Жаңалықтар

ЖАҚСЫЛАРДЫҢ ЖАЛҒАСЫ

Жақсылар демекші, ел аузында «Жақсылардың соңы – Телқозының Шоңы» деген сөз бар. Бұл есім ел басқаруда ақылмандығы мен парасаттылығы  арқылы есте қалған өз өлкелесіміз Шоң болыс һәм би турасындағы тобықтай түйінге тұжырымдалған бағам тұрғысында мәлім. Заман тозып, жайсаң сиреп, алдағы бұлдыр  күн сыңайынан  үміт үзіліп бара жатуда күйіндірген шер білінер де болар бұдан.

Әйткенмен «Толқыннан толқын туады, толқынды толқын қуады» дегендей өмір бар жерде ештеңе өшпейді, әрине. Халқына жаққан жақсылар жалғасып келеді. Олар елді биіктетсе, соларға қарап өсуші ұрпақ та сүйсінерлік. Осындай жақсылардың шоқтысы, ел жүрегімен бірге соққан жүрегін, ел тынысымен біте қайнастырған өмірін, ел берекесін көтеруге сіңірген еңбегін бақытына бағалаушы әңгімемізге арқау азаматтың да орны ерекшелігін атауға болады.  Бұған халқына жарты ғасырға жуық қалтқысыз қызметі куә, елдестері аузынан тасталмайтын  жарқын істері айғақ. Жаңа заманға қалыптасудың өтпелі  күрделі кезеңдерінде  Елбасы тапсырмасын тиянақты жүзеге асыруда қайыспай алға жол бастап, мемлекет мүддесіне сай   батыл байламдарға барып жұмыс істеуі   туған жері дәулеті мен көркіне айналған жеміс. Міне, осы мақсатта абырой биігіне көтерілген, есімі елге елеулі Дауылбай Мейрамұлы  Құсайыновтың  өмір жолын алға тарта айтқанда тұлғалық бейнесі сүйсінтері ақиқат.

Оның осындай жолға түсуі, өсуі  алыстағы  аядай  ауылдан  бастау алып еді-ау. Шамасы кешегі дәуірдің  жетпісінші  жылдары  басы   болар, бірде соның алдында құрылудан кейін етек-жеңі түзеліп қалған «Балықтыкөл» кеңшарындағы ағайындарға сәлем беріп  бардық. Бұл Қарағанды облысының Нұра ауданындағы қой өсіруге бағытталған шаруашылық болатын. Бас есепші Жұмтай Құнанбаев ағамыздың үйіне  есіктен жүзі жадырап кірген бір кісі «Қосқопадан келіп тұрған бетім. Біраздан бері сырттай байқауымша  биыл оқуын бітіріп келуші  ондағы жас механик ширақ жігіт секілді. Бөлімшедегі бұрыннан жүруінен тұруы көп машина-тракторларды жөндетіп, қатарға қостырып  қойғызыпты.   Мұнда жұмысқа кіріскеннен бастап механизаторлардың жайбасарлығы, салдыр-салақтығы сейілді. Білімі талабына сай жақсы маман болып өсетін азамат сыңайлы тегі»  деді. Қай басшы білікті кадрды қаламаса керек, шаруашылық директоры Қорабай Досжановтың айтса-айтқандай, сол қуанышы тегін болмады.

Бұл жай бәлкім, естен шығып кетер ме еді, егер бес-алты жыл өткенде енді айналадағы  дүниеден тысқары   қалған ауыл  Көкөзектегі үлкендер аузынан Қорекең айтқан есім жадымызды жаңғырықтырмағанда. «Трудовик» кеңшарының тұрғылықты жұрт мұң-мұқтажына құлықсыздау, түсінуге керенау басшылары  арасындағы   жалғыз бауырластың    өздеріне деген жанашырлығы сүйсінтіпті. Келешегіне  үлкен үміт артарлық  жас ол кездегі үрдіс бойынша   алдымен  саяси іс жетекшісі етіп тағайындалуша   белді қызметі арқылы  үйлері  іргесіне шейін егілген егін азын-аулық мал ұстауға қиналдыру, бұл  аздай -ақ өзектер бойындағы жайылымдарға  картоп отырғызу  қоса  тығырыққа тіреу  қыспағын тоқтатқан  екен.

Одан біраз уақыттан соң  Нұра ауданының  әкімі тұрғысында көпшілік көңіліне қонған  жағымды істері құлаққа шалына бастағаны бар. Бұл аралықта облыстық деңгейдегі жауапты қызметте ысылу, аудандық ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы міндетін атқару мектебінен өтіп көтеріліпті.  Сөйтіп, еңбегі ерте танытып, ерте өрлеткен азаматтың талапты  басшы ретінде де, халқы  арқа тұтқан азаматы  ретінде де кемелденуі аумалы-төкпелі, айқай-шулы, дабырлы  тартысты  уақытқа  кез келуін атап өтетін жайт. Жұрттың жүйкесі жұқарулы, құлдырау күйзелдіруші, табыс көзі жоқ, амалсыздан қолдағы малын сатып,  үдере көшкен тоқсаныншы жылдардың ең бір күрделі шағында  ауыр жүкті арқалау оңай болмауын тек бір өзі жүрегі білсе, бізге  жеткізу қиын. Дегенмен «Намыс – ер қайрағы»  дейтін сөз  шындығын  Елбасы сенімін, елі  үмітін ақтау үшін  аянбай қызмет етудегі қайраттықтан, қайсарлықтан, табандылықтан   аңғара аламыз.

Қазір ойлап қараса, ауданның бүгінгі тынысын зерделесе біраз істер ізсіз болмапты. Ең алдымен іргелі шаруашылықтардың  жоғары жақтан жауған нұсқауларға қарамастан  ұсақ, жеке-жеке  қожалықтарға бөлінбей ыдыраудан сақталуы   осы күнде еңбеккерлеріне  жайлы  болуымен марқаяды көңілі.  Диқан қауымының   ұйымдасқан түрде  еңбек етуді қолдауына сәйкес  жаңаша орын басып, істі жаңғыртушы   «Қайнар, «Шахтер», «Пржеваль» ЖШС-тер  байырғы қалыпта 30 мың гектардан астам алқаптан жылына миллиондаған пұт  алтын дәнді қамбаға құяды.

Жалпы алғанда  жекешелендіру бойынша кеңшарлар  таратылып, әркімнің пай үлестерін алып, өзінің қалаған шаруасымен шұғылдануға еріктілігіне ешқандай қысым жасалған жоқ. Бірақ  бәрі бірдейінің ісінің оңғарылып кетуіне мүмкіндік аздығы, кедергі көптігі жауапты адамдарды  ойлантбай қала алмаған. Әрқайсысының әрі салғанда 100 немесе 200 гектардан артық жерге егін егуге  әл-шамасы жетпеуі   өлкенің  негізгі саласы астық өндірісінің  жергілікті экономикадағы үлес салмаған төмендетпеу, жыл сайынғы 300 мың гектарға дейін дән себілу көлемін кемітпеу үшін ірі шаруашылықтар шаңырағын шайқалтпау шараларын  белгілетті. Жұртпен ақылдасу, кеңесу  жиындарында жағдай ашық түсіндіріліп,  еншілеріне тиесілі жерлерді біртұтас серіктестер сеніміне  тапсыру, соларға бірігу пайдалы екені жеткізілді. Мұндай шараға құлық білдірушілер  бұрыннан етене таныс, жақсы біліс Георгий Прокоп, Сейітжаппар Нығметов, Ықсан Тәттібеков, Сейілхан Қонырбаев  секілді  жаңашылдар   басқаруындағы буындарға  топтасты.

– Өз алдына бөлек егін егуге ұмтылушылар бастапқыда аз болмады. Ал, жұмыстың бар жүгі мойындарына түскенде біразы тез айнып қалды. Техниканың жарамсыздығы, тұқымның тапшылығы, қаржының жетімсіздігі не атқартып, не тындырта қойсын. Мұндай шатқаяқ  хал-күйде астықты мандытып өндіру мүмкін еместігі түсінілді.  Осыған байланысты бірегей қадамға бастап, тірек, қорған бола білген Дауылбай Мейрамұлының ұйымдастырушылық, іскерлік, байыпты шешімді қасиеттері  бәрімізге зор күш берді, ілгерілеу отын үрледі. Оның  осындай сын кезеңге  қажетті  қырынан танылуы  аудан бағы болды десем, артық айтқандығым емес, – дейді «Шахтер» ЖШС жетекшісі Георгий Георгиевич Прокоп.

Әр нәрсенің бағасы уақыт өте келе білінер емес пе. Сол уақытта өздегімізді тосырқай қарап, еленбеген бұл шараға енді ғана өріс ашылып, кооперативті ірілендірілген шаруашылықтар қатарын ұлғайту, ауыл – село кооперациясын дамыту  қолға алынып жатса, нұралықтардың  соның үлгісін жиырма жыл бұрын көрсетуі ауданды еліміздегі ең ірі астық аймақтарының біріне айналдырды. Сонымен қатар, басқа салалардың қоса жетілдірілуі   табысы көлдей, талабы таудай агроөнеркәсіптік кешендер қалыптастырды. Мәселен, «Қайнар» егінмен бірге асыл тұқымды мал өсіру тізгінін тең ұстаса, «Шахтер» бидайдың бағалы тұқымдарының жылына 10 мың тоннасын өндіруге қол жеткізсе,  «Отқанжар» жоғала жаздаған құйрықты ұяң жүнді «Қарғалы» қойын өріске толтыруда. Игілігін  еңбеккерлері  көріп келеді. Зәулім мектеп, мәдениет үйі, сәнді балалар бақшасы, тойхана, келісті спорт кешені, сыңғырлаған тұрғын үйлер мекендері көркі, ауқатты тұрмыс өмірлері шырайы.

Осылайша із салынған  береке бастауларын  берік жалғастырған, кәсіпкерлікті ұштаған, нарық сұранысын дәл сезінуді үйренген диқандар бидайлық алқаптардың біраз  бөлігін экспортқа да, өзімізде де өтімді майлы дақылдар және бұршақ тұқымдастармен кеңейтіп жатыр.

Өткен  еске түсуде қазір Дәукеннің өзі де қайран, бас көтеруге шама шамалы, бірі орындалса екіншісі қылтиятын іркес-тіркес мәселелердің қайткенде қиюын табуға, күрмеуін шешуге   мойылмаған ерік-жігерге.  Ал олар аз болмады.  Қаладағыларша текетіресу, ереуілдесу, алып-ұшпа әрекеттерге барысу мұнда да болмай қалмады. Басқа-басқа, көздері ашық, көкірегі ояу дейтін мұғалімдердің өзі «Шахтер» ауылын азан-қазан қылуы жанға батты. Сабақ беруді  тоқтатып, жалақы бүгін-ертең төленбесе мүлдем төбе көрсетпеу  пиғыл  ауданға оңай соқпады. Онсыз да анау тұстан, мынау тұстағы  дүрбелеңдер   мойын бұрдырмауға қарамастан әкім өзі барып кездесті. Бір емес, бірнеше рет барды. Жағдайға  байланысты ауыр болса да ашық әңгіме қозғалды, жан-жақты талданып айтылды. Оқушылар ұстамсыздығына ұрсушы ұстаздар ойланды. Ақыры аптығу басылды. Сол мұғалімдер  әкіммен кездесе қалғанда «Дауылбай Мейрамұлы, бізден бір шыдамсыздық, білместік болды. Күні бүгінге шейін соған ұяттымыз» деп кешірім сұрап, өкініш білдіріп жатады. «Жақсыда кек жоқ» деген. Ол оқиға ұмытылғалы қашан.

Бұған іле  көмірін өндіруге аузы арандай ашқандардың  тағдыры  қыл үстіндегі   Шұбаркөлді тастап бас сауғалап қашқақтауы қосылды. Дер сәтінде   кеніш тұрғындарына  аудан көмек қолын созбағанда жағдайы болжаусыз-тын. Қақаған қыста азынаған үйлерге жылу беруге  әкімнің өзі күні-түні бас-көз болуын шұбаркөлдіктер әлі  ұмытпаған. Тап  осы кезде Теңіз ауданы Нұраға қосылып, осынау шеткері  аймақты тезірек алға тартудағы аялы  қамқорлық теңіздіктер де есінен кетпейді. Зейнетақы төлемі кібіртіктеп, қарттар көзі төрт болуда мемлекеттік  қызметкерлер мен кәсіпкерлердің  арнайы құрылған көмек қорына ақша аударуы арқылы қолдау ұйымдастыру шарасының шапағаты  да жұрт жадында.

– Мезгілінде  қолға тиіп тұратын зейнетақымыз аяқ астынан көзден ұшып, айлар бойы түсімізге кіріп, қатты торығып, тағатымыз таусылғандай болғаны бала-немерелерімізге   сенгісіздей. Ниет берік болса, қандай да ауырлық алынбай қоймастығына сонда көзіміз жетті. Әкім бастап, қызметтестері қостап,   жалақыларынан   біздерге көмек қорына ақша аударуы қолдаушылыққа жол салды. Азаматтарымыз арқасында елдігіміз танылды. Қиындық бір күнгідей болмады, – деп  алғысын жаудырушы  нұралық  абыз ақсақал Әбділда Хамзиндей аға буын  ризалығы шексіз.

Қайдан білсін, осындай қысылшаң кезде көшіп келіп жатушы ағайындар алдарына  ерулік  әрі ел мен ел қосылуға шашу жоралғысында мал салып берілді. Қанша айтқанмен таныс ортаға қоныстану, сан ұлт аралас қауыммен табысу жеңіл ме, әуелде абыржушы қандастар жылылыққа, бауырмалдыққа еңселері көтеріліп, көңілдері жайланды. Соны жұртқа септіруші ретінде Дауылбай  Құсайыновтың ұлтын сүйген перзенттік парызы жарқырай көрінуі де осы  тұс. Айта берілсе, әкім қызметін атқарудың 11 жылындағы түгел шолып  шығу мүмкін еместей  іс-шаралардың бір шоғыры ғана бұлар. Жаратылысында жан-дүниесі байыпты ол мұны артық міндеттер санамайды. Халық алдындағы  жоғары  жауапкершілік жүгін   ақтай алуды абырой санайды.

«Тегінде бар тегі озар» дегендей әкесі Мейрам ауыл-аймақ аузына қараған, қамқорлығын арқаланған кісі болыпты. Соғыстан соң ес енді жинала бастаған кезде ұжымдық шаруашылықты  басқарған. Алдыңғы қатарлы еткен. Бәрінен бұрын аш-жалаңаш жұртына жақсылығы көп тиген. Кеудесіне кезіндегі ең мәртебелі марапат- Ленин ордені тағылған. Осындай әке жолын көрген бала қалайша  осал болсын! Қанға қонған қасиет өмірінің өн бойына өнеге тұтылды.

Бұдан соң  ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайлануы өміріндегі үлкен белес болды. Ауыл шаруашылығының өзекті мәселелерін ұдайы көтерудегі, үнемі Үкімет назарына аудартудағы білікті ой-пікірлері, құнды ұсыныстары еңбеккерлер тілеуінен шығуымен ерекшеленді. Фермерлерді субсидия беру арқылы істерін ширатуға арналған заңнамалық негіздер қабылдануына ықпал етті. Өңірлерге жұмыс бабындағы сапарлардағы кездесулерде субсидия немесе жеңілдетілген несие деген ақшаны қалтаға бастыру емес, алға қойылған мақсатқа жетуге қолдау екенін, сондықтан тиімді ұқсата білу керектігін ұғындыруы талай адамға пайдасы тиюін білеміз.

Елу жыл елге адал қызмет – екінің бірінің қолынан келе бермейтін қасиет. Дауылбай Мейрамұлының көрнекті еңбек жолы осындай. Ойға алған арманы, қойған мақсаты ел игілігіне асты. Соның құрметі кеудесінде жарқыраған «Парасат», «Құрмет»  ордендері мен медальдардан көрінеді. «Нұра ауданының  құрметі азаматы»   атағы халқы берген мәртебе.

Өнегелі өмір шуағы  үлкен  шаңырағына  да шексіз. Ортасына үлгілі ұрпақ тәрбиеледі. Әкелеріндей міндеттеріне мүлтіксіз, қызметтеріне адал. Ұзақ жылдар ат үстінде жүруінде азаматын алаңдатпай   отбасына ұйытқы болушы Ғалия жеңгеміздің  айналасына  сыйлылығы бір бөлек.

Туған ауданында  ізін басқан Ниқанбай Омархановтың үлгісінше  әріптестері  үлкен-кіші бәрі  оны Дәу аға  атайды. Кісілік келбетіне жарасымды құрметтілік    жүрекке жылы тиеді. Жасында    үлкендер қолдарына су құйып,  «Дәу жігіт бол!» дейтін  алғыспен өсуге орай  аталар тілеуі келгендей-ақ .

Дәу аға, Дәукеңнің  жетпістің белесіне көтерілген  кемел  шағы  бүгін. Нұрасы жағынан ескен астық иісі мен сүйікті ісіне   сағыныш  үйде қарап отырғызбайды. Құшағына  бәрін сидыратын  жанына жақын  адамдар ортасынан табылуға асығып  жүреді. Оларға да тамаша. Өмірден түйген-тоқығаны көп ардақты ағаларының  айтар  ақыл-кеңестері  ұмытылмас  сабақтай әрдайым. Біліктілік байытып  тастайды. Ой өсіріп тастайды.

Төлебай салдың  Шоң биге қаратып

Ағасы жақсы қандай-ды –

Мұнарланып  атқан таңдай-ды.

Інісі жақсы қандай-ды –

Ынтымақты бұзбайды,  – деп толғауындай біріне  аға, біріне іні жақсының жандарында жүруі бір ғанибет.

                            Айқын Несіпбай.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button