Басты тақырып

Жакузи жасау қолдан келеді

   Жакузи жасау қарағандылықтардың да қолынан келеді. Мәселен, Қарағандыдағы «Сантехпром» ЖШС аталған салада он бес жылдан артық маманданып келеді. Өндірген өнімінің сапасы да ауыз толтырып айтарлықтай. Тұтынушыларының басым бөлігі – шет мемлекеттер. «Сырт көз – сыншы» деген. Өзінде жақсы тұрғанда өзгенің мүлкін сатып алмайды ғой олар. «Бұл – «Сантехпром» тауарының сапасына берілген лайықты баға» деп білуге әбден болады. Және бір айтары, осы «Сантехпром» кәсіпорнының өнімі 2010 жылы «Халық маркасы» сыйлығымен марапатталды…

Әсілінде, «Сантехпромның» тарихы әріден тамыр тартады… Әуелде Қарағанды жылу жабдықтары зауыты ретінде құрылған кәсіпорын алғашқы жылу радиаторын 1963 жылы шығарды. 1965 жылы алғашқы шұңғылша (раковина) тұтынушыларға жетті. Ал, 1989 жылы зауытта бірінші рет эмальданған өнімдер өндірісі жолға қойылды. Сөйтіп, Кеңес Одағы ыдырар тұста зауыт аумағында оннан астам цех жұмыс істеп тұрды. Өндірілген өнім ауқымы бойынша Одақ көлемінде үздік үштіктен көрінді.

Іле-шала жеткен тоқырау жылдарында өзге кәсіпорындармен бір­ге қарағандылық зауыттың да шаруа­шылығы шатқаяқтады. 1991 жылы зауыт «Теплоприбор» АҚ аталып, өндірісті сақтап қалуға едәуір күш салынғанымен, айтарлықтай нәтиже шықпады. Нарықты арзанқол қытайы тауарлар жаулап алған кезде жергілікті өнімге сұраныс мардымсыз еді. Тек, қазіргі құрылтайшы Владимир Крючковтың еселі еңбегінің нәтижесінде зауыттың тамырына қан жүгірді десек те болады.

Крючковтың бастамасымен 1999 жылы «Арқа-ванна» аталған серіктестік 2003 жылы «Сантехпром» ЖШС құрамына енді. Міне, сол уақыттан бастап нарықтағы бәсекеге бел шеше араласқан кәсіпорын жыл санап қуатын арттырып келеді. Бүгінде «Сантехпром» – еліміздегі санитарлық-техникалық бұйымдар шы­ғаратын маңдайалды өндіріс ор­ындарының бірі.

Арнайы барғанымызда бізді қар­сы алған бас директордың орынбасары Инна Радченко өндіріс барысымен таныстырды. Қазіргі таңда зауыт үш бағытта жұмыс жасайды. Яғни, «White Wave», «Optimo», «Эва» брендтерімен эмальді ванналар мен жакузилер, «Fresko» маркалы акрильді ванналар және «Sole» маркалы жылу радиаторлары шығарылып келеді. Зауыт жылына 550 мың эмаль, 20 мың акрильді ванна мен 240 мың жылу радиаторын өндіруге қауқарлы.

Мұнда акрильді ванналардың 12 түрі бар. Зауытқа келіп, талғамыңызға сай тапсырыс беруге де болады.

Инна Владимировнаның айтуынша, бұл – Кеңестік дәуірдегі өндіріс қуатының бестен бір бөлігі. Әйтсе де, осы көлемнің арқасында компания шетелдік және отандық өндірушілер арасында алдыңғы лектен орын алуда.

Компания «жасыл экономика», жылу ресурсын үнемдеуге бағытталған бағдарламаларға белсенді қатысып келеді. Келер жылы Астанада өтетін «ЭКСПО» көрмесінің құрылысына бір кісідей араласуда. «Базис» құрылыс компаниясымен тығыз жұмыс істейді. Білсеңіздер, «Базис» Елордада ауқымды құрылыс нысандарын қолға алған ұйым. «ЭКСПО» алаңындағы құрылыстағы үлесі де қомақты. Міне, осы компания тұрғызған барлық құрылыстарда «Сантехпромның» радиаторлары орнатылып келеді. Бұл радиаторлардың сапасына көңіл толарлықтай. Радиаторлардың 10 жыл үздіксіз қызмет етіп бере алатынына компания кепілдік береді.

Зауытта «LAPPLE» және «MULLER» неміс технологиялары енгізілген. Отандық және шетелдік шикізат қолданылады. Кіршіксіз сапаның арқасы ғой, «Сантехпромның» тауарына шетелдіктердің қызығушылығы ерен. Бүгінде ISO 9001:2008 сапа менеджменті жүйесіне сәйкес ванналар мен радиаторларды Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Украина, Молдова мен Белорусь сынды мемлекеттер сатып алуда. Өнімнің 60-80 пайызы шет мемлекеттерге экспортталады.

Инна Владимировна зауыт толық қарқынмен жұмыс істемей тұрғандығын айтады. Өндіріс қуатының жүктемесі небары 45-47 пайыздық деңгейден аспауда. Себеп – шикізат тапшы. Ваннаға қажетті қаңылтырмен қамтамасыз етуді міндетіне алған «АрселорМиттал Теміртау» АҚ тиісті деңгейде шикізат жеткізбей отыр. «Соның салдарынан бірқатар тапсырыстардан бас тарттық», – дейді бас директордың орынбасары.

Бұрынырақ кәсіпорын отандық автокөлік өнеркәсібіне де атсалысуға ұмтылған еді. Мақсат – Қазақстанда құрастырылатын көліктердегі қазақстандық құрамды арттыру. Алайда, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі тарапынан қолға алынған бастама аяқсыз қалды. Металлургия саласындағы отандық өндірушілер көлікке қажетті қаңылтыр дайындауға қауқарсыз екендігін алға тартып, жоба жүзеге аспады.

Десек те, бойын тіктеп, ісі алға басқан «Сантехпром» ЖШС кейінгі жылдары сапаға да баса көңіл бөлуде. Аталған мақсатта «Бәйтерек» холдингінің грантын жеңіп алып, шетелдік мамандарды шақыртуға мүмкіндіктер алды. Менеджмент саласындағы семинарларда тәжірибе алмасып, әлемдік озық технологияларды өндірісте жүзеге асырды. Нәтижесі сол – серіктестік өнімдері бірнеше мәрте республикалық, халықаралық байқауларда топ жарды.

Мәселен, 2008 жылы Қазақстанның «Дайын отандық өнімнің үздік экспортері» атанды. 2009 жылы «Алтын сапа» ұлттық байқауында «Жылдың мінсіз тауары» аталымына ие болды. Сол жылы Халықаралық экология академиясының «Экологиялық таза өнім» реестріне енгізілді. 2010 жылы «Қазақстанның үздік тауары» аталымын қанжығаласа, 2010 жылы «Мінсіз сапасы үшін» аталымында «Халық маркасына» лайық деп танылды. Былтыр «Алтын сапа» сыйлығына қол жеткізді.

Серіктестік басшылығы әлеуметтік салаға жіті назар аударды. Осында жұмыс істейтін 320 еңбеккер толық әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, кәсіпорын түрлі қайырымдылық шараларына ұйытқы болып келеді. Әлеуметтік жобалардан қалыс қалып көрген емес. Маңайда орналасқан мектептер мен балабақшалар, балалар үйлері «Сантехпромның» шарапатын көріп келеді. Бұл да кәсіпкер Крючковтың бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мәселесіне жауапкершілікпен қарайтындығын айғақтағандай.

«Сантехпром» жаңашылдықты өндірісте жүзеге асырудан қашқан емес. Халықаралық нарықтың бүгінгі талабына сай өндіріс тетігін жолға қойған. Келешекте Еуразиялық Экономикалық Одақ шеңберіндегі жұмысты күшейтіп, өзге де мемлекеттерге тауар экспорттау жолдарын қарастыра бермек.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Суреттерді түсірген автор.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button