Жаңашыл жастар жәрмеңкесі
Кеше облыста «Студенттік хоббиден табысты бизнеске дейін» жәрмеңкесі онлайн-форматта өтті. Шара облыстық экономикалық пәндер оқытушылары әдістемелік бірлестігінің жұмыс жоспары шеңберінде ұйымдастырылды.
Кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарының студенттері және облыс мектептерінің 9-11 сынып оқушылары қатысқан жәрмеңке Ж.Бөкенов атындағы Қарағанды банк колледжінің бастамасымен өтуде. Ұйымдастырушылар кәсіпкерлік бастаманы дамыту арқылы жастардың кәсіпкерлік қызметке қызығушылығын арттыруды мақсат тұтып отыр.
Бұл жолы жәрмеңке онлайн-режимде өткізілгендіктен, ZOOM платформасында «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының, банк саласының және қаланың шағын несие ұйымдарының өкілдері атынан ұйымдастырушылар, әлеуметтік әріптестер сөз сөйледі. Жәрмеңкенің негізгі қатысушылары оқушылар мен студенттер болғандықтан, олар көптеген бизнес-идеялардың негізін құрайтын және жәрмеңкеде ұсынылған өнімдерге енетін өздерінің қызығушылықтарымен бөлісті.
Облыстың 27 колледжі және 16 мектебінен 160-тан астам студенттер мен оқушылар бұйымдарын ұсынды. Жұмыстар handmade қағидаты бойынша қызықты бағытта ұсынылды. Олардың қатарында әшекейлер, ойыншықтар, ашық хаттар, кәдесыйлар, тоқылған бұйымдар, аспаздық өнімдер және тағы басқалар бар.
Қазақтың қолданбалы өнер туындыларын шығармашылық бағытта дамытқан жастар көпшіліктің қолдауына ие болды. Алдағы уақытта облыс жастарының қолдан істеген стартаптарына қолдау көрсетем деушілердің жәрмеңкені ғаламтор арқылы тамашалап, өнімдерді сатып алуына болады.
Аяулым СОВЕТ.