Бас тақырып

Таэквондошылар жаңа залға қашан жариды?

Облыстық таэквондо спортына демеу керек. Қарапайым спортшыларды былай қойғанда мүмкіндігі шектеулі спортшылар дайындық залынан тарлық көруде. Тіпті, таэквондоға киетін киім де жетіспейді. Бұл туралы Қарағанды облысындағы Бүкіләлемдік таэквондо федерациясының Президенті, облыстық бейімделу таэквондосы бойынша 3-4 санаттағы жаттықтырушы, 2 дәрежелі қара белбеу иегері Асқар СМАНҚҰЛОВ жеткізді.

Жергілікті әкімдіктен қолдау болады деп күтілуде. Атап айтқанда, спортшылар дайындалатын алаң мәселесі. Қазіргі орынды жалға аламыз. Біздің топ дайындығын тәмамдағанша екінші топ тренерімен кезекте тұрады. Сондықтан, дайындыққа уақыт шектеулі. Әкімдіктен 200 шаршы метр орын сұраған едік. Десек те, 400 шаршы метрде артық етпес еді. Қарамағымда16 тәлімгер бар. Оның тең жартысы дене қыздырып түрлі жаттығу жасағанда, бір шетінде жартысы дайындық жекпе-жегін өткізердей кең алаң бізге қажет-ақ. Оның ішінде арнайы жуынатын орны болса тіпті жақсы еді.

Оның үстіне мына жердің түрін көріп тұрсыздар. Жаңа жабдықтар, маттар, герман грушалары керек. Сондай-ақ, дамыған елдерде сайысқа түсер әр таэквондошының электронды киімі бар. Оның құрамына электронды шлем, кеудеше (протектор), электронды шұлық (футы) арнайы магнитті кіреді. Бұл киім – халықаралақ аренада өнер көрсеткенде әділетсіздіктің алдын алуға зор көмек, – дейді Асқар Сманқұлов.

Бапкердің сөзіне сүйенсек, электронды киімді тек шетелдік компаниядан ғана алуға болады. Бұл киімді Қазақстанға жеткізуші жалғыз орын ғана. Оны алу үшін де арнайы рұқсатнама қажет. Бір электронды шлемнің бағасы 830 мың теңге. Олар азиялық «KPNP» шлемі және еуропалық «Dae do» шлемі болып бөлінеді. «KPNP» шлемі тек соққының нақтылығын ғана өлшесе, «Dae do» шлемі бұл – басқа жасалған барлық санаттағы соққыны ұпаймен толық көрсетеді. Жанамаланған соққыны да есепке алады. Оған электронды кеудешені (протектор) қосыңыз. Оның бағасы 800 мың теңге. Аяққа киетін шұлығы (футы) 50 мың. Әрбір киімдегі арнайы магнит соққының дәл өлшемін экранға шығарады. Олар 1 келіден 100 келіге дейін соққыны өлшеуге арналған. Мұндай киім тек 60 жекпе-жек өткізуге арналған.

Қазіргі таңда екі жаңа шлем сатып алынды. Әрқайсының бағасы – 830 мың. Олар спортшыларға тек басқа елдегі жарыстарда ғана беріледі. Өйткені, өзге елде әділетсіздік көп болуы мүмкін деген күдік бар. Бұдан біршама жыл бұрын алынған кеудешелер ескірді. Олар қазір кисеңіз, соққыны бірден өлшемейді. Әбден тозған. Себебі, таэквондода көбінесе соққы аяқпен жасалады. Күнде соққы алған соң көпке шыдамайтыны белгілі, – деп Асқар бапкер бізге қазіргі таэквондо мектебінің спорт киімдерін көрсетті.

Расында, қарын ашарлық-ақ екен. Ескірген, тігісі қақырап, құрымы қажалған тоспа (лапалары), қолғаптар тозығы жеткен, сыры кетіп, тек сапалылығының арқасында аман тұрған кеудешелерді көргенде, осындай жағдайда сурдлимпиада чемпионы Аян Әбдіраштың суырылып шыққанына сене алмадық…

Жалпы, қарапайым санаттағы спортшыларды есептемегенде бізде мүмкіндігі шектеулі 16 спортшы дайындалады. Олар қол-аяғы жоқ, есту, сөйлеу қабілетінен айырылғандар. Бұл спортшыларға әкімдік тарапынан көмек беріліп жатыр. Жәрдемақыдан бастап, тұрғылықты жаймен де қамтамасыз етілуде. Бүгінде аяққа тұсау – жаттығу залы мен арнайы жабдықтар және киім мәселесі – дейді Асқар Сманқұлов.

Аймақта бүгінде құрылыс саласы қарқынды. Қала көркейіп, экономика жандануда. Сол көркі көздің жауын алатын түрлі ғимараттардың бірінің маңдайшасында «Қарағанды облыстық таэквондо мектебі» деген тақтайша тұрса, кешегі батыр Мұстафа Өзтүріктің аруағы риза болып, жасөспірімдер арасынан жаңа жеңімпаздар шығар ма еді?!…

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button