Бас тақырып

Жанға жылу, жүрекке үміт сыйлады

Мереке қарсаңында әйелдерге арналған «Мүмкіндіктер жәрмеңкесі» ұйымдастырылды. Әлеуметтік жәрмеңке «Таир» сауда үйінде әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның қолдауымен өтті. Жалпы, әйелдер қауымын қолдау әрі қорғау – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үнемі айтып жүрген мәселесі. Биыл 8 наурыз мерекесімен құттықтаған Президент: «Әйелдерге жан-жақты жағдай жасау, олардың құқығын қорғау және отбасы институтын нығайту – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы. Еліміздің қыз-келіншектері жасампаздық қасиетімен қоғамның құндылықтар жүйесін жаңартуға және Әділетті Қазақстанды құруға өлшеусіз үлес қоса береді деп сенемін», деп атап өтті.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Жәрмеңке барысында қарағандылық әйелдер әлеуметтік және құқықтық мәселелер бойынша кеңес алды. Оның ішінде, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, білім беру, алимент төлеуге қатысты сұрақтарға әлеуметтік қызметтер, мансаптық орталық, полиция және басқа да уәкілетті органдардың өкілдері жауап берді. – 8 наурыз мерекесі қарсаңында біз әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның қолдауымен қоғамдық орында әлеуметтік жәрмеңке өткізуді ұйғардық, – дейді Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Ләззат Ақылжанова.

– Шараға отбасын қолдау институты өкілдері, психологтар, сот орындаушылары және басқалары шақырылды. Бұл барлық мәселелерді қамту үшін жасалды. Сонымен қатар, жас суретшілердің аналарға арналған суреттері таныстырылды. Мұндай көрме алаңдары үш сауда орталығында ұсынылды. Менің ойымша, әр ана үшін баласының шығармашылығын көру қашан да бақыт сыйлайды.

Жәрмеңкеге келген нәзік жандар жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, тегін кәсіптік курстар, өз ісін ашуға арналған гранттар, өздерін қызықтырған басқа да мәселелер жөнінде сұрап, білді.

Сауда орталығына келген әйелдер қауымы мұндай шараның ұйымдастырылуы керек екенін алға тартты.

– Арнайы ұйымдастырылған көрме, таратылған тәттілер нәзік жандарға білдірген ілтипат деп білемін. Түрлі отбасылық мәселелер бойынша арнайы қызметтер мен мамандарға жүгінуге мүмкіндік бар. Мен өзім үшін жаңа нәрселерді білдім. Мәселен, ұялы телефонға жүктеуге болатын SOS батырмасы бар мобильді қосымша жайлы білдім. Бұл қосымша балалардың қауіпсіздігі үшін де жақсы. Мен ол туралы туыстарыма айтатын боламын, – деп бөлісті әлеуметтік жобаға қатысушылардың бірі Гүлмира Ахматжанова.

Көрме ретінде балалардың аналарына арнап салған суреттері қойылғанын атап өту керек. Ұйымдастырушылардың сөзінше, бұл шараға ерекше жылулық береді.

Әлеуметтік мүмкіндіктер мен қолдаудың қажеттігі айқын. Ұйымдастырылған шара осы қажеттіліктен туындайды. Отбасының цифрлық картасының деректері бойынша Қазақстанда 6 миллионнан астам отбасы бар. Төрт және одан да көп кәмелет ке толмаған балаларды тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасылардың саны 539 мыңнан асады. Әйелдер саны 10,1 миллион, оның 4,6 миллионы жұмыс істейді. Экономикалық қызмет түрлері бойынша әйелдердің басым бөлігі білім беру саласында – 79%, денсаулық сақтау саласында – 78%, ал 63%-ы – тұру және тамақтану бойынша қызмет көрсету саласында жұмыс істейді.

Елде балалы отбасыларды қолдау, атап айтқанда тууды ынталандыру, отбасында бала тәрбиелеуге жәрдемдесу, көпбалалы аналардың беделі мен абыройын арттыру, көпбалалы отбасыларды қолдау мақсатында әлеуметтік көмек пен әлеуметтік сақтандырудың көп деңгейлі жүйесі қарастырылған. Қазіргі уақытта 2,5 миллион балалы отбасыға республикалық бюджеттен жәрдемақылар мен мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан отбасының табысына қарамастан әлеуметтік төлемдер тағайындалған.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button