Жалған ақпарат таратқан тұрғын ұсталды

Жезқазған қаласында үш адамнан коронавирус анықталды деп аудиожазба таратқан әйел ұсталды. Полицейлер әлеуметтік желіге мониторинг жүргізген кезде жалған ақпарат таратып, халықты дүрбелеңге салған адамның кім екенін анықтаған. Енді ол 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

«ҚР ҚК 274-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды (телекоммуникация желілерін пайдалану арқылы көрінеу жалған ақпарат тарату). Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде 32 жастағы қала тұрғыны анықталды», — деді ПД баспасөз қызметі. Қарағанды облысының полиция департаменті азаматтарды әлеуметтік желілерде пайда болған қауесеттер мен жалған ой-пікірлерге құлақ аспауға шақырады. Мемлекеттік органдардың ресми мәліметтеріне ғана негізделу қажет. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары осындай қылмыстарды жасағаны үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін еске салады.