осыдан кейiн ғана кербез басып барып, ақ торғын көрпе­нiң астына кiрдi.
Жан болса сол сәт мана түс кезiнде көзi көрген ақ қырау мәйiтхана мен сондағы мұз болып сiрескен өлiктердi еске алып тұрған-ды. Соның әсерi ме, қалтырап тоңа бастады. Жылы көрпенiң астындағы Ғайникамалдың қасына Жанның да жатқысы келдi. Онда тұрған не бар, бұрын талай жатып жүрген төсегi. Сол оймен батыл басып барып, ол да жылы көрпенiң астына кiрдi. Өзiне таныс француз әтiрiнiң иiсiн сезiнiп, бiр рахат күйге бөленген. Баяғы тiрi кезiнде­гiдей Ғайникамалдың үлбiреген аппақ тамағына тұмсығын тығып, жұп-жұмыр иығынан, ұлпа мойнынан аймалағысы келген… Амал не, осының бiрде-бiрiн Ғайникамал сезiнбейдi-ау!
Ту-у, осы телефонды-ай! Қай­дағы бiр қарбалас шақта шырылдайтыны бар-ау… Кенет төсектiң жанындағы қобдишада тұрған әйелiнiң қалта телефоны безiлдеп қоя бергенi. Ғайникамал ақ сазандай төсiн керiп тас­тап, шалқасынан жатқан күйi қалақтай телефонды құлағына тосты. Даусы таныс жақын адам болса керек, бiрден өңi жылып сала берген. Өңi жылып қана қоймай, ынтыққан ыстық сөздер де ағытылды-ай келiп…
Анау “көңiл күйiң қалай” деген болар.
– Жаным, менен қазiр не “кө­ңiл күйдi” сұрайсың? Байы өлген қатынның көңiл күйi қандай болушы едi, менiкi де дәл сондай! – дедi Ғайникамал әлдебiр назды үнмен сынықси күлiп.
Анау “туыстар арасында не әңгiме бар? Заң орындарынан бiреулер келдi ме” деп сұраған болар.
– Туыстар осы жаңа ғана тарады. Ертеңгi жерлеу рәсiмдерiн ақылдасты-ау деймiн… Марқұм­ға кiм қастық жасауы мүмкiн деген мәселе де бiраз сөз болды, – дедi әйел толық ақбар берiп. – Жаным, өзiң неге болмадың бүгiнгi отырыста?
Анау әлдебiр тығыз жұмыстармен жүргенiн, ертеңгi және одан кейiнгi қонақасыға қырдан екi жылқы сатып әкелгенiн айтып жатқан…
– Қайтесiң, аға өзiңдiкi… Ең­бегiңнiң есесi бiр қайтар, – дедi келiншек тәлiмси тiл қатып.
“Аға өзiңдiкi” дейдi. Соған қарағанда, мынау – осы маңдағы бiреу болды ғой, – дедi Жан секем алып. – Сонда кiм болды екен ол, ә?”.
Анау “бүгiнгi әңгiмеде менi бiреулер еске алды ма” деп сұраған болар.
– Күдiктiлер арасында сенi ешкiм атаған жоқ. Алаңсыз ұйықтай беруiңе болады, – дедi Ғайникамал. – Марқұм қарт та болса қайырымды кiсi едi ғой. Сен екеуiмiз не зиян көрдiк одан. Алла-ай, қолың қалай барды? Бұрынғыдай жүре берсек те болатын едi ғой…
Анау “оққа байлаған – мен емес, жалдамалы жендеттер ғой – бәрiн орындаған… Олар ақша үшiн ештеңеден тайынбайды” деп ақталып жатқан секiлдi.
– Мейлi, басқа бiреулер орын­даған күнде де, соларға тапсырма берген – сен ғой, – дедi Ғайникамал анаған кiнә арта сөйлеп. – Соның бәрiн, шынымен-ақ, мен үшiн iстедiң бе, жаным?
Ана сұм не айтты екен? Әй­теуiр, жанға жағымды тәттi сөздердi ағытып жатқаны анық.
– Жаным сол… Сенi түсiнбей­дi дейсiң бе? Менi сүйетiнiң сонша, өз байымнан да қызғандың-ау! Асықпашы… алдымен мына шаруаны атқарып алайықшы… Ендi бөгет болар ешкiм жоқ, өзiмiз ғана қалдық емес пе?! – деп назданды Ғайникамал.
“Есiңде болсын, бiз жақында осы елдегi ең бай адамдардың бiрi боламыз! – дедi анау құпиясын жасырмай. – Осының бәрi бiр сенiң игiлiгiң үшiн, аяулым”.
Жан манадан берi бұл әйелдiң нақсүйер ғашығы кiм екенiн бiле алмай басы қатып тұрған-ды. Кенет Ғайникамалдың:
– Бауке, сүйiктiм, не айта­йын?.. Өзiңдi қалай жақсы көре­тiнiмдi бiлмейсiң ғой сен… Әй­теуiр, сақ болшы өзiңе! – дегенiн естiгенде, санын бiр-ақ соқты:
“Құдай ұрсын, мына қатынның манадан берi үздiгiп тұрған ғашығы – өзiмiздiң Баубек болды ғой! – дедi Жан жатқан жерiнен атып тұрып. – Ғабдул­мә­лiктiң көмекшiсi. Жасы әлi қырыққа келе қоймаған, әлекедей жаланған, келбеттi, жас жiгiт. Руласым, жерлесiм деп осыны бауырына тартқан Ғаб­дул­мәлiктiң өзi едi. Баласынан кем көрмей, ең жауапты жұмыстарды осыған тапсыратын. Сөйтсе, жылан асырап жүрiптi ғой… Қатынды қойшы, тәйiрi. Ақшаң болса қатын табылады. Баубектiң харамдығы – басқада… Ғабдулмәлiк ел iшiндегi, және шетел банкiлерiндегi бiраз соманы осы Баубектiң атына салдырған. Аз емес, миллиондаған доллар… Ендi, мiне, қатынның ғана емес, сол ақшаның да иесi Баубек болмақ. Бiр оқпен екi қоянды қатар жықты деген осы емес пе?! Ит-ай, Ғайникамалды қолға қалай түсiрдi екен? – дедi күйiне қапаланып. – Осылар бұрыннан ашына болған-ау, шамасы… Жас қой арам неме. Оның әйел алдындағы артықшылығы – сол жастығында ғой!”.
Ғайникамал мен Баубектен қатты көңiлi қалған Жанға ендiгi оқиғалардың еш қызығы сезiлген жоқ. Жерлеу рәсiмi сол кешегi айтылған межемен өтiп жатыр. Ертеңiнде өз үйiнде қонақасы берiлдi. Мәйiттi жерлейтiн күнi өз ауласында жаназа оқылды. Екi тәкбiрлi, бiр ракағат жаназа намазы оқылып болған соң:
– Марқұм Ғабдулмәлiк Бегайдарұлы қандай адам едi? – дедi мешiттен арнайы шақырылған имам көпшiлiкке қарап.
– Жақсы адам! – деп куәлiк бердi сапта тұрған көпшiлiк бiрауыздан.
“Көп – құдайдан бiр-ақ жас кiшi” деген сөз бар. Көңiл жықпастықпен айтылса да, көпшiлiк­тiң осы бағасы тәңiр алдына бар­ғанда кәдеге асуы да мүм­кiн… Осыдан кейiн табытқа салынып, үстiне жiбек кiлем жабылған өлi дене әлдебiр институттың залына әкелiнген. Мұнда да қаптаған халық. Жиналған жұрт үштен-төрттен кезектесiп, құр­меттi қа­рауылға тұрып жатыр. Көзi тiрi­сiнде мұндай құрметтi қарауылға Ғабдулмәлiктiң өзi де талай тұр­ған-ды. Табыттың бiр қапталында Ғайникамал мен марқұмның ұл-қыздары отыр: бәрi сұлу, бәрi әдемi. Бет-аузы долырып, жылап жүрген – он жасар қызы Сая ға­на.
Қоштасудың соңы қаралы ми­тингiге ұласқан. Қазаққа басқа жұрттан жұққан бiр жаңа салт – осы. Мұнда айтылатын сөздiң бәрi дерлiк жасанды, өтiрiк мақтау-мадақтан тұрады. Әрiптес­терi марқұмның тiрi кезiнде қимаған жылы сөздерiн өлген соң үйiп-төгедi-ай келiп. Мiне, Ғаб­дулмәлiк – Қазақстан ғылымын iлгерi жылжытқан аса көрнектi ғалым, ғылым докторы, республикада бизнес саласын өгiздей өрге сүйреген алғашқы қарлы­ғаш­тардың бiрi, белгiлi қоғам қайраткерi. Жаңа осында оқылған елбасының көңiл айтуы – осы сөзiмiзге толық дәлел… Бұдан ары тыңдап тұрудан жалығып, көп адам терiс айналған шығар-ау!..
Мәссаған! Мына Баубектi қара! Туыстар атынан сол шығыпты қоштасу сөзiн айтуға… Орамалын қолына алып, солқ-солқ жылап тұр иттiң баласы:
– Ұстазым едi, ақылшым едi… Маған әкемнен де артық жақсылық жасаған, менi қатарға қосып, адам қылған – осы Ғаб­дулмәлiк марқұм едi… Мен екi дүниеде ұмытпаймын марқұмның маған iстеген жақсылығын… Қош, аяулы қамқоршым: жатқан жерiң жайлы болсын!
Жан қаралы жиын өтiп жатқан биiк залды айнала ұшып жүрген-дi. Баубек сөйлеп тұрғанда бiр-екi рет танауының алдынан жанаса сүйкеп өттi. Амал не, мына оқиғаға араласуға заттық негiзi жоқ. Әйтпесе, екiжүздi, имансыз иттiң мұрнын бет қылар едi… Ей, кiрi жуылып тазармаған бес-баттам арсыз дүние, сол лас күйiңде қалғаның ғой. Ендiгi заман – Баубектердiкi…
Бұдан арғысы белгiлi. Манағы қалың көпшiлiктiң бәрi болмағанмен. Жарым-жартысы Кеңсай зиратына барып, Ғабдулмәлiкке топырақ салды. Ана жылы қайтыс болған бәйбiшесiне шағындау құлпытас орнатылған екен. Жалған дүниеден де, жас тоқалдан да опа таппаған марқұм ақыры сол бұрынғы қосағына қосылып тыным тапты.
Марқұмның өлi денесi қара жерден орын тапқанымен, шыбын Жаны барар бағыты анықталмай, жетi күнге дейiн осы маңайда жүрiп қалды. Бұл пәниден бақиға қарай бет алатын екi түрлi жол бар екен. Бiрi – сiбiр­леп атқан таңдай көздiң жауын алып, алыстан нұр шашып тұр­ған, тек имандылар ғана баратын Бейiш жолы. Екiншiсi – жол емес, алыстан-ақ адамның құтын қашырып, зәресiн алатын қап-қара үңгiр. Қасына жақындай бергенде-ақ күнәлi пенденi жұмарлап жұтып жiберетiн тозақтың қорқау қақпасы. Жан осы екi жолдың қайсысына бет аларын бiлмей, ғарыштан бұйрық күтiп, бөгелiп қалды.
Оған себеп: уақыт ол жақта да қарбалас, тым тығыз болса керек. Олай болатыны, қазiр жер бетiнде жетi миллиардқа жуық адам бар. Әр секунд сайын бес-алты сәби дүниеге келсе, татар дәмi таусылған төрт-бес пенде бақиға аттанады екен. Соның бәрiн топ-топқа бөлiп, реттеп отыру перiштелерге де оңай соқ­паса керек. Ғабдулмәлiктiң күнәсы мен сауабын таразыға салып өлшегенде, күнәсы басымдау болды әрине. Адамдарды алдап-арбап, артық дәулет жинағаны, халықтың қазынасына қол салып, арам жолмен байығаны, ғұшыр-зекет төлемегенi, кедей-кембағалға қайыр-садақа бермегенi… Тозақтың шартын толтырып-ақ тұр едi.
Ғабдулмәлiктi мұндай ауыр жазадан бiр-ақ нәрсе құтқарып қалды. Ол – кiсi қолынан қаза тауып, шәйiт кеткенi. Алаяқ ағайын мен опасыз әйелдiң алдауына түскен бейуаздығы. Ұлы жаратушымыз аса әдiл де, қайырымды ғой. Ғабдулмәлiктiң кейбiр пенделiк күнәларын кешiрiп, оны бiрден тозаққа салмай, Тозақ пен Бейiштiң арасындағы бейтарап мекеннен орын берiптi. Жан ендi солай қарай бет алды.

Қабдеш Жұмадiлов