Бас тақырып

Жалдамалы жұмыс жарылқай ма?

«Біз елімізді реформалаудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Осы маңызды міндеттерді сапалы орындауымыз керек. Еліміздің әрбір тұрғыны оң өзгерісті сезінуі тиіс».

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚР Президенті.

«ПЯТАК» ДЕГЕН СӨЗДІ БІЛЕТІН ШЫҒАРСЫЗ?! МҮМКІН, ТАНЫСТАРЫҢЫЗДАН ӘҢГІМЕ АРАСЫНДА ЕСТІП ҚАЛҒАН БОЛАРСЫЗ. БҮГІНДЕ АУЫЗЕКІ ТІЛДЕ ТҰРАҚТЫ ТЕРМИНГЕ АЙНАЛҒАН БҰЛ СӨЗ ҚАЛАЛЫҚТАРДЫҢ ҚҰЛАҒЫНА СІҢІСТІ БОЛЫП КЕТКЕН. СОНЫМЕН, ӘҢГІМЕ – ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫСЫ ЖОҚ, БІРАҚ КЕЗ КЕЛГЕН ЖҰМЫСТЫ ІСТЕУГЕ ДАЙЫН ПЯТАК ЖҰМЫСКЕРЛЕРІ ЖАЙЛЫ.

ЖЕТІМ БҰРЫШ ЖЕТІСТІКТІҢ ЖОЛЫ ЕМЕС

«Пятак» – сөзі орыс тіліндегі – «пять копеек» сөзінен алынса, кейбір деректерде ұры-қары жиналатын орын делінген. Мұны қазақтар «Жетім бұрыш» деп те атайды. Қысқасы, бұл сөз – «құл базары» деген құрғырдың баламасы. Қарағанды қаласындағы Складская көшесі бойы жұмыссыздарға толы. Жылдың төрт мезгілінде де ойдан-қырдан жиналған жұмыссыздар өздерінің күнделікті күнкөріс көзіне айналдырған осы мекенді өз көзімізбен көріп қайттық.

Күннің тас төбеден батысқа сәл еңкейген мезгілі еді. Бір топ адам карта ойнап, өзгелері шүйіркелесіп отыр. Барлығы – қазақ жігіттері. Жалпы саны – 12 адам. Топшылауымша 30-50 жас аралығындағы азаматтар. Беттеріне әжім түскені болмаса, жағдайларының жаман емес екені байқалады. Өйткені, карта ойынының көніне екі жүз теңгеден бастап – бес мың теңгеге дейін бәске тігілген. Жандарына таяп, амандық сұрасқаннан кейін шеткері тұрғанына жұмыс іздеп жүргендігімді айттым. Кенет: «Өзбекстанда жұмыс бар, кеш бата бір топ жігіт жолға шығады. Солармен барып қайт», – деп Айбат есімді азамат мені қолқалай түсті. Өзге мемлекеттен алатын еңбекақыларының нақты мөлшерін айтпаса да, уыстап табатындарын жасырмады. «Өзіммен бірге ертіп әкетемін, қалтаңда жеке куәлігің болса жетеді» – деп тағы қосып қойды. Дәл осы жерге келіп тұрсаң, шетел асу қиын емес болып тұрғаны ғой сонда… «Бақсақ, бақа екен» демекші, нағыз «батпан құйрықтың» өзі ме деп қаласың бұл жерді. Қаласаң – шетел асып, гастарбайтер болып шыға келесің. Бір көргенге «жетім бұрыш» емес, жетістік жолындай көрінеді. Шын мәнінде олай емес қой…

«ПЯТАКТЫҢ» ӨЗ ЗАҢЫ БАР

 Сәлден соң қара «Джип» көлігін тізгіндеген бейтаныс азамат тоқтады. Әңгіме соғып отырған жігіттер көлік тоқтасымен, жүгіре басып солай қарай беттеді. Қара көліктің алдыңғы терезесі ақырын ашылып, орта жастағы ер азамат әлгілермен сөйлесіп жатты. Терезеге төніп тұрған жігіттерге әлгі көзәйнекті кісі ақырын басын шайқап еді, бәрі кейін қайтты. Тек, біреуі ғана көлік жанында қалып, сәлден соң кері оралды. Қара көлік иесі 3 тонна жүкті түсіруге жұмыскер іздеп жүрген көрінеді. Мырзаның сондағы ұсынғаны – адам басына 3000 теңге. Бірақ, бұл пятактың жұмыскерлері кем дегенде адам басына 5000 теңге алады. Оның үстіне 4-5 адам біріге істеп, жылдам ақша табуға мүмкіндік бар. Егер, бұдан да ауыр дүниелер болса, адам саны да, бағасы да артады. Ал, жұмыс беруші болса, неғұрлым аз шығындалғысы келетіні белгілі. Сондықтан, бұларға тиын-тебенмен уақыт жоғалтпай, шетел асып, уыстап ақша алып келген әлдеқайда тиімді. Бірақ… Өзге елде нәпақа табамын деп жүргенде, өз еліңдегі мүмкіндіктен қапы қалу жөн болмас. Жеке бастың қауіпсіздігі тағы бар…

Сұрастыра келе, «пятак ақсақалдары» арасында осындағы «еңбек өтілі» 25-27 жыл болғандар бар екенін білдік. Кейін келгендердің өзіне 5-10 жыл болып үлгерген. Тіпті, мұнда студенттер де келіп, жұмыс істеп кететін көрінеді.

Қалай болғанда да, мұндағылар өз еңбектерінің бағасын біледі. Көлігінің әйнегінен сығалап, «сендерге осы да жетпей ме» дейтін байшыкештермен сөйлеспейді де. Өздерінің «жазылмаған заңы» бар секілді көрінді маған. Бағаны түсіруге болмайды, делдалдық үлеске жол жоқ, түскен табыс тең бөлінеді деген секілді.

МАМАНДАР НЕ ДЕЙДІ?

 Көпір астында сарылып көлік күтіп отыратын жұмыссыздардың қарасы қалың. Бұған құзырлы органдар назар аудармай отыр дейсіз бе? Әрине, бұл мәселе назарда. Жұмыссыздарға арнап қаламыздың түпкір-түпкірінен жұмыспен қамту орталықтарын ашты. Бұрынғыдай құжатыңды қолтыққа қысып, кеңсе аралап жүрмейсің де. Ал, осындай мүмкіндіктерді жұмыссыз жандар қалай пайдаланып жүр? Осы мәселенің тоқетерін білмекке Қарағанды қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту орталығы мамандарының мәліметтеріне жүгінген едік. Деректерге сүйенсек, жыл басынан бері орталыққа 9787 адам хабарласып, 7484-і (76,5 %) әртүрлі бағдарламалар арқылы жұмысқа орналасты. Соның ішінде, 6525 адам тұрақты және уақытша жұмыс орындарына орналасыпты, 959 адам кәсіптік қайта даярлау курстарына жіберілді. Жыл басынан бері 1227 адам жұмысын жоғалту бойынша жәрдемақы алу құқығын иеленген.

Аптасына 2 рет халық көп жиналатын орындарда көшпелі үгіт-насихат өткізіліп, әр аптаның жұма күндері қала мешіттерінде көпшілікпен ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Бөлінген 2 сағат уақыт ішінде осы пунктерге келетін жұмыс іздеушілердің қарасы 50-70-тен артық болмаса, кем болмайды екен. Ал, бір айдың ішінде 300-ге жуық жұмыс іздеуші болатыны анықталған. Қарағанды қаласы бойынша осынша жұмыссыздардың бары толғандыратын дүние емес пе?

Мемлекет жұмыссыз жүрген, еңбекке қабілетті адамдарды тіркеуге алып, қызметке орналасуға жәрдемдеседі. Соның ішінде мемлекет тарапынан бөлінетін жалақысы бар қоғамдық жұмыстар мен әлеуметтік жұмыс орындарына ұсынып, 29 жасқа толмаған жастарды жастар практикасына жібереді. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында халықпен жұмыс жасайды. Ал, әлеуметтік көмектің тек жұмысынан айырылған жағдайда ғана төленетіндігі белгілі болды. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға мемлекет бағдарламасы бойынша жұмыс ұсынып, тұрақты жалақыны қамтамасыз етеді.

Көпір астынан нәпақа күткен «пятак» жұмыскерлерімен де ақпараттық жұмыстар атқарылған. «Ол жердегі адамдар тұрақты жұмысқа тұруды қаламайды. Табысы өздеріне жетеді және сол жұмыстары өздерін қанағаттандырады екен» – деп, баса айтты жұмыспен қамту орталығының мамандары.

Шетел асып, ақша табуды көздеген азаматтарымыз түрлі қиын жағдайларға тап болмасына кім кепіл? Өйткені, шетел асқандардың бәрі өз құқығын толық біле бермейді. Шындап кіріссе сол нәпақаны өз елімізде жүріп-ақ табуға болады ғой. Сонымен қатар, тұрақты жұмыс болмаса зейнетақы қорына жарна аударылмайды. Айлығы аз болса да, тұрақты жұмысқа тұрып, тек табыс табуды ғана ойламай, елдің, жердің өркендеуіне өз үлесімізді қосуды ойлайтын күн туды емес пе?

Осылайша, мынау қызылды-жасыл әлемге көпір астындағылардың да көзімен қарап көрдім. Жалпы, өз табыстары өздерін жарылқап тұр. Бірақ… Осы бір сөздің астарында күрмеуі күрделі түйін жатыр. Мәселен, бір ғана жаздың аптап ыстығы мен қыстың үскірік суығынан денсаулықтарына келетін залалдың өзі неге тұрады?

 Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button