Руханият

Жаһанды құтқарған Желтоқсан…

Посткеңестік елдердің азаттығына алғаш жол ашқан, ұлтты мәжбүрлеу арқылы зорлықпен бірыңғай Совет азаматы жасалмайтынын әлемге әйгілеген, алпауыт державаның астамшылығын әжуалап бетіне басқан, өз еліндегілерден бұрын өзге елдер үлгі көріп, оң бағасын берген, өз Отанында желтоқсан айының жалғыз-ақ күні естілері ғана еске алатын, Екінші дүниежүзілік соғыстан соң қазақ жастарын аяусыз жаусатып кеткен, жастарын жаншу арқылы ұлт психологиясына үрей мен қорқыныш уын сепкен қайран да қайран ЖЕЛТОҚСАН біздің ай еді осы!

 

Желтоқсанды білмейтін ұрпақ…

Басқасын айтпағанда, әлемдік тарихтағы Алаш баласының айтулы ерлігі – Желтоқсан көтерілісі. Жарты құрлықты халықтар түрмесіне айналдырған державаның өктемдігіне қарсы шыққан қазақ жастарының демократиялық көтерілісі. Онда тәуелсіздік деген сөз болған жоқ, Үкімет басына Колбинді әкеп қойғанға қазақ жастары алаңға шыға салды деу – тарихи сананың төмендігі. Әлемді құтқарған Америка дегендей әңгімелер айтылып жатады ғой, тура сондай қазақтың қандай ісі бар десе, мен Желтоқсанды атар едім. Осы күнге дейін тарихи орны, саяси бағасы толық ақталмаса да, кейбір әлемдік сарапшылар мойындап қойғанына дерек жетерлік. Соншама үлгіге айналған Желтоқсан көтерілісі қазақ санасынан өшпес дегенбіз. Түптің-түбінде үміт ақталарына сенгенбіз. Олай болмай шықты, бірақ. 30 жылдық тәуелсіздіктің алғашқы ширегін айтпағанда, кейінгі 5 жылда мектеп бітіріп, колледж, жоғары оқу орындарына түсе бастаған ұрпақтың көбі 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен мақұрым екені байқалады. Ұлт тарихында үлкен орын алуы тиіс маңызы зор көтеріліс, әлем халықтары айрықша назар аударған атаулы оқиға. Алашорда үкіметі бастаған ұлт-азаттығы жолындағы ұлы сапардың заңды жалғасы осылай елеусіз қалмағы есті жанды мазалайды. Әйтпесе, «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында Президент ҚасымЖомарт Тоқаев арнайы тоқталар ма еді? Әйтпесе, «16 желтоқсан қандай күн?» деген сұраққа жеткіншектер «соғым соятын күн» деп жауап берер ме еді?.. Желтоқсан көтерілісі тұрмақ, Тәуелсіздік күнін атамаған. Сонда біз кімдерді тәрбиелеп, неге мәз болып жүрміз?..

Иә, желтоқсан – біздің ұлттың тағдыры. Бұл айда бір өліп, қайта тірілген қазақ. Өксіп тұрып, қайта қуанған. Осы құлағаным құлаған шығар деп үмітсіз жатқанда, арада 5 жыл өткенде азаттықпен қауышқан. «Құдайсыз қурай сынбайды». Демек, Тәуелсіздік те Тәңірінің жазуы. Алаш баласына азаттық қандай қадірлі болса, Желтоқсан көтерілісінің қадір-қасиеті одан кем соқпауы тиіс. Олай болмады екен, опасыз ұрпақ тәрбиеледім дей бер. Ал, «опасызда Отан жоқ» деп мен емес, халық айтқан. Мәселе – «желтоқсанда қырылдық» деп жылауда емес, сондағы жастар бойындағы намыс пен жігер қуаты бүгінгі ұрпақ санасында болмауында.

Азаттық дегеннен шығады. Елбасының «Тәуелсіздікке қол жеткізу де, оны баянды ету де оңай емес. Азаттық алумен іс бітпейді. Тәуелсіздікті сақтап қалу үшін заманға сай амалың болуы керек екен» деген сөзі бар. Біздіңше, Желтоқсан көтерілісінің мұраты тәуелсіз санадан туған. Аты-жөні белгісіз сырттағы біреуді ел басына әкеп қоя салғанға, бойын ашу-ыза кернеген жастар бір-ақ күнде бұрқ ете қалды. Демек, халық өзімен санаспағанға ызадан көтерілген. «Басшымызды өзіміз сайлаймыз» дегені – ұлттың бас бостандығын талап етуімен пара-пар әрекет. «Ақырып теңдік сұрағаны!» Жалғыз бұл ғана емес, мұның астарында халықтың кеудесінде бәлен жылдан бері қордаланып, тынып жатқан шершемен дәл осы күні жарылғанын тарихшылар жақсы түсіндіреді. Неше жылдан бергі зорлық пен зомбылық, жосықсыз кемсіту, қазақ мектептерінің жабылуы, қоғамдық орындарда қазақ тіліне тыйым салуы, ақыр аяғында осының бәріне Дінмұхамед Қонаевтың орнына басшылыққа Колбинді қойғаны себеп болып шыға келді. «Ой түбінде жатқан сөзді шер толқытып шығарғандай» (Асан қайғы) құбылыс бұл да. Және бұған дейін жазылып жүргендей, тек «Алматыдағы жаппай толқулар» емес. Қарағанды, Жезқазған, Павлодар, Көкшетау, Арқалық, Талдықорған, Жамбыл, Талғар, Сарқан, тағы басқа қалалар да көтерілген. Қазақ даласы жаппай өре түрегелді деген сөз. Сол кездегі жастардың көкірек көзі ояу, қайратжігері берік болғаны. «Отан үшін отқа түсуге» даяр ондай жалынды жастарды қазір тәрбиелей алып отырмыз ба? 16 желтоқсанды сұрағанда, соғымды айтып тұрса… Осыдан 2 жыл бұрын газетке материал дайындау үшін сауалнама жүргізгенде, он шақты студенттің бірекеуі ғана білген Желтоқсан көтерілісін. Оның өзінде шет жағасын ғана шамалайды. Әйтеуір, хабары бар. Қалғаны жарытпаған. Әлгі екі-үш студенттің аздап хабары болғанымен, түйсініп, сезінгені шамалы… Ендігі ұмытып та қалған шығар. Президент ҚасымЖомарт Кемелұлының «Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек» дегені жерде қалдыратын сөз емес, сондықтан.

Дерек – дүдәмал ойға жетелейді

Дерек көздерінің қай-қайсы болмасын, «Желтоқсан көтерілісі лайықты бағаланбай келеді» дейді. Алып-қосар жоқ оған. Жаңаша, тәуелсіз көзқарас керек-ақ. Тіпті, қанша қазақ шаһид кешті, қаншасы қудаланды, ұрыпсоққаннан нешеуі зардап шекті, нақты мәлімет жоқтың қасы. Бертіндегі дерек көздердің көбінде «Желтоқсан көтерілісі» деп атала бастағаны байқалады. Ғаламтордағы уикипедияда көтеріліс деп таңбаланыпты. Бұл тақырыпты зерттеп жазушылардың көпшілігі солай жаза бастағаны қуантады-ақ. Тек қана «99 адам сотталды, 264 студент оқудан шығарылды» дегендей деректер ақылға сыймайды.

«17 желтоқсан күні таңертеңгі сағат 8-де алғашында 300-дей адам жиналып, кешкісін көтерілісшілер саны 20 мыңға жетті. КСРО ІІМ-нің бұйрығы негізінде дайындалған «Құйын-86» операциясы бойынша көтеріліс қатыгездікпен басып жаншылды.

18 желтоқсан күні алаңға қайта жиналмақ болған көтерілісшілерге қарсы әскер күші қолданылды. Көтерілісшілердің қалған топтарын ығыстыру үшін жедел отряд, милиция мен жасақшылардан арнайы топтар құрылып, қала көшелеріне аттандырылды.

Осы әскери күштер 19 желтоқсан күні қаланың әр тұсында қайтадан шеруге шықпақ болған 6 топты басып, таратты. Алаңдағы көтерілісшілер таратылған соң ішкі істер бөлімдеріне 2401 адам жеткізілген (Алматы түрмесіне сыймағандықтан, қала сыртына апарып тасталғандарды қосып есептегенде барлығы 8 мың 500 адам ұсталған). Желтоқсан көтерілісі құрбандарының қатарында Е.Сыпатаев, С.Мұхаметжанова, К.Молданазарова, Қ.Рысқұлбеков, М.Әбдіқұлов, Л.Асанова сынды ержүрек қазақ жастары бар». Бұл – әзірге қолдағы бар ресми мәлімет. Түрмеге сыймағандарын… жүк көлігіне артып (өлісі қанша, тірісі қанша?), қала сыртындағы «свалкаларға» төге бергенін растайтын дерек жетерлік.

8 мыңнан астам жастың жартысының жартысы ғана өлім құшты деген күннің өзінде, қалғаны – мүгедек, жарымжан болып қалмады деп кім айта алады?.. Тән жарасынан гөрі санасезімге түскен жан жарасының зардабын ешкім сылып тастай алмайды. Сана мен рухқа түскен сызат адам ағзасымен қоса жасап, ұрпағына да берілетінін ғалымдар баяғыда дәлелдеп қойғанын жазады Таласбек Әсемқұл…

Әлем не дейді?

Алаңдағы жастарды тоқтату үшін Алматы әскерилеріне көмекке Фрунзеден – 100 милиция, Ташкенттен – 300, Челябіден – 203, Новосибирскіден – 203, Свердловскіден – 225, Тбилисиден – 450 әскерилер тартылған. Жастарға қарсы «Бұрқасын-86» жоспары бойынша әскери күш жұмылдырылған. Өрт сөндіру көліктері суық сумен атқылап, адамдарға қарсы арнайы дайындықтан өткен иттерді салып қойғанын «Аллажар» фильмінен көргенде, жаның түршігеді. Әлем не дейді бұл көтеріліс туралы? КСРО-ның ыдырауына тарихи тұрғыдан негізгі рөл атқарғанын айтады әлем. Оны кейін 1991 жылы болған Ыстықкөл саммитінде М.Горбачев ресми мәлімдеген. Желтоқсан құбылысын әлемдік деңгейге көтеріп, жұртшылықтың назарын бұруда америкалық Хельсинки тобының еңбегі ерекше көрінеді. Бұл топ Желтоқсанды «М.Горбачев билікке келгелі бері болған халық наразылығының ең бірінші және жойқын көрінісі», – деп, алғашқылардың бірі болып таныды. Сондай-ақ, олар көтерілісті «тек Қазақстан ғана емес, бүкіл Одақ көлеміндегі ірі тарихи құбылыс» атап, «бұл жаңа кезеңнің басталуы» деп мойындаған. Осылайша, Желтоқсан жаңғырығы Сумгайт, Баку, Тбилиси, Вильнюс құбылыстарына жалғанып, еуразиялық сипат алды. Дерек көздері «Варшава блогына» кіретін социалистік елдердің бұдан былайғы жерде саяси-экономикалық, әлеуметтік, ұлтаралық, сондай-ақ, шекаралық ахуалын қайта қарауына, бағалауына орасан ықпал жасағанын жеткізеді. Солай бола тұра, отандық ғалымдардың сылбырлығынан ЮНЕСКО 25 жылда бір шығаратын «Дүниежүзілік тарих» деп аталатын анықтамалықта: «КСРОның тоталитарлық жүйесіне тұңғыш рет қарсы шыққан демократиялық үрдістер Тбилиси мен Вильнюста бастау алған» деп жазып жібергені белгілі болып отыр. Мұның соңына түсіп, түзетуге немесе құлаққағыс қылуға талпынған зерттеуші, болмаса институт бар ма, жоқ па, ол жағы белгісіз.

Қорыта келгенде, біздің ұлттық тарихта Алаштану институты сияқты Желтоқсан зерттеу орталығы құрылып, халықаралық аренада орны бар бұл тақырып түбегейлі зерттелмей, олқылықтың орны толмайды… Президент мақаласында айтқандай, жүйелі зерттеу мен жоспарлы жоба болмай, бірен-саран тарихшылардың жекелеген еңбектерімен мәселенің мәнісіне жету қиын. Бүгінгі тарихшылар алдына «Әлем және Желтоқсан» деген тақырыпты уақыттың өзі қойып тұрғанға ұқсайды.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button